Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Президент сайлауы: Лондонда қазақстандықтар дауыс беріп жатыр

Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауы Ұлыбританияда бірер сағат бұрын ғана басталды. Өйткені Лондон Астана уақытынан 6 сағат артта, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

№244 сайлау учаскесі Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігінің ғимаратында орналасқан. Учаске қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Сондай-ақ бұл жерде кандидаттар туралы жазылған ақпарат тақтайшасы да тұр. Сайлаушылардың қатарында тек Ұлыбритания қазақтары ғана емес, Исландия, Ирландия мемлекеттерінде уақытша немесе тұрақты тұрып жатқан отандастарымыз да бар. Дауыс берушілер арасында туристер де көп. Ұлыбританияда саяхаттап жүрген қазақстандықтар азаматтық борыштарына жауапкершілікпен қарап, елшілікке келіп жатыр.

 

«Бүгін Лондон уақыты бойынша таңғы сағат 7:00-де 244 сайлау учаскесі өз жұмысын бастады. Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Корольдігі аумағында уақытша немесе тұрақты тұратын азаматтарымыз біздің учаскеге келіп, дауыс бере алады. Сайлау учаскесі жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат 8-ге дейін жұмыс істейді. Сол уақытқа дейін жарамды паспорты бар Қазақстан Республикасының әрбір азаматы келіп өз таңдауын жасай алады», дейді сайлау учаскесі комиссиясының төрағасы Мираз Аңдабаев.

 

«Мен Болашақ бағдарламасы бойынша Лондон Университетінде оқып жатырмын. Бүгін елшілікке өзімнің саяси көзқарасымды білдіру үшін арнайы келіп тұрмын. Менің ойымша, әрбір Қазақстан азаматы, әсіресе жастар үшін саяси белсенділік таныту маңызды іс болып табылады», дейді UCL университетінің магистранты Назым Шайхина.

 

Айта кету керек, сайлау туралы ақпарат жарияланған сәттен бастап, 300-дей адам саяси науқанға қатысуға ниет білдірген. Бірақ сайлаушылардың саны одан да көп болуы мүмкін. Өйткені алдын-ала тіркелмей-ақ төлқұжат көрсетіп, дауыс беруге шектеу жоқ. Елшілік қызметкерлері сайлаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жергілікті полициямен тығыз жұмыс істеп жатыр. Бұдан бөлек бақылаушылар сайлаудың әділ, ашық және халықаралық стандарттарға сай өтуін қадағалауда. Учаске жабылғаннан кейін 1-2 сағаттың көлемінде Лондондағы президенттік сайлау нәтижелері белгілі болып, орталыққа жіберіледі.

Фото: www.inform.kz

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521