Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

АСТАНА. KAZINFORM – Осы апта еліміздің орталық және жергілікті атқарушы органдарында бірқатар кадрлық ауыс – түйіс болды.

Аптаның басында Мемлекет басшысының Жарлығымен Арман Қырықбаев Қазақстан Республикасы Президентінің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі болып тағайындалды.

 Арман Оразбайұлы 1976 жылы 20 қазанда Целиноград қаласында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік басқару академиясының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық Академиясының түлегі. Мамандығы – халықаралық экономист. Мемлекеттік қызметте, мәдениет және жастар саясаты саласында 28 жылдан астам жалпы еңбек өтілі бар.

Еңбек жолын 1996 жылы Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің референті, атташесі болып бастаған. 1997 - 1999 жылдары – Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы елшілігінің атташесі, 1999 - 2000 жылдары – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің үшінші хатшысы, кейін Қазақстан Сыртқы істер министрлігі ТМД істері комитетінің екінші хатшысы. 2002 - 2004 жылдары – «ABE корпорациясы» ЖАҚ Стратегия және маркетинг департаментінің директоры, 2004 - 2005 жылдары – «К – МАРТ» ЖШС Бас директоры.

2005 жылы Медеу ауданы әкімінің орынбасары, 2005 жылдан 2006 жылға дейін Алматы қаласы жастар саясатын дамыту мемлекеттік қорының директоры, 2006 жылдың сәуірінен 2008 жылдың ақпанына дейін Қазақстан  Мәдениет және ақпарат министрлігі Қоғамдық - саяси жұмыс және жұртшылықпен байланыс департаментінің директоры қызметтерін атқарған.

2010 жылдың қаңтарынан 2012 жылдың ақпанына дейін Қазақстан Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды.

Арман Қырықбаев 2012 - 2014 жылдары Қазақстан Мәдениет және ақпарат вице-министрі лауазымында болды. 2014 - 2015 жылдары Nur Otan партиясы төрағасы бірінші орынбасарының кеңесшісі болған. Сондай-ақ, 2015 жылдың қазанынан 2019 жылдың шілдесіне дейін Алматы қаласы әкімінің ішкі саясат, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, жастар саясаты, тілдерді дамыту және басқа да мәселелер жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Алматы қаласы әкімінің орынбасары болды.

2024 жылы Президент Әкімшілігінің Коммуникациялар бөлімінің меңгерушісі лауазымына тағайындалған еді.

Ал апта аяғына қарай Мемлекет басшысының Жарлығымен Қанат Шарлапаев Қазақстан Республикасы Президентінің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі болып тағайындалды. 

Ол 1981 жылы Ресей Федерациясында туған. Саратов әлеуметтік - экономикалық университетін, Крэнфилд менеджмент мектебін (Ұлыбритания) бітірген. Мамандығы – экономист, қаржы және басқару магистрі.

Еңбек жолын 2003 жылы Ресей Федерациясының Петрокоммерц банкінің Клиенттерді басқару басқармасының менеджері болып бастаған.

2006 - 2008 жылдары «Сити» инвестициялық банкінің Лондон (Ұлыбритания), Прага қалаларындағы (Чехия) Қаржы департаментінде маман болып жұмыс істеген. 2008 – 2014 жылдары «Сити» инвестициялық банкінің (Ұлыбритания) нарықтағы акциялар жұмысы жөніндегі өңірлік дивизионының аға талдаушысы, вице – президентінің көмекшісі, вице – президенті болған.

2014 - 2015 жылдар аралығында Ұлыбританияның «Сити» инвестициялық банкінің Еуропа, Таяу Шығыс және Африка бойынша Стратегиялық жоспарлау және талдау өңірлік тобының вице-президенті лауазымын атқарған.

2015 - 2017 жылдары Қазақстанның Ситибанкінде бас қаржы директоры, басқарма төрағасының орынбасары, аға вице-президенті болған.

2017 - 2020 жылдар аралығында Ресей Федерациясының «Сити» инвестициялық банкінің Ресей, Украина және Қазақстан бойынша бас қаржы директоры, аға вице-президенті болып жұмыс істеген. 2020 жылы «Сити» инвестициялық банкінің (БАӘ) Африка, Таяу Шығыс пен Шығыс Еуропаның дамушы нарықтарындағы стратегия, жоспарлау және талдау жөніндегі өңірлік директоры лауазымына тағайындалған.

2022 жылғы ақпаннан бастап «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы қызметін атқарған.

2023 жылдың 4 кыркүйегінен бастап Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі болып тағайындалды.

Қанат Шарлапаевтың орнына Ерсайын Нағаспаев Өнеркәсіп және құрылыс министрі болды. 

Ерсайын Нағаспаев жоғары білімді, Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «Халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша тәмамдаған.

2001 жылдан бері мемлекеттік қызметте, Еңбек жолын Теміртау қаласы әкімінің аппаратында бастады. ҚР Сыртқы істер, көлік және коммуникация министрліктерінде түрлі қызмет атқарды. Вице-премьердің кеңесшісі болды. «Ақтау халықаралық порты» РМК-да жұмыс істеді. Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы аудан әкімінің орынбасары, Қарағанды облысы әкімінің кеңесшісі болды.

Мемлекет басшысының өкімімен Абай Қайырбеков Қазақстан Ішкі істер министрінің орынбасары – Қылмыстық – атқару жүйесі комитетінің төрағасы лауазымын иеленді.

  Абай Серікұлы 1997 жылы Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін, 2002 жылы Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

1998 жылдан 2002 жылға дейін Қарағанды облысының Ішкі істер бөлімшелерінде қызмет атқарды;

2002 жылдан бастап ҚР ІІМ ведомстволарында түрлі лауазымда қызмет (оның ішінде жедел) атқарды;

2011 жылдан бастап ІІМ орталық аппаратында басқарма бастығының орынбасарынан Департамент бастығының орынбасарына дейін басшы лауазымдарда жұмыс істеді;

2023 – 2025 жылдары – ІІМ ҚАЖК төрағасының бірінші орынбасарының міндетін атқарушы.

Мемлекет басшысының өкімімен Әлібек Ахмедьяр Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары болып тағайындалды. 

Ә.Ғ.Ахмедьяр еңбек жолын Индустрия және сауда министрлігінде Заң департаментінің сарапшысы қызметінен бастады.

Білім және ғылым министрлігінде, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде, Инвестициялар және даму министрлігінде, Қазақстан  Премьер-Министрінің Кеңсесінде еңбек етіп, Сыртқы істер министрлігінде Заң қызметі департаментінің директоры қызметін атқарды. 2022 - 2025 жылдары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аппарат басшысы болды.

Мемлекет басшысының өкімімен Азамат Жолманов Мемлекеттік басқару академиясының ректоры болып тағайындалды. 

Азамат Сағатұлы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша және ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистратурасын бітірген. 2019 жылғы Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі.

Мемлекеттік басқару саласында 10 жылдам астам еңбек өтілі бар.

Еңбек жолын Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі Сыртқы байланыстар және инвестициялар департаментінің сарапшысы лауазымынан бастаған. Одан кейін Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ғылыми-зерттеу институтында ғылыми қызметкер, сектор меңгерушісі, директордың орынбасары, Мемлекеттік қызметкерлерді кәсіби дамыту институты директорының орынбасары, Қарағанды облыстық филиалының директоры, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Стратегиялық әзірлемелер және халықаралық бағдарламалар департаменті директоры болды.

Үкімет қаулысымен Рамиль Камалов Төтенше жағдайлар вице – министрі болып тағайындалды.

  Ол 1976 жылы Торғай облысында дүниеге келген. ҚР ІІМ Павлодар техникалық колледжін, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін бітірген.

Еңбек жолын Ақмола облысы ІІБ Мемлекеттік өртке қарсы қызмет басқармасы № 84 дербес әскерилендірілген өрт сөндіру бөлімінің мемлекеттік өрт бақылау инспекторы болып бастады.

1998 жылы Ақмола облысы Мемлекеттік өртке қарсы қызметі № 19 өрт сөндіру бөлімінің инспекторы, аға инженері болып жұмыс істеді.

1998-1999 жылдары – Астана қаласы МӨҚҚ №7 өрт сөндіру бөлімінің инспекторы.

1999-2005 жылдары – Астана қаласы «Өрт сөндіруші» РМК филиалы өрт сөндіру бөлімінің аға инженері, бастығының орынбасары, бастығы, өрт сөндіру тобының бас маманы.

2005-2006 жылдары – ҚР ТЖМ Төтенше жағдайлар саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау комитеті өрт сөндіру және авариялық – құтқару жұмыстары қызметі бөлімінің бас маманы.

2006-2014 жылдары – ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті Өрт сөндіру және авариялық – құтқару жұмыстары басқармасының бас маманы, бастығы.

2014-2016 жылдары – ҚР ІІМ ТЖК Өрт сөндіру қызметін ұйымдастыру бойынша басқармасының бастығы.

2016-2017 жылдары – Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары.

2017-2023 жылдары – Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы.

2023 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін – ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы.

Фархат Сәрсекеев «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ төрағасы болып тағайындалды. 

Фархат Сәрсекеев 1984 жылы туған. Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін және Қазақ Еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясын бітірген.

Еңбек жолы 2005 жылы банк секторында басталған.

2005-2006 жылдары «Қазкоммерцбанк» АҚ Шағын және орта бизнесті несиелеу басқармасында 1 және 2-санатты менеджер болып жұмыс істеді.

2008-2009 жылдары – «Демир Банк Қазақстан» АҚ Корпоративтік бизнес департаментінің несие менеджері.

2009-2010 жылдары – «АТФ Банк» АҚ (UniCredit Group) Restructuring and workout бас маманы.

2010-2012 жылдары – «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ активтерді қайта құрылымдау департаментінің бас фронт-менеджері.

2012-2015 жылдары – «Сбербанк» АҚ ЕБ Ұлттық компаниялармен және даму институттарымен жұмыс департаменті директорының орынбасары.

2015-2018 жылдары – «Сбербанк» АҚ ЕБ Қарағанды филиалында Корпоративтік бизнес жөніндегі директордың орынбасары

2018-2019 жылдары – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ Басқарушы директоры

2019-2023 жылдары – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары

2023 жылдан бастап осы уақытқа дейін «Фридом Банк Қазақстан» АҚ Корпоративтік бизнес жөніндегі басқарушы директоры болды.

Парламент Мәжілісінің депутаты болған Руслан Берденов Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметіне барды. 

Еңбек жолын 2005 жылы «Алматы құс» ААҚ («Сеймар» тобы) компаниясының бөлшек сауда директоры қызметінен бастады.

2007 жылғы ақпан-2010 жылғы шілде-Procter & Gamble компаниясының бас логистикалық үйлестірушісі.

2010 жылғы шілде-2012 жылғы қараша – «Eastcomtrans» ЖШС жылжымалы құрамды жалдау бөлімінің бастығы.

2012 жылғы қараша-2018 жылғы мамыр – «Ақ ниет» ЖШС Бас директоры.

2018 жылғы қараша-2019 жылғы сәуір – «Ақ ниет» ЖШС Байқау кеңесінің мүшесі.

2019 жылғы сәуір-2023 жылғы наурыз-Aq niet Group Байқау кеңесі төрағасының орынбасары.

2023 жылғы 29 наурыздан бастап – «Respublica» партиясының партиялық тізімі бойынша VIII сайланған Мәжіліс депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі болды.

Исатай Еспағанбетов Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысы қызметіне тағайындалды. 

Ол 2004 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін, 2025 жылы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін тәмамдаған.

Еңбек жолын 2006 жылы Мәртөк аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің жетекші маманы болып бастаған.

2008-2010 жылдары аралығында Мәртөк аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы, 2010-2021 жылдары аралығында Мәртөк ауданы Байторысай ауылдық округінің әкімі, Мәртөк аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы, Мәртөк ауылдық округі әкімі, Мәртөк ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.

2021-2023 жылдары аралығында Ақтөбе облысының Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болып қызмет етті.

Айбол Құлбаев Алматы облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды. 

Ол 2008 жылы Қазақ спорт және туризм академиясында «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша бакалавр, 2010 жылы магистр, 2015 жылы «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша доктор дәрежелерін алған.

2018 жылы Ресей халықаралық олимпиадалық университетінде «Спорттағы менеджмент пен маркетинг» мамандығы бойынша қосымша кәсіби білім беру бағдарламасын аяқтаған.

Еңбек жолын 2009 жылы Алматы технологиялық университетінің технология-экономикалық колледжінің оқытушысы болып бастады.

Әр жылдары Қазақ спорт және туризм академиясының аға оқытушысы, ғылым, халықаралық байланыс және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаментінің директоры, бөлім жетекшісі, ғылым және стратегиялық даму жөніндегі проректоры, Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясының ғылым және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры лауазымдарында қызмет атқарған.

2024 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Қ.Ахметов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінің директоры болды.

Дәулет Байболатов «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының бас директоры болып тағайындалды.

  Ол 1986 жылы Лениногор орман техникумын орман шаруашылығы технигі мамандығы бойынша бітірді. 1995 жылы Сібір технологиялық институтын орман шаруашылығы инженері біліктілігі бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 1986 жылы Семей механикаландырылған орман шаруашылығының Краснокордон орманшылығының өрт сөндіру станциясының бастығы ретінде бастаған.

Одан кейін Семей орман шаруашылығы өндірістік кәсіпорнының орман қорғау инженері, Краснокордон, Пригород, Қаштак орманшықтарында орманшы ретінде, Талицк орманшылығының басшысы болып жұмыс істеген.

«Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының Семей, Жаңа Шүлбі, Морозов филиалдарының директоры болды. Осы қызметке тағайындалмас бұрын «Семей орманы» резерваты бас директорының орынбасары еді.

Орман шаруашылығы саласындағы жалпы еңбек өтілі - 40 жыл.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT