Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы атыраулық жастармен кездесті

Биыл 5 қарашада республикада аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау өтеді.

Пилоттық режимде қолға алынған саяси дода елімізде үш қала мен 42 ауданда ұйымдастырылады. Соның ішінде Атырау облысында Исатай және Қызылқоға аудандарының әкімдері алғаш рет халықтың тікелей таңдауымен сайланады.

Мұндай талап-міндет – өркениетке, демократиялы қоғамға қол созған реформалардың жемісі. Бұл туралы саяси дода қарсаңында өңірге іссапармен ат басын тіреген республика Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтың Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетіндегі студенттермен кездесуінде басым айтылды. Маруся Асабаева атындағы креатив орталығында өткен басқосуға 150-ден аса адам қатысты.

Спикер аудиторияға жиналған жастардан әуелі ауыл әкімдерін сайлаудың қазіргі және бұрынғы тәртібі туралы сұрады. Сауал аясында оның ерекшеліктері туралы жаңа ақпараттар беріп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

– Қазіргі сайлаудың бұрынғыдан ерекшелігі зор. Бұрын аудан әкімдерін облыс басшысы мәслихат депутаттарының келісімімен өзі тағайындай беретін. Ал, қазіргі жаңа жүйе бойынша ендігі уақыттан бастап аудан әкімдері тікелей халықтың сайлауымен ғана тағайындалады. Жалпы, бұған дейін республика бойынша 1800-ге жуық ауыл әкімі тұрғындардың сайлауымен тағайындалды. Ендігі уақытта аудан әкімдерін сайлау да пилоттық жоба ретінде осындай міндетпен жүргізіледі. Былтыр елде Бүкілхалықтық референдум өтті. Мұнда Конституцияның үштен бір бөлігіне өзгерістер енгізілді. Өзім еліміздің Орталық сайлау комиссиясының төрағалығына өткен жылы Қаңтар оқиғасынан кейін келдім. Содан бері елімізді аралап, тұрғындармен ашық кездесулер өткізуді талап етіп жүрмін. Жалпы, бүгінге дейін халық арасында 61 кездесу өткізіп, 10 мыңға жуық азаматпен жүздестім. 400-дің үстінде нақты ұсыныс алдым, – деді Нұрлан Мәжитұлы.

Жиын барысында студент жастарға сауалнама ұсынылды. LED экранға QR код шығарылып, студенттер осы арқылы арнайы дайындалған жеті сауалға жауап берді. Мұнда электронды платформада дауыс беру, Президент сайлауы, мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлау жөніндегі сұрақтарға жауап берілді. Сауалнаманың нәтижесі лезде шығарылып, әр сұраққа ой-пікірлер ашық талқыланды. Сонымен қатар студент-жастар көкейде жүрген сауалдарын қойып, еркін форматта пікір алмасты. Одан әрі астаналық мейманның облыстағы сапары Исатай ауданында жалғасты. Ертең Қызылқоға ауданына барып, сайлауалды дайындық жұмыстарымен танысады.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT