Елімізде пилоттық жоба ретінде қолға алынған аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлауға 23 күн қалды. Бүгінде барлық өңірде кандидаттарды ұсыну және тіркеу мерзімі аяқталды.
Жуырда біздің тілшіміз сайлауға дайындық жұмыстары барысында Исатай ауданында жүзеге асатын жұмыстар жөнінде танысқан еді. Дайындық жақсы жүруде Исатай аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қабыл Ғұбашевтің айтуынша, елдің «Сайлау туралы» Конституциялық заңының белгіленген тармағына сәйкес аудан әкімі сайлауын тиісті аумақтық сайлау комиссиясы жергілікті мәслихаттың шешімімен белгіленген сайлауды өткізетін күнге дейін кемінде 50 күн бұрын тағайындайды. Соның негізінде Исатай аудандық аумақтық сайлау комиссиясы биылғы 15 қыркүйектегі №12 қаулысымен 5 қарашаға аудан әкімінің сайлауын белгілеген. Сайлау округі құрылып, сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарлары бекітілді. Сайлау туралы хабарламалар аудандық «Naryn tańy» газетінің №38 санында жарияланып, сайлау комиссиясының atyrau.gov.kz интернет ресурсында орналастырылған.
– Ауданда учаскелік сайлау комиссиялары мен олардың мүшелері жұмысын бастап кетті. Комиссия мүшелері аудан әкімінің сайлауын ұйымдастыру және өткізу мәселелері бойынша оқыту семинарларына белсене қатысты. Аумақтық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен «Аудан әкімінің пилоттық сайлауын өткізу және ұйымдастыру» және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Атырау облысы бойынша филиалы арқылы «Аудан әкімдерінің пилоттық сайлауын өткізу» тақырыбында оқыту семинарлары өтті. Сайлау науқанының ашық әрі әділ өтуі бағытында құқық қорғау органдары, прокуратура өкілдерінің қатысумен пікірсайыс өтіп, комиссия құрамының сайлауға дайындығы пысықталды, – дейді Қабыл Рамазанұлы.
Саяси науқанға дайындық жұмыстары ауданда жүйелі түрде жүргізілуде. Жуырда республика Орталық Сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров те арнайы келіп, округтердегі сайлаушылармен, белсенді жастармен және саяси партиялар, байқаушылар, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен кездесті. Сайлау учаскелерінің науқанға дайындығын тексеріп шығып, оң бағасын берген еді. Облыстық маңызы бар қала және аудан әкімдерін сайлау – жаңа дәуірге бағытталған батыл қадамдардың бірі. Республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та Қазақстан халқына Жолдауында басымдық берген болатын. Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген 2021-2025 жылдарға дейінгі жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың тұжырымдамасында да қамтылған. Сондықтан, аудан әкімдерінің сайлау технологиясын тәжірибеге енгізу бұған дейін қолданыста болмаған, ел тарихындағы басты ерекшелік деуге әбден негіз бар.
– Бұрын аудан әкімдерін жергілікті мәслихаттардың шешімімен облыс әкімі тағайындаса, жаңа жүйе бойынша бұл лауазым иесі тікелей жергілікті халықтың дауыс беруі арқылы сайланады. Мұндай талап үдесінен шығып, ең көп дауыс жинаған әкім елге қызмет жасайды, халқына жақын болады деген сенім мол. Халықтың әкімді таңдауы – уақыт талабы, демократиялық дамудың бір көрінісі деп түсінуге болады, – дейді Қ.Ғұбашев. Жүйріктен жүйрік озар… Белгіленген күнтізбелік жоспарға сай кандидаттарды ұсыну жұмыстары 16 қыркүйектен 5 қазанға дейін жүргізілді. Ал, кандидаттарды тіркеу уақыты 10 қазанға дейін белгіленді. 2 қазан күні өзін-өзі ұсыну тәртібімен 1977 жылы туған Исатай ауылдық округінің әкімі Асылан Жарылғасұлы Ғұбаш, 1980 жылы туған «AMANAT» партиясы қоғамдық бірлестігінің Исатай аудандық филиалынан Нұрым Бекежанұлы Мусин, 1986 жылы туған «Қазақстан Халық партиясы» қоғамдық бірлестігінен Рашид Тасанұлы Мұқанов ұсынылды.
– Барлық үміткердің «Сайлау туралы» Конституциялық заң талаптарына сәйкес тиісті органдардың тексеру қорытындылары нәтижесінде сәйкестіктері анықталды. 6 қазанда «AMANAT» партиясынан ұсынылған Нұрым Бекежанұлы, «Қазақстан Халық партиясы» қоғамдық бірлестігінен Рашид Тасанұлы және өзін-өзі ұсыну тәртібімен ұсынылған Асылан Жарылғасұлы 9 қазанда Исатай ауданы әкімдігіне кандидат болып тіркелді. Кандидаттар республика «Сайлау туралы» Конституциялық заңының тиісті баптарына сәйкес 10 қазанда жергілікті уақыт бойынша 18 сағат 01 минутта үгіт-насихат жұмыстарын бастады. Бұл жұмыстар 4 қараша күні жергілікті уақытпен 00:00 сағатта аяқталады. Жергілікті атқарушы орган арқылы кандидаттарға үгіт-насихат парақтарын ілетін 12 орын, сайлаушылармен кездесуге 9 үй-жай белгіленді, – дейді аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы.
Тұрғындар болашаққа бейжай қарамайды Аудандағы 15 учаскелік сайлау комиссиясында барлығы 95 адам жұмыс істейді екен. Олардың 77-сі саяси партиялардан, 18-і қоғамдық бірлестіктерден аудандық мәслихат арқылы комиссия құрамына ұсынылған. Әділ, ашық сайлау өтуі үшін аудан тұрғындарының барлығы дерлік дауыс беруге белсенді қатысқаны жөн. Бұған дейін Исатай ауданындағы сайлауға қатысу белсенділігі өте жоғары болғаны тарихтан белгілі.
– Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар депутаттарын сайлау кезінде сайлаушылардың 82,7%-ы дауыс беруге қатысып, өз таңдауын жасады. Ендігі науқан Қазақстан тарихында алғаш рет пилоттық режимде аудан әкімін тікелей халық сайлайтын болғандықтан, тұрғындар аудан болашағына бейжай қарамай, өз таңдауын жасауға асығары сөзсіз. Ал, сайлау күні жекелеген сайлаушылар денсаулық жағдайы, отбасының сырқат мүшесiне күтiм жасау, сондай-ақ сайлау учаскелерi құрылмаған шалғайдағы және қатынасы қиын аумақтарда болуына байланысты дауыс беру учаскесіне келе алмаған жағдайда, учаскелiк сайлау комиссиясы олардың дауыс беру күнi жергiлiктi уақыт бойынша сағат 12.00-ден кешiкпей берген жазбаша өтінішінің негізінде осы сайлаушылардың тұрған жерiнде дауыс берудi ұйымдастыруға тиiс, – дейді Қабыл Ғұбашев. Қазір сайлаушыларды ақпараттандыру бағытында Аққыстау ауылында қолға алынған жұмыс та аз емес.
Орталық көшелер мен жеті ауылдық округке билбордтар ілінген. Сауда орындары, ойын-сауық орталықтары, басқа да халық көп шоғырланатын қоғамдық орындарға А3 форматында 100 дана сайлау туралы хабарлама парағы ілінді. Айта кету керек, сайлау қорытындылары учаскелік сайлау комиссияларының хаттамалары негізінде тиісті аумақтық сайлау комиссиясының отырысында саяси додадан кейін үш күн мерзімнен кешіктірілмей анықталады. Дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың ең көп дауысын жинаған кандидат аудан әкімі болып сайланды деп есептеледі.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
Исатай ауданы