Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ҚҰРМАНБЕКТІҢ ҚАЖЫРЛЫ ЕҢБЕГІ

Ойыл ауылдық округіне қарасты «Құрман» шаруа қожалығы аудан жұртшылығына жақсы таныс.

2006 жылы құрылған шаруашылықтың қазіргі таңда жұмысы жүйелі әрі нәтижелі. Қожалық төрағасы Құрманбек Жаңабаевқа ата-анасы ақылшы болса, бауырларымен «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» ауызбіршілікте жұмыс жасауда. Жаңабаевтар әулеті үшін мал шаруашылығы атадан балаға мұра болып келе жатқан кәсіп. Иеліктерінде мың бес жүз қой, үш жүз отыз сиыр, 230 жылқы, 140 түйе бар. Шаруашылыққа қажетті түгел сатып алған шаруашылық иесі мал басын көбейтуден бөлек асылдандыру жұмыстарын қолға алған. Ол жұмыстары да нәтижелі жүруде. Осыдан екі-үш жыл бұрын Ақтау қаласынан он аруана мен бір аталық түйе, Татарстан елінен бір етті тұқымды айғыр, Ресейдің Оренбург облысынан сексен бас семинтал бұқаларын әкеліп жерсіндірді. Бұл жұмыстар шаруашылық иелеріне оңайға соқпаса да, кері қайтпай білек сыбана кірісті. Сол тәуекелдің арқасында еңбектері ақталып ағайындылардың жұмысы оңынан туды. Осындай жұмыстың нәтижесінде шаруашылық мемлекет тарапынан субсидия алып, техникаларын жаңартуға, басқа да қажеттіліктерін өтеуге мүмкіндік алды.

Сондай-ақ, мемлекттік бағдарламалардың да оларға тигізген көмегі көп болды. Бір ғана мысал жыл басында «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның «Сыбаға» бағдарламасы аясында мемлекеттен 51 миллион теңге көлемінде қаржы алды. Сол қаржыға Ресейден 39 бас абердин ангус аналық сиырын әкелген Құрманбек Аманғалиұлы алдағы уақытта иелігіндегі сиыр малын тағы да көбейтпек ойда. – Мал шаруашылығы бізге бала күнімізден таныс. Атам, әкем барлығы осы кәсіппен айналысты. Алманың алма ағашынан алыс түспейтіні секілді бізде ата кәсіпті қолға алып, оны одан әрі дамытуды ойладық. Қазіргі таңда шаруашылықтың құрылғанына он бес жылға таяды. Жұмысымызда бір ізділік бар. Алғашында мемлекет тарапынан берілетін көмектерді пайдаланып, мал басын асылдандыру жұмыстарын бастадық. Биылғы жылы да мемлекеттік бағдарламаның аясында тағы да жұмысымыз жанданды.

Бұл істер жалғыз менің ғана емес бауырларымның қолдауы мен ата-анамның тілекші болуының арқасында жүріп жатыр. Осыған дейін алынған жылқы да, қой да, сиыр да біздің жерге үйренді. Қыста қыстауда, жаз жайлауға орналасып төрт түліктің қамымен жүреміз. Әр мезгілдің өз науқандық жұмыстары бар. Қазір шөп шабу науқан қызу жүруде. Ендігі жоспар жыл аяғына дейін тағы да 40 бас абердин ангус аналық сиырын әкеліп, жерсіндіру. Сондай-ақ, Қостанай қаласынан І класты бұқа әкелуді жоспарлап отырмыз, -дейді шаруашылық төрағасы Құрманбек Жаңабаев. Қашанда жаңашылдыққа жаны жақын кейіпкеріміз өткен жылы ет, сүт өнімдерін өңдейтін цех ашуды қолға алған болатын. Қазіргі таңда цех жұмысының 70-80 пайызы бітіп тұр. Яғни құрылысы аяқталған цех алыстан көзге түседі. Ендігі жұмыс - аппараттарын орнату. Ол үшін де шаруашылық иесі ресейліктермен келісімшартқа отырған. Келесі жылы жаңа цех жұмысын бастап, ауыл, аудан халқына қызмет етпек. Ауданда ауылшаруашылығын дамыту бағытында жасалып жатқан жұмыстар, шаруашылық иелерінің кәсібін дөңгелете алуы «Сыбаға» секілді мемлекеттік бағдарламалардың арқасы. Бастаған істің нәтижелі жүруі шаруаның да басқаның да көңілін жайлы етіп отыр. Төрт түлікті тіршілік көзі деп балаған шаруашылық иелері осылайша шаруасына жаңа бетбұрыс әкелуде. Бұрынғыдай жайлау төсінде мыңғырта мал айдап, оның бабын жасауға ерекше көңіл бөліп отырғаны да көңіл қуантады. Сыбағадан сыбағасын алып, шаруашылығын дөңгелеткен Құрманбектің жұмысы көпке үлгі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521