060500 Қызылқоға ауд Миялы а Қ Сәтбаев 1 +7 (71238) 21738 mialy44@mail.ru

АУЫЛ ӘЙЕЛДЕРІ ІСМЕРЛІККЕ БЕТ БҰРДЫ

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру керек. Қазақстанның әр өңірі жаппай кәсіпкерлікті, соның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамыту бағытында кешенді шаралар ұсынуға тиіс»,- деген болатын.

k

Осыған орай, Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың қолдауымен, облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының ұйымдастыруымен ауданда әйелдер кәсіпкерлігін дамыту және қазақ қолөнерін жандандырып, кеңінен насихаттау мақсатында екі күндік шеберлік сабағы өтті. «Арман» мәдениет үйінің дәлізінде өткен шараға Миялы, Жангелдин, Ойыл, Жамбыл, Тасшағыл ауылдық округтерінен жұмыссыз жүрген қыз-келіншектер қатысып, заманауи технологиямен құрақ көрпе тігуді, ұлттық нақыштағы әшекей бұйымдар жасауды үйренді. Шеберлік сағатын өткізу грантын «Білім болашақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Әсия Мухсинова жеңіп алып, қолөнер және бейнелеу өнерінің шебері Әсел Өтебаевамен бірге қыз-келіншектерді ісмерлікке баулыды. Екі күнге созылған сабаққа қатысушылардың ынтасы жоғары екендігі «әп» дегеннен-ақ байқалды. Жас шамасы 21-50 жас аралығындағы қатысушылар бірі бұрыннан іс тігумен айналысып жүрген тігінші, ісмер қыздар болса, екіншілері бәрін жаңадан бастап, іс тігудің қыр-сырына қанығып, жаңа нәрселер үйренуге ұмтылды. Алғашқы күні шебермен бірге құрақ көрпені қалай тігу керектігіне қанықса, келесі күні ұлттық нақыштағы әшекейлерді жасап үйренді.

k

Міне, сол шеберлік сағатынан едәуір тәжірибе жинақтаған ойылдық Гүлназ Серікова: – Шеберлік сабағынан үйренгенім көп. Әйел баласына тігіншілік жат нәрсе емес қой. Дегенмен, ортаның аты орта, тәжірибенің аты тәжірибе ғой. Екі шарадан жақсы дүниелер тігуді үйреніп, қолым әбден жаттығып қалды. Бұрын қажет кезінде барлығын қолмен тігіп жүретінмін. Енді іс машинамен де жұмыс жасап көрдім. Адамда талпыныс, үйренуге деген құштарлық болса барлығында үйреніп алуға болады ғой. Осындай шараның өтуіне зор септігін тигізген аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөліміне алғысымды айтқым келеді, – деген пікір білдірді. Ал, ауданға арнайы келіп тәжірибесімен бөліскен қолөнер және бейнелеу өнерінің шебері Әсел Өтебаева: – Шеберлік сағатына қатысушылардың барлығы білсем, үйренсем деп келіпті. Екі күнде барлығын үйреніп алды деп айта алмаймын. Десе де, қызығушылықтары жоғары. Қазіргі заманда әйел аналарымыз үй шаруасында отырса да, өз кәсіптерін бастап тігіншіліктен басқа да қолынан келетін дүниемен айналысса жақсы емес пе?! Қызылқоғалық шеберлік сағатына қатысушылармен қимай қоштасып жатырмыз. Сабағымыз тамаша өтті деп ойлаймыз, – деді. Шара соңында қатысушыларға сертификат табыс етіліп, барлығы естелік суретке түсті.

Гүлмира МАҚСОТҚЫЗЫ

Әкім жұмысына баға беріңіздер

Аудан әкімінің жұмысына қандай баға бересің?
Елді мекендердің тазалығына қандай баға бересіз?
Әкім тағайындалғалы ауданда жұмыссыздық деңгейі өзгерді ме?