Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ЖАРЫҚ ЖЕЛІСІ ЖАҢАРТЫЛДЫ

«ИНФРАҚҰРЫЛЫМҒА ҚАТЫСТЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ШЕШУ ҚАЖЕТ. БҰЛ ЖҰМЫС, ЕҢ АЛДЫМЕН, ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ САЛАСЫНДА ЖҮРГІЗІЛУГЕ ТИІС. ҚАЗІР ЭНЕРГИЯ ӨНДІРЕТІН ЖАҢА НЫСАНДАР САЛУ ҮШІН БЕРІЛЕТІН НЕСИЕ ШАРТТАРЫН ҚОЛАЙЛЫ ДЕП АЙТА АЛМАЙМЫЗ. СОНДЫҚТАН ҮКІМЕТ ҚАРЖЫ ИНСТИТУТТАРЫ АРҚЫЛЫ ҰЗАҚ МЕРЗІМГЕ АРНАЛҒАН ҚОЛЖЕТІМДІ НЕСИЕ БЕРУ ЖОЛДАРЫН ОЙЛАСТЫРУҒА ТИІС. МЕМЛЕКЕТТІҢ ҰЗАҚ УАҚЫТҚА АРНАЛҒАН НАҚТЫ ТАРИФ САЯСАТЫ, ЯҒНИ ТИІСТІ ЖОСПАРЫ БОЛУЫ КЕРЕК. БҰЛ – ОСЫ САЛАҒА «ҰЗАҚ МЕРЗІМГЕ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУДЫҢ» НЕГІЗГІ ШАРТЫ». (Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауынан)

Ауданға қарасты 17 ауылда электр желісі жаңасына ауыстырылды. Бұл тұрғындардың жүріп-тұруы мен қауіпсіздігі үшін өте қажетті шаралар болып табылады. Осындай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады деп сендірді аудандық әкімдіктегі мамандар. Биыл аудандағы 17 ауылдық округте 1445 жарық шамы, 1100 бағана мен үш трансформатор орнатылды. Сондай-ақ, 26 400 метр электр желісі жүргізілді.

– Аудан бойынша «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында үстіміздегі жылы Сүйіндік, Жаңаталап,Сафон, Мақаш, Көптоғай, Бөкейхан және Құрманғазы ауылдары толықтай жарықтандырылды. Сонымен қатар, халық саны көп Ақкөл ауылына 54 шақырым электр желісі мен көше жарығы тартылды. Сол секілді, жаңа «Ақкөл» қосалқы станциясының құрылысы жүргізілуде. Бүгінде ауылдардың ішіне 605 электр бағанасы орнатылып, 23 шақырым кабель мен әуе желісі жүргізілді. Қосалқы станция құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр, - дейді аудан әкімдігінің баспасөз хатшысы Гүлхат Хамза.

Соңғы уақытта инфрақұрылым саласын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жаңа жобалар жүзеге асырылып, тың бастамалар қолға алынуда. Өз кезегінде бұған аудан тұрғындары да дән риза. Солардың бірі – Бөкейхан ауылының байырғы тұрғыны, ұлағатты ұстаз әрі мемлекеттік қызмет саласының ардагері Клара Шамарқызы.

– Мен Байда ауылындағы бұрынғы Н.Крупская, қазіргі Ф.Оңғарсынова атындағы жалпы білім беретін мектепте көп жыл мұғалім болып еңбек еткен адаммын. Сондай-ақ,қоғамдық жұмыстарға да белсенді араластық. Тіпті, бір уақытта бұрынғы Котяев, қазіргі Бөкейхан ауылының әкімі болып та қызмет атқарғаным бар. Әрине, бүгінгі күнді кешегімен салыстыруға келмейді. Арасы жер мен көктей ғой. Бұрын біздің қолымыз қысқа болды. Әсіресе, қаражат көзін табу қиынға соғатын. Одан кейін, қазіргідей таңдай қақтырар технология да болмады. Ал, тоқсаныншы жылдардағы тоқыраудан енді көзін ашқан халық екінші мыңжылдықтың басындағы экономикалық өзгерістерге тап болды. Мұндай кезде тұрақты өсу мен өркендеуге бірден қол жеткізе қою оңай емес-ті. Ақыры, айлар ағып, жылдар жылжып, бүгінде тәуелсіздіктің арқасында толайым табысқа кенеліп, жарқын жетістіктерге жетіп жатқан жайымыз бар. Соның бір көрінісі – өңірдегі ең ірі аудан саналатын өзіміздің Құрманғазыда бір емес жиырмаға жуық ауылдың электр желісінің жаңартылуы десем, артық айтқаным емес. Осы орайда аудан басшылығы тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар осымен шектеліп қалмай, алға қарай да жалғаса берсе екен деймін. Өз заманымызда біздің қолымыз жетпеген игіліктерге бізден кейінгі өсіп келе жатқан жас ұрпақ жетсін, - дейді ол бізбен әңгімесінде.

Әділет АМАНГЕЛДІ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT