Нашақорлық – жеке адамның ғана емес, бүкіл қоғамның қауіпсіздігі мен дамуына кері әсер ететін күрделі әлеуметтік мәселе. Бұл дерт ең алдымен адамның денсаулығын күйретіп, оның өмірге деген құлшынысын жояды, отбасылық құндылықтарды әлсіретіп, қылмыстың көбеюіне жол ашады.
Әсіресе жастар арасындағы нашақорлықтың таралуы – ел болашағына төнген үлкен қатер. Қазіргі таңда есірткі заттары түрлі айла-тәсілдермен, оның ішінде интернет пен әлеуметтік желілер арқылы да таратылып отыр. Бұл жағдай алдын алу шараларын күшейтуді, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізуді талап етеді. Нашақорлықпен күрес тек құқық қорғау органдарының міндеті емес, бұл – ата-ананың, білім беру мекемелерінің, қоғам белсенділерінің және әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Нашақорлықтың алдын алуда салауатты өмір салтын насихаттау, жастарды спортқа, білімге, еңбекке баулу аса маңызды. Сонымен қатар тәуелділікке ұшыраған азаматтарды қоғамнан шеттетпей, оларды оңалту мен қайта әлеуметтендіру шараларын дамыту қажет.
Жұмақайыр БЕРТІЛЕУОВ,
дәрігер



