Елімізде қалыптасқан төтенше жағдайға орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарға үндеу жолдап, соның ішінде кәсіпкер азаматтарды короновирус ауруына қарсы күрес мақсатында қайырымдылық жасауға шақырған болатын.
Елбасының бұл үндеуіне белгілі меценат, ауданның Құрметті азаматы Мұрат Сарманов та үн қосып, бір миллион теңге қаржы аударатынын жеткізді. Бұл туралы ол облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі түсірген бейне-роликте хабарлады.
– Тек елімізді емес тұтас әлемді алаңдатып отырған аты жаман ауру бәріміздің де жанымызды түршіктіріп, қобалжытып отырғаны рас. Осы орайда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қиындықтан шығу жолында барша кәсіпкерлерге үндеу тастағаны белгілі. Елдің саулығы, жұрттың амандығы үшін жан-жақты жасалып жатқан жұмыстарды көре отырып, осынау игі бастамадан мен де қалыс қалмайын деп шештім. Төл тарихымызға зер салар болсақ қазақ халқының басынан бұдан да қиын кезеңдер өткені белгілі. Талай нәубет пен қиындықты еңсерген халқымыз бұл кезеңнен де аман-есен шығады деп сенеміз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, – деді Мұрат Сарманов.
Қашанда, жақсылықтың жанынан табылып, атымтай жомарттығымен танылып жүрген кәсіпкер ағамыздың бұл игі ісіне «Бәрекелді-ден» басқа айтарымыз жоқ.
Сурет: ашық дереккөзден