Еліміздің еңсесін көтеру жолында еселі еңбек ететін аудан әкімін сайлауға бей-жай қарамайтын Жангелдин ауылдық округіне қарасты №146 сайлау учаскесінде дауыс беру таңғы сағат 7:00-де әуелі еліміздің әнұраны шырқалудан басталды.
Одан соң, Жангелдин ауылының тұрғындары дауыс беру кезегіне көшті. Бұл ретте, аталмыш учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Лес Хамидуллин:
- Бұл сайлау елдің де, қоғамның да дамуына зор үлес қосады деп ойлаймын. Себебі, өз әкімін өздері сайлаған соң халық кез келген уақытта одан жұмысты талап етеді. Әрі халық сайлаған әкімнің ел алдында жауапкершілігі де зор болады. Мысалы, бұрын аудан әкімдері облыс әкімінің бұйрығымен, жергілікті мәслихаттың келісімімен тағайындалса, енді әкім таңдау халықтың өз қолында. Бұл ашық қоғам құруға жасалған нық қадам. Бүгінгі таңдауымыз елдің игілігі үшін жасалып жатқан шара деп есептейміз. Өзіңіз байқағандай, Жангелдин ауылының халқы да бұл сайлауға аса ықыласпен қатысып, таңғы сағат 7:00-ден бері дауыстарын беруге ағылып жатыр,-дейді.
Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА