«Сыбағадан» сыбаға алған Саламат

Қызылқоға өңірі шөбі шүйгін, шаруаға қолайлы мекен.

Соңғы жылдары ауданда атакәсіппен несібесін айырып отырған шаруашылықтардың саны артып, олардың көбі малды асылдандыру бағытына ден қоя бастады. Бұған «Сыбаға» сынды тиімді несиелердің, субсидиялар арқылы демеу болып отырған мемлекеттік қолдаулардың да тигізген септігі мол. Солардың бірі ауданда мал шаруашылығын дамытуға сүбелі үлес қосып отырған «Фархад» шаруа қожалығы. Шаруасын дөңгелетіп отырған шаруа қожалықтың өресі кең, құлашын кеңге жая бастаған құрылым. 2003 жылы құрылған шаруашылық иелігінде қазіргі таңда үш жүз қой, отыз сиыр бар. Жамбыл ауылдық округіне қарасты шаруашылықтың тізгінін ұстап отырған Саламат Таяшов еңбекқор, шаруаға мығым, төрт түліктің жайына қанық азамат. Құрылған уақыттан бері шаруашылықтың басы-қасында жүрген ол биыл ғана баласы Нұрланға аманаттады. Десе де, өзі әлі шаруашылықтан қол үзген емес. – Шаруаны алғаш бастаған кезде қожалықта аз ғана мал болды. Бала-шаға, жақын-жарандардың күшімен еңселі мал базасын тұрғыздық. Аллаға шүкір, шаруа өз ретімен жүріп келеді. Мемлекет тарапынан берілетін көмектің де бізге берері көп болды. 2005, 2010 жылдары мемлекеттік бағдарламалар арқылы шаршашылық жұмысын жандандыру көзделді. Биыл да «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның «Сыбаға» бағдарламасы аясында 130 бас қой, бес қошқар, «Беларусь» маркалы трактор, шөп шабатын техника алып отырмыз. Бұл біз үшін үлкен көмек болды, – дейді қожалық басшысы. Бұл үшін жергілікті әкімдікке, бөлім басшыларына ризашылығын білдірген қожалық иесінің мемлекеттен алған жәрдемі тек бұл емес, ізденсең қолжетімді көмектің көп екенін айтады. Шаруашылықты әуел бастағанда да пайызы аз мемлекеттің тиімді несиесі «Сыбаға» арқылы қарызға қаржы алған. Қожалық басшысы мал басын тұрақты көбейтуді, асылдандыруды мақсат етіп қойған соң, жан-тәнімен кірісу керек екенін айтады. Қыстың ызғарында малды күту, азық дайындау, көктемде төлдету сынды істерге көп тер төгу қажет. Қожалықтың жұмысына Таяшовтар әулеті түгелдей атсалысады. Негізгі жұмысты ұлдары атқарады. Жазғы мал азығын дайындау кезінде шөп шабатын тракторға соларды отырғызыпты. Бір абзалы, балалары техниканың тілін біледі, қай іске де қолғабыс етеді. Атакәсіпті дөңгелете білген Саламат Таяшұлы балаларымен бірге бірлесе жұмыс жасап, мемлекет қамқорлығын сезініп отыр. Сосын да Саламат тәрізді елдің тынысын кеңейтіп, ырысын арттырар азаматтардың көп болғанын қалаймыз.

Гүлмира МАҚСОТҚЫЗЫ

Айымгул Жалғасқызы

Күнтізбе

октября 2019
ПВСЧПСВ
123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031