АСТАНА. ҚазАқпарат – Қарулы Күштеріміз – мемлекеттігіміздің мызғымас тірегі. Бұл туралы Бүкілармиялық кеңесте Президент – Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ең алдымен баршаңызды алда келе жатқан Отан қорғаушы күнімен құттықтаймын! Қазақстанның аспаны ашық, іргесі бүтін болсын! Сіздерге ерекше миссия жүктелген. Себебі, Қарулы Күштеріміз – мемлекеттігіміздің мызғымас тірегі. Туған елдің тәуелсіздігін және бейбіт өмірін қорғау – қасиетті парыз. Туған жердің аумақтық тұтастығын сақтау – қастерлі борыш. Батыр бабаларымыз ғасырлар бойы жерінің шетін жауға бастырмай, бізге мирас етті. Осы ұлы мұраны көздің қарашығындай сақтау – басты міндетіміз», - деді Мемлекет басшысы.
Президент біртұтас әрі қуатты мемлекетті ұрпаққа табыстау – негізгі мақсатымыз екендігін баса айтты.
«Ел іші – тыныш, қоғам – тұрақты болса, жасампаз әрі өркениетті мемлекетке айналамыз. Яғни, дамыған ел боламыз десек, ең алдымен, бейбітшілік және тыныштық керек. Қарулы Күштеріміз осы қастерлі құндылықтарды қорғауға тиіс. Қазақстан барлық елдермен достық қатынас орнатқан. Біздің ұстаным – айқын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.