Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Ауылдар - таза су мен табиғи газбен толықтай қамтылады

Атырау облысының 79,2 пайызы газбен қамтылған, енді қалған 34 ауылды газдандыру жоспарда тұр.

Бұл туралы «atr.kz» – ге Атырау облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мұрат ИҒАЛИЕВ хабарлады. Елбасы «Нұр Отан» партиясының ХVІІІ съезінде сөйлеген сөзінде барлық салаға баса назар аударды. Соның ішінде коммуналдық сала да қамтылды.

Осы орайда Мемлекет алдағы он жылда ауылдарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету және табиғи газ құбырын тарту жұмыстарына қазынадан 920 млрд.теңге қаражат жұмсалатыны нақтыланды. Бағдарлама толықтай жүзеге асқанда елімізде 2,2 млн.адам құбыр бойымен келетін таза ауыз су мен «көгілдір отынның» игілігін көру мүмкіндігіне ие болады.

Бұл бағыттағы жоспарлы жұмыстар Атырау облысында да жүйелі түрде жалғасын тауып келеді. Нақтылай айтқанда, Құрманғазы ауданында биылдан бастап бірнеше елді мекенді тазартылған ауыз желісіне қосу бағытындағы ауқымды іс-шаралар басталды. Мәселен, Ақкөл ауылында су тазарту имараты қайта жаңғыртылса, осындағы Дәулеткерей-Кенеу, Индер ауданының Кетебай, Қызылжар-Ақтан елді мекендерінде су құбырының құрылысы жалғасын табады. Бұдан бөлек, Құрманғазы ауданының Асан, Ұштаған, сондай-ақ, Исатай ауданының Забурын ауылдық округіне қарасты Амангелді мекеніне таза су желісін жеткізу көзделіп отыр. Сондай-ақ, «Астрахан-Ганюшкино-Маңғышлақ» магистралды су құбырына Қиғаш бойындағы өңірдің бірнеше елді мекенінде орналасқан су тазарту имараттарын қосу үшін желі тарту жұмыстары басталады.

Бүгінгі таңда аймақтағы елді мекендердің 130-ы немесе 79,2 пайызы «көгілдір отынмен» қамтылды. Енді облыстағы қалған 34 ауылды газдандыру жоспарда тұр. Елбасы бұған дейін де шекара маңындағы елді мекендерді дамыту, толықтай инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету туралы тапсырма берген болатын. Сол міндетті орындау мақсатында Құрманғазы ауданының аумағындағы Азғыр өңіріндегі 10 ауылға газ жеткізу қолға алынды.Осы аумақтағы алты елді мекенде 7 мыңнан астам адам тұрады. Атап айтқанда, Балқұдық, Азғыр,Қоңыртерек, Асан, Үштаған, Сүйіндік ауылдарын газдандыру үшін екі жоба әзірленді. Оның бірі ­­- 365 шақырымдық магистралдық және кентаралық жоғары қысымды газ құбыры, екіншісі ­– жалпы ұзындығы 67,6 шақырымды құрайтын селоішілік «көгілдір отын» желісі. Бұл жобалардың жалпы құны 10,3 млрд.теңгені құрайды. Биыл НКОК компаниясының қаржылай демеушілігімен басталған құрылыс-монтаж жұмыстары биыл одан әрі жалғасуда.

Сонымен қатар, 362 шақырым кентаралық, Махамбет, Исатай, Қызылқоға аудандарының бірнеше елді мекенінде бұрын басталған газдандыру жұмыстарын аяқтау көзделген. Мұның сыртында, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның Атырау өндірістік филиалы 9 инвестициялық жобада тозығы жеткен болат құбырды полиэтиленмен алмастыру қарастырылып отыр. Жобаға енгізілген 6 нысанның құрылысына жергілікті бюджеттен 228,2 млн.теңге қаржы бөлу жоспарланды. Мұрат ИҒАЛИЕВ, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT