Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

МӘДЕНИЕТ ҮЙЛЕРІ ТАЛАПҚА САЙ МА?

Әлбетте, елдің рухани қазынасы саналатын мәдениет үйлерінің аудан мәдениетін биіктетуге қосатын үлесі зор.

Ендеше, олардың бүгінгі жәй-күйі, қысқы маусымға дайындығы қандай деңгейде? Міне, өткен аптада аудан әкімі Арман Баженовтің төрағалығымен болған мәжілісте осы мәселе жан-жақты талқыланды. Алдымен, баяндама жасаған аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жарас Есенғалиевтің айтуынша, ауданда 51 мәдениет мекемелері халыққа қызмет көрсетеді. 2013 жылы «Арман», Жангелдин, «Самал», «Шұғыла» мәдениет үйлері, аудандық орталық кітапхана, 2014 жылы Қаракөл мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті. Қазіргі таңда, «Шалқыма» мәдениет үйі күрделі жөндеуді қажет етсе, Мұқыр, Тасшағыл, Қызылқоға ауылдық округтеріне мәдениет үйлері керек. Аудандағы барлық мәдениет үйлері қысқы маусымға дайын. 6 мәдениет үйі («Арман», Жангелдин, «Шалқыма», «Самал», Қаракөл, «Шұғыла») бөлек газ жылыту қондырғысымен қамтамасыз етілген. «Еспай», Тайсойған, Тасшағыл, Мұқыр ауылдық клубтары мекемемен бірге жылытылады. Қажетті заттар бойынша округ әкімдеріне сұраныс берілген. Қысқы маусымға дайындық жайын егжей-тегжейлі сұраған аудан басшысы Арман Баженов: – Округ әкімдері мәдениет үйіне қажетті сұранысты бердіңіздер ме? Берілген сұраныс неліктен тиісті бөлімге уақытылы жетпей отыр? Аудан бюджетін жоспарлағанда сіздердің сұраныстарыңызға қарай қаржыны жоспарлаймыз. Ал, сұраныс жоқ болса қажетті заттарды біз қайдан білеміз? Насос, гарелка дегенді ала алмасақ ол қалай болмақ? Қыс ортасында жылу жүйесі істен шықса кім жауап береді? Осыны ойландыңыздар ма? Қысқа дайындық осылай жүрсе кейін не болады? Өз жұмыстарына жауапсыздық осыдан басталады. Неге жауапкершілік төмен? Артылған жауапкершілікке салғырттықпен қарауға бола ма? – деп жауапты мамандарды сынға алды. Бөлім басшысының түсіндіруінше, алты айда жеті аудандық байқау ұйымдастырылып, өткізілді. Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында «Тіл-шебері», О.Бөкей, А.Құнанбаев атындағы көркемсөз оқу шеберлері, «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» байқаулары өтті.

b

Сонымен қатар, «Көктем ханшайымы-2019», «Қызылқоға әуендері-2019», «Елім менің» атты аудандық байқаулары ұйымдастырылды. Коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорындар болып құрылған мәдениет мекемелері халыққа көрсетілетін қызмет түрлерін жаңарту, қазіргі уақыт үрдісіне сай жаңа жұмыс түрлерін ұсыну арқылы өз бюджетін толықтырып келеді. Алты айда осы қызметтен 2 111 720 теңге қаржы түсіріп, өткен жылмен салыстырғанда 379968 теңгеге артты. 2019 жылдың 6 айы ішінде ақылы мәдени-көпшілік шара ұйымдастырудан – 1188170 теңге, балаларға арналған шаралардан 144 300 теңге, музыкалық аппаратураны, ұлттық киімдерді, мекемені жалға беруден 779 250 теңге табыс тауып отыр. Алдағы уақытта мәдениет үйлеріне қажетті материалдық-техникалық базаларды дамытуға бөлінген қаражаттың мақсатты игерілуін қамтамасыз етіп, мәдениет үйлеріне жас мамандарды тарту, ұлт-аспаптар оркестрінің жұмысын жандандыру үшін қаржы мәселесін шешу және Сағыз ауылдық округі кітапханасы жанынан «Коворкинг» орталығын ұйымдастыру жұмыстарын жасау жоспарда бар. Міне, осылайша мәлімдеме жасаған аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жарас Есенғалиев: – Мәдениет үйлерінің жұмысын жандандыру бағытында әр мәдениет үйлері арасында рейтинг тағайындап, оған тоқсан сайын рейтинг шығарылып, жыл соңында қорытындыланып, үздік шыққан мәдениет үйіне қомақты қаржы мен сыйақы беру жағы қарастырылса деген ұсыныс бар. Қазіргі таңда, «Арман» мәдениет үйінің төбе жабындысынан көгершін, жарқанаттар ұя салғандықтан ішкі залға неше түрлі құрт құмырсқалар төгілуде. Осыны реттеу керек. Аудан орталығы Миялы ауылында өтетін әр түрлі конкурстарға, байқауларға округтерден келіп қатысушылар қиындықпен келеді. Себебі, қаржы қаралмаған. Сондықтан, іссапар шығындарын жолға қою үшін қаржы бөлу жағы қарастырылса жақсы болар еді, – деген ұсынысын айтты. Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Арман Баженов: – Мәдениет үйлерінің жанындағы үйірмелер үнемі жұмыс жасап тұру керек. Концерт алдында ғана дайындықтан өткізіп, сахнаға шығаруға болмайды. Үйірменің нәтижеге бағыттталған жұмыстары болуы қажет. Біздің ауданда би өнері кенже қалып келеді. Осы бағытта ілгерілеушілік болғанымен, әлі де ізденісті қажет етеді. Ақылы қызметте мәдениет үйлерінің жоспары алты айда орындалмай отыр. Неге? Қызметтеріңізге қызығушылық жоқ па? Халықтан да сұраныс бар. Неге орындалмай отырғанына саралау жүргіздіңіздер ме? Жасалған жоқ. Мәдениет үйлері жоспарды орындамаса неге жоспар беріледі? Олардың жұмысын қалай бағалаймыз?

Қазіргі уақытта мәдениет саласына қамқорлық ерекше. Бөлініп жатқан қаржы да қомақты. Жасалған жұмыстардың нәтижесі болуы керек. Сіздердің айтқан ұсыныстарыңыз алдағы уақытта қаралып, шешімін табатын болады. Ойларыңызда жүрген басқа да ұсыныстар болса айтыңыздар. Сіздердің ойларыңыз біз үшін маңызды. Мәдениет саласының қазанында қайнап жатқан сіздер бұл саланы жақсы білесіздер. Қарабау мәдениет үйінің құжаттарында олқылық кетіп шешілмей жатыр. Тасшағыл ауылдық округі мәдениет үйінің құжаттары жасақталуда. Ал, «Шалқыма» мәдениет үйіне осыған дейін екі рет қаржы бөлінген. Бірақ, жұмысқа салғырт қараудың салдарынан кейінге қалдырылып, жұмыс тоқтап тұр. Неге? Бөлінген ақшаны уақытылы қажеттілігімізге жаратпау деген не сұмдық? Бұлай болмайды. Барлық мәселеге жауапкершілікпен қарау қажет, – деді.

Гүлмира ТІЛЕГЕНОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521