Миялы ауылдық округінде орналасқан №144 сайлау учаскесі таңертеңгі сағат 7.00-де өз жұмысын бастады. Учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Берік Бейіс комиссия мүшелерінің, байқаушылар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен сайлау ережесін қысқаша түсіндіріп өтті.
Оның айтуынша, аталмыш сайлау учаскесіне 1699 сайлаушы тіркелген. Оның 18-і мүмкіндігі шектеулі жан. Өтініштеріне сәйкес оларға үйлеріне сайлау жәшігі апарылады. Мемлекеттік Әнұран ойналған соң дауыс беру басталды. Алғаш болып Миялы ауылының тұрғыны, «ОФ Серт Секьюрти» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкері Қайрат Биғалиев дауыс берді.
Жақында ғана 18 жасқа толған Азамат Дүйсен:
«Сайлауға бірінші рет қатысып отырмын. Аудан әкімін сайлауда өз таңдауымды жасадым» дейді.
Оларға сайлау учаскесінің төрағасы алғыс айтып, естелік сыйлық табыс етті.
Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ