Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында өткен VI сайланған аудандық мәслихаттың кезекті XXIV сессиясы өтті.
Оған аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Жәнібек Тұрдағалиев, мәслихат депутаттары, ауылдық округ әкімдері мен бөлім, мекеме басшылары қатысты. Сессияға дейінгі мәслихаттың тұрақты комиссияларының біріккен мәжілісінде аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына орай атқарылған жұмыстар, өткен жылға арналған аудандық бюджеттің орындалысы туралы тиісті орындардың есебі тыңдалды.
Сессия жұмысында 2017 жылғы аудандық бюджеттің орындалысы туралы хабарлама жасаған аудандық экономика және қаржы бөлімінің меңгерушісі Құралай Сәлімгерееваның айтуынша, өткен жылы аудандық бюджеттің нақтыланған кірістер бөлігі 100,8 пайызға орындалса, шығыстар бөлігі 99,9 пайызды құрап отыр. Мұның себебі, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 10 ауылдық округтердегі 11 жобаға бөлінген қаржы 77, 5 пайызға игеріліп, толық орындалмауынан. Яғни, Сағыз ауылдық округі бойынша тауардың уақытында жеткізілмеуінен болса, Тасшағыл ауылдық округінде мемлекеттік сатып алуда келісімшарттың дұрыс жасақталмаған. Сондай-ақ, кісі көмегін қажет ететін үйлерге әлеуметтік көмек көрсетуге қаралған қаржы да 99,6 пайыз игерілген.
Бұдан кейін өткен жылғы аудандық бюджеттің атқарылуы туралы баяндаған Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Сырымбет Сәрсенғалиев:
– Тексеру комиссиясының негізгі мақсаты – мемлекеттік аудит және сараптамалық талдау іс-шаралары барысында анықталған кемшіліктерді жою жөнінде шаралар қабылдау. Есепті мерзім ішінде қаржыландырылған 21 бюджеттік инвестициялық жобаның 12-сі іске асырылып, алтауы келісім шартқа сәйкес кейінгі жылға қалдырылса, үш жоба бойынша жұмыс аяқталмаған. Тексеру комиссиясы өткен жылғы білім саласына, ауылдық округтерге және ауданның бюджеттік бағдарлама әкімшілігіне бөлінген бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын, мемлекеттік активтерінің басқарылуына мемлекеттік аудит жүргізді. Мемлекеттік аудит кезінде 95 объектіден анықталған бұзушылықтар қамтылған қаражаттың 44,1 пайызын құрап отыр. Мұның ішінде қаржы бұзушылықтар, әкімшілік бұзушылықтар, бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау бар. Тексеру нәтижесімен 23 қаулы қабылданып, анықталған кемшіліктерді жою, болдырмау жөнінде 221 нұсқама, 1040 тапсырма берілді. Бүгінгі күні берілген тапсырмалардың 96,9 пайызы орындалды. Сондай-ақ, 346 лауазымды тұлғаға ескерту, сөгіс түрінде тәртіптік шаралар қолданылса, 83 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 7 милллион 132 мың теңгенің көлемінде айыппұл салынды. Білім бөлімі бойынша бухгалтерлік және қаржылық есепті жүргізу ережесінің талаптары сақталмауы, еңбек ақылары, табыс салығы, іссапар шығындары бойынша төлемдердің дұрыс есептелмеуі, күрделі жөндеу жұмыстарының мекеме теңгеріміне алынбауы, ал, ауылдық округтерде мемлекеттік сатып алу, заңнамаларды бұзу жүйелі бұзушылықтар қатарында болып тұр, – деді.
Сондай-ақ, сессияда Мұқыр ауылдық округі әкімі Аман Жанұзақовтың өзіне жүктелген функциялар мен міндеттерді орындауы туралы есебі тыңдалды. Хабарлама бойынша пікір білдіріп, ұсыныстарын жеткізген аудандық мәслихат депутаттары Толқын Бейсқали, Альберт Аққайнанов, Алтынзер Баймұратова, Сайлаубек Темірғалиевтер ауылдық округ бойынша мүйізді ірі қара мен қой ешкіден қан алу кенже қалуда екенін, елдімекендерде тазалықтың, ит-мысық ату жұмыстары өз деңгейінде жүрмей отырғанын, Жамансор бастауыш мектебінде ахуалдың төмендігін, мемлекеттік рәміздердің заңдылыққа сәйкес еместігін тілге тиек етті.
Сессияда сөз сөйлеген аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Жәнібек Тұрдағалиев:
– Бюджет қаржысының тиімді және уақытылы игерілуі ауылдық округі әкімдерінің, бөлім басшыларының үнемі назарында болуы қажет. Тексеру комиссиясының жұмысының қорытындысы бойынша жіберілген кемшіліктерге орай жауапты адамдарға тиісті әкімшілік тәртіптік шаралар алынды. Сондықтан, бұл жағдайды қатаң ескере отырып, алдағы уақытта кемшіліктерге жол берілмеуі қажет. Ал, Мұқыр ауылдық округі бойынша айтылған кемшіліктерді түзетуді округ әкімі жуық арада жүзеге асыруы тиіс, – деді.
Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ.