Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

2029 жылға қарай ұлттық экономика көлемін екі есе ұлғайта аламыз – Президент

сурет ғаламтордан алынды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көле­мін екі есе арттырып, 450 миллиард долларға жеткізу көзделгені туралы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Әрине, бұл – жетуге болатын меже. Халықаралық валюта қорының сарапшылары 2023 жыл­дың қорытындысы бойынша Қазақ­станның Ішкі жалпы өнімі қазіргі бағамен есептегенде 259 миллиард доллардан асады, яғни 2022 жылмен салыстырғанда 15 пайызға артады деп бағалап отыр. Бұл – Орталық Азиядағы ең жоғары ақшалай өсім. Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім де өсіп келеді. Бұған қатысты болжамды көрсеткіш былтыр 13 мың долларға жуықтады.

Оның жыл сайынғы өсімі 1,6 мың доллар болады деп бағаланып отыр. Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, 2028 жылға қарай бұл көрсеткіш отыз пайыздан да көбірек артып, 16,8 мың долларға жетеді. Шын мәнінде, мен үшін макроэко­номикалық көрсеткіштер сонша­лықты маңызды емес, азаматтардың тұрмыс сапасының іс жүзінде жақсаруы одан әлдеқайда маңыздырақ», деді Мемлекет басшысы.

Президент Үкімет экономиканы басқарудың тың тәсілдерін қолдана алса, жаңа айтылған жақсы болжамдар ақиқатқа айналатынын айтты.

«Біріншіден, еліміздің өркендеуіне жол ашатын бірқатар нақты міндетті шешу қажет. Сондай міндеттің бірі – ауқымды өнеркәсіп жобаларын жүзеге асыру. Қыркүйектегі Жолдауда Үкімет­ке мұндай жобаларды анықтау және Инфрақұрылымды дамыту жос­парын әзірлеу туралы тапсырма бе­рілді. Бұл жобалар ірі бизнес өкілдері­мен, институционалды инвесторлар­мен және сарапшылармен бірге пысық­талып, нақты жұмыс атқарылып жатыр.

Тағы бір маңызды міндет – инвестиция тарту. Бұл міндетті орын­дау­ға жекешелендіру және активтер­ді қайтару науқандары да септігін тигізеді. Қомақты инвестиция болса, экономика қарқыны үдейе түседі және жаңа мүмкіндіктер пайда болады. Осы орайда мен жақында Инвестиция штабын құру туралы Жарлыққа қол қойдым. Бұл штабқа еліміздегі инвес­тициялық ахуалды жақсарту және инвестициялық жобаларды сапалы жүзеге асыру үшін ауқымды өкілеттік берілген.

Екінші бағыттағы жұмыс экономи­ка­ның барлық саласына қатысты «ойын тәртібін» белгілейтін жүйелі рефор­маларды жүзеге асыру шараларын қамтиды. Менің тапсырмаммен Үкімет мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасын қайта қарауға мүмкіндік беретін жаңа Салық кодексін әзірлеп жатыр. Салық жүйесін жетілдіргенде тек төлем жинау тәсілімен шектеліп қалмау өте маңызды. Бір жағынан, инвесторларға қолайлы жағдай жасау керек. Екінші жағынан, бюджет кірісінің азайып кетпеуіне мән берген жөн. Яғни таразы басын тең ұстау қажет.

Жаңа Бюджет кодексі де – өте маңызды құжаттың бірі. Біз «қазына қаражатына» деген көзқарасымызды өзгертіп, оны тиімді, жөнімен әрі үнемдеп жұмсауға тиіспіз. Бұл ретте мемлекеттік сатып алу ісін және мемлекет пен жеке сектордың серіктестігін реттейтін жаңа заңдар елеулі рөл атқарады. Осы құжаттар мем­лекеттік сатып алу ісінің ашық болуын да қамтамасыз етеді. Сондай-ақ экономиканы дамытуға қажет­ті қаражат қорын қалыптастыруға септігін тигізеді», деді Президент.

Бұдан соң ол квазимемлекеттік сектордың тиім­ділігін арттыруға көп көңіл бөлу қажет екенін айтты. 

«Мына мәселеге назар аударғым келеді. Әлемдегі эко­номикалық ахуал біздің елге де салқынын тигізетіні сөзсіз. Алайда кез келген қиындық жаңа мүмкіндікке жол ашады. Үкіметтің жел қайдан соқса да желкенді өзіне оңтайлы бұра алатындай, жан-жақты ойластырған жоспары болуға тиіс. Экономиканың өсімін ынталандыру шаралары мен құрылымдық реформалар қатар жүруі керек. Нақтырақ айтсақ, кәсіпкерлік пен бәсекені дамыту, жекеменшікті қорғау, әділ сот төрелігі болуы өте маңызды. Сонда ғана көздеген мақсаттарымыздың бәріне қол жеткізіп, белгіленген мерзімде ұлттық экономика көлемін екі есе ұлғайта аламыз», деді Президент.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT