Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Үкіметтің кеңейтілген отырысы: Президент былтыр қай бағыттарға назар аударды

АСТАНА. KAZINFORM – Былтыр 7 ақпанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізіп, Олжас Бектенов тізгінін ұстаған құрамның алдына 10 міндет қойған болатын. Бүгінгі материалда сол 10 бағыттың қайсысында алға жылу, қайсысында керу кету бар екенін талдап көреміз.

Президент 2029 жылға қарай экономиканың көлемін 450 миллиард долларға жеткізуді меже етіп белгіледі. Ал оған қол жеткізу үшін елдің жалпы ішкі өнімі жыл сайын кемінде 6%-ға өсуі керек екенін баса айтты. 2024 жылдың 11 айындағы қорытындыға сүйенсек, жалпы ішкі өнімнің өсімі 4,4% ғана болған. Демек, ЖІӨ-ні жыл сайын 6%-ға өсіру деген тапсырма былтыр орындалған жоқ.

    - Сондай-ақ макроэкономикалық көрсеткіштермен қатар, халықтың нақты табысы да қарқынды түрде артуы керек, - деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2024 жылдың III тоқсанында Қазақстан халқының орта есеппен жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табысы айына 210 840 теңге болған. Бұл - 2023 жылғы III тоқсанмен салыстырғанда 12,3% жоғары көрінеді. Инфляцияны ескерсек, халықтың ақшалай табысы нақты мәнде 3,6% артқан деген сөз. 3,6 пайызды «қарқынды түрде арту» деп айту орынсыз болар. Дегенмен, аз да болса өсім бар.

БІРІНШІ. Бюджет пен салық саясатының тиімділігін арттыру 

Мемлекет басшысы кейінгі бес жыл ішінде бюджет тапшылығы 11 триллион теңгеден асып кеткенін айтып, Үкіметтің қаржы-экономикалық блогына бюджетті сауатты болжауды тапсырған.

«2025–2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңда бюджет тапшылығы 10 трлн 999 млрд 700 млн теңге деп белгіленген. Демек, биыл да бюджет тапшылығы 11 трлн теңге көлемінде болады деген сөз. Мұны бюджет тапшылығын бірден азайтпасақ та, ары қарай өсуіне жол бермейміз деген жоспар деп қарауға болады.

Қаржы министрлігінің Ұлттық қордағы түсімдер және оны пайдалану туралы 2025 жылдың 1 қаңтарындағы есебіне сенсек, бюджет шығындарына қордан 5,6 трлн теңге алынған. Бұған қоса, шілде айында Ұлттық қордың 467,4 млрд теңгесін «ҚазАтомӨнеркәсіп» акциясына салынғанын ескерсек, бір жылда «болашақтың қажысынан» 6,1 трлн теңгедей ақша алынды деген сөз.

Президент салық кодексін әзірлеу жұмыстарын да қатаң сынаған еді.

    - Қазақстанда түпкі мәні өзгеріп кеткен қосылған құн салығының өзін реформалау қажет. Оны 12 пайыздан 16 пайызға дейін көтеру мәселені шешпейді. Бұл қадам еліміздің инвестициялық тартымдылығына да кері әсер етуі мүмкін, - деген болатын.

Премьер-министр Олжас Бектенов 23 қаңтарда сарапшылармен кездесіп, Салық және Бюджет кодекстерін әзірлеу мәселесін талқылады. Осы басқосуда министрлер кабинетінің қаржы-экономикалық блогы қосылған құн салығын 20%-ға дейін көтеруді ұсынып отырғаны мәлім болды. Оның үстіне, қосылған құн салығын төлейтін кәсіпкерлер мен кәсіпорындардың қатарын көбейту үшін жылдың ең төменгі шекті 79 млн теңгеден 15 млн теңгеге дейін түсіру көзделіп отыр. Қолданыстағы бюджет заңында биылғы салық кірісі - 15,1 трлн теңге, шығысы - 25,1 трлн деп белгіленген. Жаңа салық кодексі соңғы ұсыныстар негізінде қабылданса, бұл - жыл аяғына бюджетке салықтан тағы 7,5 трлн теңге түседі деген есеп. Бұл Ұлттық қордан 2024 жылғыдай көп қаражат алмауға мүмкіндік береді.

Бұл ұсынысты жақтайтын сарапшылар елдегі ірі салық төлеушілердің көбі қолданыстағы салық заңнамасының саңылауларын пайдаланып, өз бизнесін бытыратып, бөлшектеп тастағанын алға тартады. Осының арқасында ірі салық төлемін айналып өтіп жүрген болуы мүмкін. Ендеше шара бизнесін бытыратып бөлшектеу арқылы үлкен салықтан жалтарып жүргендерді тәртіпке келтіреді деген үміт бар.

ЕКІНШІ. Жаңа инвестициялық кезең 

Қасым-Жомарт Тоқаев негізгі капиталға салынған инвестицияның ішкі жалпы өнімге шаққандағы үлесі азайып бара жатқанына алаңдайтынын білдірген еді. Ресми статистикаға сүйенсек, 2024 жылы бұл көрсеткіш 19 трлн 375 млрд теңге болып, 2023 жылғы кезеңмен салыстырғанда 7,5% артқан. Дей тұрғанмен, Атырау (-28,1%), Ақтөбе (-13,4%), Ақмола (-8,9%), Жамбыл (-6,1%), Маңғыстау (-4,4%) және Ұлытау (-3,5%) облыстарында инвестиция көлемі азая түскен.

    - Әкімдер инвестиция тартудың орнына ескі әдетке салып, бюджет қаражатына сеніп отырады, - деген болатын Мемлекет басшысы.

Аталған облыстардың басшылары осы айтылған сыннан қорытынды шығара алмағанын ресми статистиканың өзі айтып тұр.

Үкімет Президенттің Ұлттық инфрақұрылым жоспарын бекіту туралы тапсырмасын 2024 жылғы шілденің аяғында орындап бітірді. 

Мемлекеттік бағдарлама 204 негізгі жобаны қамтиды. Оның ішінде энергетика инфрақұрылымын дамытуға арналған 46 жоба, көлік инфрақұрылымына бағытталған 59 жоба, сумен жабдықтау және су бұру инфрақұрылымына 89 жоба, цифрлық инфрақұрылымға 10 жоба әзірленген.

Осы 204 жобаны 2029 жылға дейін іскі асырып шығу үшін 40,1 трлн теңге қажет. Үкімет оның 1 трлн теңгесін республикалық бюджеттен, 500 млрд теңгесін Ұлттық қордан, 2 трлн теңгесін әкімдіктердің бюджетінен, қалған 36,6 трлн теңгесін бюджеттен тыс қаражаттан, яғни инвесторлардан тартпақшы. Мұндай жоспарды қағаз көтергенмен, Қазақстан экономикасының шынайы жағдайы қаншалықты көтере алатынын уақыт көрсетеді.

    - Елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару инвестицияның тағы бір қайнар көзі болуға тиіс, - деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетсек, Қазақстанға құны 1,09 трлн теңге активтер қайтарылып, қаражатты Қазақстан экономикасына қайта инвестициялау бағытында жалпы сомасы 30 млрд теңге болатын инвестициялық жобалар іске асырыла бастағаны хабарланды.

ҮШІНШІ. Мемлекеттік сатып алу жүйесін реформалау

2024 жылдың шілдесінде қолданыстағы мемлекеттік сатып алу туралы заң күшін жойып, 2025 жылдың қаңтарынан бастап жаңа заң қолданысқа енгізілді.

Жаңартылған заңның арқасында конкурс өткізу мерзімі қысқартылды. Нақты айтсақ, конкурстардың құжаттамасын талқылау 5 жұмыс күнінен 2 жұмыс күніне дейін; өтінімдерді қабылдау 15 күннен 5 күнге дейін; өтінімдерді қарау және қорытындылау 10 күннен 3 жұмыс күнге дейін азайды.

Сондай-ақ құрылысқа байланысты мемлекеттік сатып алу үдерісіне қоғамдық мониторинг енгізіліп жатыр. Жұмысты орындау кестелері, шарттардың орындалуы туралы есептер жарияланып отырады деген меже бар.

Ал сатып алу қорытындысына шағымданудың жаңа тәртібі түскен шағымдарды сатып алуды ұйымдастырушының өзі қарауға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге 100 АЕК (39,2 мың теңге) дейінгі тауарларды, 500 АЕК (1,9 млн теңге) дейінгі жұмыстар мен қызметтерді бір көзден алу құқығы енгізілді. Ауыл әкімдіктеріне бір көзден сатып алудың шекті мөлшері 3 000 АЕК-тен 4 000 АЕК-ке (15,7 млн теңге) дейін ұлғайтылды.

Мемлекет басшысы үлескерлік құрылыстағы заңсыздықтарды жоюды тапсырған. 2024 жылдың аяғында Мәжіліс депутаттары үлескерлік құрылысты реттейтін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. 

Заң жобасының қазіргі редакциясында үлескерлердің құқығын қорғау үшін алдын ала шарт жасауға, инвестиция мен брондауға, алдын ала келісімшарттар жасасуға тыйым салу тетіктері нақтыланған.

Мысалы, салынып жатқан үйді әкімдіктің рұқсатынсыз немесе Біріңғай оператордың кепілдігі болмаған жағдайда жарнамалауға, екінші деңгейлі банктерден ипотека рәсімдеуге тыйым салынады.

Ал үлескерлердің ақшасын заңсыз тартқаны және жарнама таратқаны үшін 2000 АЕК-ке дейін (7,9 млн теңге) айыппұл салу көзделген.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметі бойынша, елімізде үлескерлік құрылыс негізінде салынып жатқан 51 проблемалы нысан бар. 

Сондай-ақ Мемлекет басшысы ақшаға цифрлық теңге арқылы ен салу арқылы мемлекет қаражаты қалай игеріліп жатқанын қадағалау туралы тапсырма берген болатын. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Үкіметпен, Ұлттық банкпен бірге бұл жобаны жол саласына масштабтау туралы шешім қабылдаған. Пилоттық жоба автомобиль жолы мен теміржол салуға, ауыл шаруашылығы техникасы мен мал сатып алу саласына, жекелеген аймақтар мен нысандарда сынақтан өтті.

    - Механизм қазірдің өзінде жұмыс істей бастады. Алғашқы цифрлық теңгелер жеткізушілер мен мердігерлерге жіберілді. Осылайша, Қарағанды облысында «Достық-Мойынты» теміржолын салу шеңберінде 164 миллиард теңге, Атырау облысында «Мұқыр-Кұлсары» автожолын жөндеуге 100 миллион цифрлық теңге бөлінді, - деп жазады агенттіктің ресми сайты.

ТӨРТІНШІ. Экономиканы кешенді түрде ырықтандыру 

Былтыр Президент тапсырмасы бойынша Экономиканы ырықтандыру (либерализация) туралы Жарлық күшіне енді.

Бұл құжат 2027 жылға дейін квазимемлекеттік компания құруға мораторий енгізді. Құзырлы органдар 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін республикалық және жергілікті деңгейдегі барлық мемлекеттік және квазимемлекеттік активтерге ревизия жүргізуге міндеттелген болатын.

Осы Жарлық аясында құрылған Ұлттық жекешелендіру кеңсесі маусымда алғашқы отырысын өткізді.

Ырықтандыру шаралары отын-энергетика кешенін де қамтитын түрі бар. Қазір қоғам арасында бензин мен дизель бағасын мемлекеттік реттеуден бас тарту мәселесі талқыланып жатыр. 

Бірақ талқылауға шығарылған құжатта бағаны мемлекеттік реттеуден кетудің нақты алгоритмі көрсетілмеген.

    - Энергетика министрлігі баға белгілеудің тұрақты моделі саясатына көшуде. Ол сұраныс пен ұсыныс арасындағы нарықтық теңгерімді құруға, отын тапшылығын жоюға, мұнай өңдеу саласын жаңғыртуды ынталандыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және ұзақ мерзімді инвестицияларды тартуға бағытталған, - деген мәлімет қана бар.

БЕСІНШІ. Өндірістің дамуына тың серпін беру

2024 жылы құны 1,3 трлн теңгеге жуық 180 инвестициялық жобаны енгізу жоспарланған болатын.

Жыл бойында жүргізілген геологиялық жұмыстардың арқасында 17 кен орны мемлекеттік тіркеуге алынды. Оның ішінде алтын, күміс, мыс, мырыш, темір, қорғасын, вольфрам, хром, молибден, марганец кеніштері бар.

Сондай ақ биыл алғаш рет 1 млрд 776,5 млн текше метр газ қоры бар 6 кен орны мемлекеттік есепке қойылды.

«Самұрық-Қазына» қорына кіретін және басқа да ірі жер қойнауын пайдаланушылар қазақстандық өндірушілермен 765 млрд теңгенің ұзақмерзімді шарттарын, офтейк-келісімшарттар жасасты.

Мұнай-газ саласында барлық сатып алудың 65%-ы Теңізшевройл, Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг, NCOC операторларына тиесілі. Олар сатып алатын тауар мен қызметтің 75%-ын отандық өндірушілерден алғызу жөніндегі келіссөздер жүріп жатыр.

АЛТЫНШЫ. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту және су ресурстарын үнемдеп пайдалану

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көктемгі егіс науқаны мен күзгі жиын-терінге жеңілдікпен берілетін несиені үш жылда 1,5 триллион теңгеге дейін арттыру керектігін айтқан еді.

    - Инвестициялық жобаларға бөлінетін жеңілдетілген несиені 800 миллиард теңгеге жеткізу қажет. Жеңілдікпен лизинг беруге жыл сайын кемінде 450 миллиард теңге бөлінуге тиіс. Сонда әр жыл сайын ауыл шаруашылығы техникасының 10 пайызы жаңарып отырады. Бұл шаралар ауыл шаруашылығының жалпы өнімін 2 есе арттыруға жол ашады, - деген болатын.

Ал Үкіметтің салаға жасаған жылдық қорытындысында көктемгі егіс науқаны мен күзгі жиын-терінге 570 млрд теңге бөлінгенін көруге болады. 2025 жылы тағы 700 млрд теңге бөлу көзделіп отыр.

Былтырғы отырыста Мемлекет басшысы үш жыл ішінде агроөнеркәсіп саласындағы өңделген өнімнің үлесін 70%-пайызға жеткізу туралы міндет әлі орындалмай жатқанын айтқан болатын. Нақты айтсақ, 2024 жылы бұл көрсеткіш 40%-ға жетуі керек еді. Үкіметтің жылдық қорытындысында бұл көрсеткіш туралы ештеңе айтылмаған.

ЖЕТІНШІ. Коммуналдық-энергетикалық секторды жаңғырту

Өткен аптада ғана энергетика және коммуналдық шаруашылық саласын жаңғыртудың ұлттық жобасы қалай іске асырылып жатқаны туралы баспасөз мәслихаты өтті.

Вице-премьер Қанат Бозымбаевтың сөзінше, ұлттық жоба екі негізгі блоктан тұрады. Біріншісі — алдағы бес жыл ішінде 7 300 мегаватқа жуық қамтамасыз етіп, генерациялау. Оған 6 трлн теңгеден астам қаржы жұмсалады.

Жобаның екінші бөлігі — коммуналдық желілерді жаңғырту. Мұндағы инвестициялардың жалпы сомасы шамамен 6,8 триллион теңге болады. Ол ақшаға 86 мың шақырым коммуналдық желіні жаңартып, жаңғырту және дамыту көзделген. 

Осы ұлттық жоба аясында Қазақстанда өндірілмейтін тауарлардың өндірісін жолға қою үшін 27 зауыт пен фабрика салу жоспарланған. Ол жобаларға Германияның, Түркияның, Ресей мен Қытайдың инвесторлары қызығушылық танытқан.

СЕГІЗІНШІ. Көлік логистикасының әлеуетін арттыру 

2024 жылы мемлекеттік бағдарлама аясында 12 мың шақырым автомобиль жолдарын жөндеу және салу жұмысы басталды. Оның 7 мың шақырымы жыл соңына дейін аяқталуы керек болған. Оның ішіндеҚарағанды – Алматы (879 км) автожолын реконструкциялау, Талдықорған – Өскемен (768 км) тас жолын реконструкциялау жобалары, Ақтөбе – Қандыағаш (96 км) учаскесіндегі жұмыстар, Атырау – Астрахан (212 км) автомобиль жолын реконструкциялау жобасы аяқталды.

Сондай-ақ, былтыр 1 401 шақырым теміржол жөнделді, 143 жолаушылар вагоны, 185 локомотив пен 1,5 мың жүк вагоны жаңартылды. Алматы мен Қызылорда әуежайларында жаңа жолаушылар терминалдары пайдалануға берілді. Соның арқасында терминалдардың өткізу қабілеті Алматыда 6 есе, Қызылордада 7 есе өсті. Ал Астана, Ақтөбе, Шымкент, Қарағанды, Жезқазған, Ақтау және Павлодар әуежайларындағы ұшу-қону жолақтары жөнделді.

Түркістан облысындағы 840 метрлік Шақпақ баба туннелінің, 1,3 шақырымдық Ертіс көпірінің, Шамалған стансасындағы жолайрықтың салынып бітуі елдің көлік-логистикалық әлеуетін арттыра түсті.

2024 жылдың 11 айында Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы өтетін жүк тасымалының көлемі 63% өсіп, 4,1 млн тоннаға жеткен.

ТОҒЫЗЫНШЫ. Экономиканы цифрландыра түсу, жасанды интеллект технологиясын кеңінен қолдану

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағытта Digital Nomad Residency арнайы бағдарламасын іске қосуды тапсырды. Сол тапсырма аясында 1 қарашада Neo Nomad визасы іске қосылды. Үш айдың ішінде тек 1 адам ғана осы визаны рәсімдегені мәлім болды. Ол – энергетика және қаржы саласындағы түркиялық сарапшы Сертач Йенер.

Жалпы былтыр QR-код көмегімен 8 млн астам қол қойылып, Digital ID жүйесі арқылы 18 млн астам сәйкестендіру жүргізілген. Қазақстанның eGov жасанды интеллект технологиясын Тәжікстан, Того, Сьерра-Леоне сияқты елдер өздеріне бейімдеп пайдалануға кірісті.

2024 жылы елдегі IT компаниялардың саны 18 683-ке жетті.

Ал «Astana Hub» халықаралық технология паркіне тіркелген 1 102 қазақстандық және 437 шетелдік компанияның жалпы табысы 1,2 трлн теңгеге жеткен. Соның ішінде экспорттан 140 млрд теңге түскен.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің құрамынан Жасанды интеллект комитеті құрылды.

Сонымен қатар 2024-2029 жылдарға арналған ЖИ дамыту тұжырымдамасы бекітіліп, ЖИ туралы заң жобасы әзірленді.
қыс

ОНЫНШЫ. Әлеуметтік сала

    - Реформа жүргізген кезде әлеуметтік көмектің кімге және қалай берілетінін түгел қайта қарау қажет. Бөлінген қаржыны барынша тиімді жұмсап, оны шын мәнінде көмекке мұқтаж адамға беру керек, - деген болатын Президент.

2024 жылы әлеуметтік төлемдерге 5,3 трлн теңге бөлінді. Бұл - жылдық бюджет шығынының 22%-ына тең. Бұл ақшаны 2,4 млн зейнеткер мен 2,1 млн түрлі әлеуметтік төлем алушылар игілігіне жаратқан.

Үкіметтің бір жылдағы жұмысына Мемлекет басшысы «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында баға берді.

    - Үкіметтің міндеті – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және азаматтардың әл-ауқатын жақсарту. Жалпы алғанда, Министрлер кабинеті бұл міндетін орындап отыр. Экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту сияқты бағыттар бойынша былтыр атқарылған жұмыстың нәтижелері жаман емес. Алайда бәрі мінсіз деуге келмейді, проблемалар да бар. Мен министрлерден неғұрлым тиімді жұмыс істеуді және шешім қабылдағанда батыл болуды үнемі талап етемін, - деді Президент.

Қараша айында ұлттық валютаға шаққандағы доллар бағамының 500 долларлық межеден еркін асуы расымен Үкіметтің қаржы-экономикалық блогы әлсіз жұмыс істеп жатқанын көрсетті. Оған дейін Ұлттық қордан алынатын трансферттің көлемі пандемия кезіндегі алымдардан асып түскен болатын.

Оның алдында ғана Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі болған Нұрлан Байбазаров қызметінен алынып, орнына Серік Жұманғарин келген еді. 

Ал 9 қаңтарда Ерлан Сәрсембаев Әділет министрі болып тағайындалды. 

    - Ашығын айтсам, экономист басшылардың қазіргі жұмысын орташа деп бағалаймын. Олар халықаралық қаржы институттарының тілімен әдемі сөйлейді, алайда нақты нәтижесі бар шаруа шамалы болып тұр. Қазір өңірлердегі ахуалды және экономиканың іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін жақсы білетін, яғни жергілікті жерде еңбек етіп, ысылған мамандар қажет, - деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев аталған сұхбатта.

Серік Жұманғарин бастаған блоктың осы межеден қаншалықты шыға алатынын уақыт көрсетеді.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT