Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Сапалы қызмет – халық игілігі үшін

«…Жария етілген көптеген реформа әлі де баяу жүріп жатыр. Оны мойындауымыз керек. Сондықтан, Үкімет ескі жұмыс тәсілін түбірімен жою үшін ерік-жігер танытуы тиіс… 2010 жылдан бері созылып келе жатқан тапсырмалар бар…»

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,

Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде сөйлеген сөзінен

Мемлекет басшысы елдегі бүгінгі ахуалды талдап та, сынап та, оны оңалту тұрғысында біраз ұсыныстарын айтып жүр. Осы пікір іс басындағыларға ғана емес, сала ардагері ретінде маған да үлкен ой салды. Сондықтан, тақырыпқа қатысты бірер ұсынысымды жеткізгенді жөн көрдім.

Қосарланған құрылымдар қысқартылса…

Елде белең алып тұрған бір мәселе – жайылып кеткен параллель мекемелерді мейілінше азайтып, біріктіріп (мүмкін ірілендіріп), қаржыны үнемдеу шараларын алу керек деп ойлаймын. Себебі, қазір инфляция 20 пайыз төңірегінде болса, білікті қаржыгерлердің болжамы бойынша жыл аяғына дейін ол 47-ге жетуі мүмкін. Халқымыздың табыстарының арасы жыл сайын алшақтап, геосаяси жағдай тұрақсыздық танытып тұрғанда, мемлекеттің өзінің сыртқы қарызының хәлі онша көңіл көншітпейтінін ескерсек, бұрынғыша жайбарақаттық танытар жайымыз жоқ сияқты.

Мәселен, тек Атырау облысының телефон тізбесінде тұрған үш-төрт тексеруші (комиссия, аудит, қаржы мониторингі, антикор), бір кеңседе ұқсас екі юстиция, ауыл шаруашылығына байланысты 7-8 мекеме (ішінде екі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы, екі жер туралы бөлім, т.б), түрлі прокуратуралар, үш түрлі кәсіпкерлік корпорация, басқа да құрылымдар бар. Кей салада тиісті облыстық құрылым бола тұра, оның республикалық ұйымының тікелей облыстық филиалы тағы бар. Мұндайда тұрғындар жеке мәселесімен қайсысына жүгіну керектігін айыра алмай жатады. Социализмнен капитализмге өтерде қажет болған антимонополия мен мемлекеттік меншік, жекешелендіру сияқты мекемелерде күні бүгін өздерін ақтайтын жұмыс көлемі жеткілікті ме деп ойлаймын. Қажеттіліктерін мүмкін мен түсінбейтін де шығармын. Мемлекет басшысы айтып жүрген мекемелерді орталықсыздандыру, филиалсыздандыру мәселелері баяу, керісінше қосарланған құрылымдар азаймай тұр.

Сырт көзге атқарушы биліктің кей сатыларындағы мамандардың тұрақты жауапкершілік жүктемелері анықталмағандай, яғни олар тек «қуып кел, шауып кел» дәрежесінде ғана жүргендей көрінеді. Асылы, кейбірінің белгілі бір мезгілге арналған жұмыс жоспарлары да болмас. Біздегі мемлекеттік қызмет департаменті мен академия филиалы осындай барлық қызметкерлердің жұмыс сапасын жетілдіруге мүдделі құрылым деп есептейтінмін. Функционалдық жауапкершіліктері болмаса жастар өспей қалады ғой.

Біздің байқауымызша, Қ.Тоқаевтан төменгі саладағы лауазым иелері талқыланған мәселелер бойынша бір нақты ұсыныс немесе жаңалық айтып көрген емес десем, қателеспейтін сияқтымын. Бұрынғы депутаттар да айтарын айтқанмен өз пікіріне қарсы дауыс беріп, оны қорғай алмайтын еді. Жаңа Парламент өзін көрсететін шығар деп ойлаймыз. БАҚ өкілдері түрлі жиындарды қысқартып беретін болар десек, арнайы хабарларда да жөнді пікір ұға алмаймыз. Шынында, тілшілер керісінше тың ойды сылап-сыйпап емес, соны таба алмай жүреді деп есептеймін. Өйткені, олар әрқашан оған зәру. Сондықтан, кейбір салалар бойынша өткізілген жиындарда салиқалы сын болмайтыны шындық.

Істің кем-кетігін түзету маңызды

Қызметкер қолпаштаумен емес, қамшылаумен өседі, кем-кетігін айтып, түзеттіріп, оның жолдарын, яғни ахуалды оңалтуға бағытталған резервті көрсету бізде кемшін көрінеді. Жиындар тек басшыға емес, қарапайым қызметкерге де айтпаса да белгілі және солай болуы керектігін, яғни «дұрыстау керек», «баса көңіл бөлу керек», «жақсарту керек», т.б «керектер»-мен аяқталады.

Бұрынғыны көкседі десеңіз, тіпті дей беріңіз, қадірлі оқырман! Бұрындары алқалы жиындарда мәселенің талқылануы сол саладағы елеулі шара болып, өмірде із қалдыратын-ды. Даму жолдарын ұйымдастырудағы келеңсіздік, жеткілікті көңіл бөлінбей тұрған жұмыстар, оны түзетудің нақты шаралары белгіленіп, кейде қосымша қаржы, не басқалай көмек тағайындалатын. Сирек болса да, сол жауапкер басшының жұмысында алға қарай қалу-қалмауы да сөз болатын еді.

Оңекең (Оңайбай Көшеков) ағамыз кезекті бюро мәжілісінде аудандық халықтық бақылау комитетінің жұмысы туралы мәселе тыңдау үстінде қатты-қатты сөздер айтып ұялтып, ұғындырып, соңында «ұрысқаннан өлген кісінің моласы жоқ» дегені бар еді. Мұны сол бұрынғы талқылаулардың дәрежесін көрсететін мысал ретінде айтып отырмын. Ал бұлтартпайтын ақиқат ретінде келтірсем, өзім өткізген аудандағы бір талқылауда обкомның екінші хатшысы В.Г.Сергеев (телефонмен қайта-қайта) пен облыстағы трест басшысы И.М.Остроменскийлердің (отырысқа қатыса отырып) қосарлаған қысымдарына (прессинг дейміз ғой) қарамастан, бір ПМК басшысын жұмыстан алып та тастағанбыз. Бүгінде жиындар ешкімнің уақытын алмай, яғни өздерін шақыртпай онлайн режимде өткенімен, талқылау болмағасын оларды бір мезгілде экранға телміртіп қоюдың өзін артық деп есептеймін. Техниканың мүмкіндігін керісінше пайдаланып, тыңдалатын хабарламалар, қаулы-шешімдерді күні бұрын таратып, егер бар болса олардан ұсыныстар жинап ресімдесе, едәуір тиімді-ақ болар еді.

Әрине, жақсы мысалдар да жоқ емес. Бізде әкім болған Нұрлан Ноғаев жиын өткізгенде өзін соған қатысушылардың дәрежесінде ұстай біліп, кең әңгіме қылып жүргізуге тырысатын адам болды. Ол біздің ардагерлермен өткізетін кезекті жұмысшы кеңестерімізге шақырмасақ та, бізге хабарламай-ақ келіп қатысып отыратын. Облыстың қазіргі әкімі Серік Шәпкенов те соған ұмтылады екен. Бізде әкімнің орынбасары кезінде ономастикалық комиссияның мәжілісін солай асықпай, әр ұсынысты талқылаумен (оның соңғы жылдардағы бірінші рет) өткізіп еді. Соңында өзі де «бұл жақсы болды, өзім де көп нәрсені үйрендім» деп еді. Қазір жиынды қалай өткізетінін көргенім жоқ, бұрынғыша болар деп сенемін.

Соңғы айларда бірнеше министрдің өз қарамағындағылармен бірге аймақтарды аралап, халықпен көзбе-көз кездесіп, оларды тыңдап, қажет шараларын сол бойда шешіп, жергілікті жұртшылықпен ақылдасып жүргені бір жақсылық деп санаймын. Не болғанда да реформаларды жүзеге асыру үшін тың серпіліс, өзгеше ойлау, бетбұрыс, тыңнан түрен салып жүргізген жақсы болады. Әйтеуір, Горбачевтың «қайта құруына» жақын, отыз жыл қалыптасып қалған ахуалды оның заңдарынан (көптеген негізгі заңдар сол кезде Жоғарғы Кеңестен тыс қабылданып та кетті ғой) бастап «атака» жасамай-ақ, біртіндеп, бірақ тегеурінді түрде қайта құру керек деп ойлаймын. Сосын әр саланы «бақалшағына дейін» білетін, оны меңгерген, тәжірибесі мол адамдар баршылық. Бұрындары кейде кездесіп қалатындай, өнерден хабары жоқ, «әу» демейтін адамды мәдениет саласына, мұғалім болып көрмегенді оқу-білім саласын басқаруға, дәрігер еместі медицинаға басқаруға тағайындау қателік еді. Қасым-Жомарт Кемелұлы осындай жағдайдың қайталанбауын қатаң талап етіп отыр.

Осы күндері кей заңдарды, не қаулы-қарарларды халыққа түсіндіру үшін деп орталықтан арнайы топтар, не жеке азаматтарды қаражат шығындап төменге жұмсау, міне бұл – нағыз бұрынғыдан қалған бүгінгі күні қажеті шамалы әдіс дер едім. Себебі, олар белгілі бір құжатты қайталап айтып береді ғой, ал оны халық өзі оқып алып отырады, біліп отырады. Ал, ондай жиынға көбінесе өздері біліп отырғандар шақырылады. Түйіндеп айтқанда, Президент айтқандай, қазір мемлекеттік қызметтегі ескі жұмыс тәсілдері түбірімен жаңартылғаны жөн.

Қатимолла РИЗУАНОВ,

Атырау облысының Құрметті азаматы, мемлекеттік қызметтің ардагері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT