«Байтақ» жасылдар партиясының Жамбыл облыстық сайлауалды штабы 18 ақпанда құрылып, қазіргі уақытта өз жұмысын жүргізіп келеді. Бүгінде депутаттыққа кандидаттар 10 аудан бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Жуырда Партиядан Мәжіліске кандидат Сапар Абдрахметов облыстық, қалалық мәслихат депутаттығына кандидаттармен бірге «Жамбыл-су» МКК ұжымымен үгіт-насихат кездесуін өткізді. Үміткерлер партияның мақсат-міндеттеріне тоқталып, Жамбыл облысындағы экология мәселесінің маңыздылығы жайында айтты. Қала тұрғындарының тұрмыс жағдайын жақсарту мәселесі талқыланды. Соңғы бірнеше жылда еліміз экологиялық мәселелермен, соның ішінде ауаның ластануы, өндірістік және тұрмыстық қалдықтар, су тапшылығы, радиоактивті ластану және басқа да өзекті мәселелермен бетпе-бет келді. Атап айтқанда, Жамбыл облысының орталығы – Тараз қаласындағы кәріз жүйелерінің суы мен шайынды суларын сүзу алаңдарының тазарту қондырғылары көп уақыттан бері жаңартылмағандықтан, экологиялық апат қаупін төндіріп отыр. Шайынды су, қала іргесіндегі Жамбыл ауданының аумағына, атап айтқанда, Жамбыл, Қостөбе елді мекендеріне жайыла бастады. Соның салдарынан жерасты сулары, ауыз су да ластанып отыр. Тараз қаласының кәріз жүйелерінен шыққан лас су мен өндіріс, өнеркәсіп қажетіне пайдаланылған шайынды су кез келген уақытта төтенше жағдайға ұшыратуы ғажап емес. Ал «Байтақ» жасылдар партиясының белсенділері Шымкентте тігін фабрикасына атбасын бұрды. Қаладағы сайлауалды штаб өкілдері еңбек ұжымымен кездесіп, саяси құрылым тұғырнамасының негізгі бағыттарын таныстырды. Елде жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформалар төңірегінде ой өрбітіп, алдағы науқанның маңыздылығы туралы пікір алмасты. Сонымен қатар байтақтықтар қоршаған орта мен экологиялық мәселелерге қатысты жұмысшылардың пікір-ұсыныстарын тыңдап, сауалдарына жауап берді. Партия өкілдері кәсіпорын жұмысымен де танысты. Тігін фабрикасы 2013 жылы ашылған. Қазір мұнда 70 адам еңбек етеді. Фабрика тапсырыс арқылы арнайы киімдер тігеді. Айта кетейік, партияның республикалық және өңірлік штабтары кестеге сай жұмыс істеп жатыр.