ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің кезекті отырысында Қазақстанның денсаулық сақтау саласын одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.
Соңғы жылдары Қазақстанда денсаулық сақтау саласында ауқымды реформа жүргізілуде.
«Жалпы, Үкімет 2027 жылға қарай медицина саласын қаржыландыру деңгейін ЖІӨ-нің 5%-на дейін жеткізе отырып, аталған саланы дамытудың тұрақты моделін құру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Осыған орай біз инвестициялар мен озық технологиялар тартуға мүдделіміз», — деді Әлихан Смайылов.
Мәселен, өткен жылдың қорытындысына сәйкес денсаулық сақтау саласындағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі шамамен $540 млн-ды құрап, 30%-ға өсті.
«Дәрілік заттарға сұраныстың артуы аясында денсаулық сақтау саласының, оның ішінде фармацевтика өнеркәсібінің даму әлеуеті өте зор», — деп атап өтті Әлихан Смайылов.