Бүгін Қызылқоға ауылдық округінде ауыл әкімін сайлау өтуде. Ауылдық округі құрамындағы Қарабау және Бұхар елді мекенінде 782 сайлаушы бар.
Аталмыш ауылдық округі әкіміне үміткер болып үш кандидат тіркелді. Қарабау орта мектебінде орналасқан №153 сайлау учаскесінде ертеңгілік сағат 07.00-де Мемлекеттік Әнұран орындалған соң үміткерлердің сенімді өкілдері мен бақылаушылар қатысуымен аталмыш сайлау учаскесінің төрағасы Абзал Шоқан сайлаудың маңыздылығына қысқаша тоқталып өтті. Бұдан соң дауыс беру басталып, ауыл тұрғындары өз таңдауларын жасай бастады. Сайлау учаскесіне ерте келген ауыл тұрғыны Амандық Өтегенов бірінші болып дауыс берсе, одан кейін Ідірісов, Нұрғалиевтар отбасы келді.
– Қазіргі уақытта сайлаушылардың 27 пайызы дауыс берді. Түстен кейін аталмыш сайлау учаскесінің комиссия мүшелері округке қарасты Бұхар елді мекеніне барып, дауыс жинайды. Қарабау ауылынан 13 шақырымдай қашықтықта орналасқан бұл ауылдан 29 сайлаушы дауыс беруі тиіс. Сондай-ақ комиссия мүшелері өз өтініштері бойынша денсаулықтарына, қарттығына байланысты сайлау учаскесіне келе алмайтындардың тұрғылықты жеріне қажетті бюллетень қағазы мен сайлау жәшігін алып барады. Қарабау ауылында 31 адам үйден дауыс беруге өтініш берді, - дейді №153 сайлау учаскесінің төрағасы Абзал Шоқан.
Өз тілшіміз