Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінен елімізде саяси реформалардың өз жалғасын табатынын аңғардық.
Соның бір айғағы - биыл алғаш рет елімізде 45 аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерінің тікелей сайлауы өтетінін мәлім етті. Аталған науқан аяқталған соң еліміздің барлық аудан әкімдерінің сайлауы өтпек. Бұл сөз жоқ, Президент айтқандай, барлық билік институттарының жаңаруына жол ашатыны анық. Мұндай үрдіс еліміз егемендік алған осыған дейінгі 30 жылдың ішінде жүзеге аспап еді. Аталған саяси науқан Қазақстанның болашақта демократиялық тұрғыдан дамуына даңғыл жол ашып, азаматтардың мемлекеттік басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейте түсері белгілі. -Бәріміз мына бір өте маңызды нәрсені түсінуіміз керек. Қазақстан – осы геосаяси аймақта түбегейлі реформа жүргізіп жатқан бірден-бір ел. Кейбір адамдар, солардың ішінде саясаткерлер де бар, осындай реформалар Қазақстанға қауіп төндіруі мүмкін деп айтады. Бірақ мен осы өзгерістердің барлығы, ең алдымен, ел болашағы үшін ауадай қажет деп ойлаймын,-деп атап көрсетті Қасым-Жомарт Кемелұлы. Расында да елімізге түбегейлі өзгерістер керек. Ол үшін Президент айтқандай, осындай батыл қадамдар жасамаса болмайды. М.Хайруллин, Еңбек ардагері, Атырау қаласы