Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Ауылда бруцеллез ауруы көбейген

Өткен аптаның жұмасы күні аудан әкімдігінде ұйымдастырылған ауданның денсаулық сақтау саласы бойынша кеңейтілген мәжіліске аудан әкімі Арман Баженов, облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Мадияр Өтешов, аудандық мәслихат депутаттары, ауылдық округ әкімдері, медицина қызметкерлері мен аудан тұрғындары қатысты.

 

Алдымен, аудандық орталық аурухананың директоры Самат Тайшыбайдың өткен жылы атқарған жұмыстары мен 2018 жылғы міндеттері туралы есебі тыңдалды.

Дәрігерлер жетіспейді

Бас дәрігердің баяндамасынан білгеніміздей, тәуліктік стационарлық науқастар саны азайып, күндізгі стационарлық науқастар саны көбейді. Екі жыл қатарынан ана өлімі тіркелмесе, 1 жасқа дейінгі екі сәби (2016 жылы сегіз сәби) туа біткен даму ақаулары салдарынан шетінеді. Жалпы өлім азайып, диагностикалау, медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталу, мүгедектерді оңалту жақсарды. Дегенмен, күрделі мәселелер де жоқ емес. Солардың бастысы туберкулез ауруының өсуі. Мәселен, 2016 жылы 17 адам (аурушаңдық көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 53,8 пайыз) жаңадан ауырса, өткен жылы жылы 24 адам (85,1 пайыз) бұл дертке тұңғыш рет шалдығып, облыс көрсеткішінен (66,3 пайыз) жоғары болып отыр. Олардың басым бөлігі Сағыз (12 адам), Ойыл (5) және Миялы (4) ауылдық округінен анықталды. Сондай-ақ, жедел бас ми қан айналымы бұзылысымен аурушаңдық 37 пайыздан 41 пайызға өсті. Аудан тұрғындарына медициналық қызмет көрсетіп жатқан 42 дәрігердің 12-і зейнеткерлік жаста. Дәрігерлердің жетіспеуінен өткен жылы нарколог, уролог, травматолог және ультра-дыбыстық диагностика дәрігерлері қайта даярлау курсынан өтсе, 17 дәрігер білімін жетілдірді. Дәрігерлер және орта буын медицина қызметкерлерінің санаттылық көрсеткіштері төмен. Өткен жылы жедел жәрдем көмегіне 10 062 адам жүгінсе, 103 науқас Атырау қаласына тасымалданды.

Өкпе аурулар неге көп?

Бұдан кейін мәжілістің күн тәртібі бойынша хабарлама жасаған облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің директоры Жаңабай Сағиевтің айтуынша, өткен жылы аудан бойынша өкпе ауруы көрсеткіші өсті. Бұған олардың әлеуметтік жағдайларының төмен болуы, өз денсаулықтарына немқұрайлы қарауы, уақытында дәрігерлік тексеруден өтпеуі, кейбір азаматтардың арақ пен темекіге үйір болуы себеп болып отыр. Сондықтан, аурушаңдығы көп ауылдық округтерде тұрғындар арасында түсінік жұмыстарын жүргізу, әлеуметтік жағдайларын көтеру, балаларға жұқпас үшін оларды оқшаулау мәселелері қолға алынуы тиіс. Сондай-ақ, науқас адамдардың ем қабылдауы медицина қызметкерлерінің қатаң бақылауында болып, күн тәртібінен түспеуі шарт.

– Осыдан үш жыл бұрын аудандық өкпе аурулар ауруханасы  жабылған еді. Сол кезде тұрғындар тарапынан наразылық туындады. «Ауданда аурушаңдық азайды ма? Бүгінгі күні өкпе ауруының көбеюі емделетін аурухананың жоқтығынан емес пе?», – деген сауалдар қойылды. Шындығында соңғы он жылда аурушаңдық төмендеді. Естеріңізге сала кетсек өткен жылы облыс бойынша өкпе дертіне шалдыққан 1370 адам есепте тұрса, осыдан жиырма жыл бұрын Қызылқоға ауданында 1300 адам есепте болды. Сондықтан, жыл сайын тіркелетін 20-25 науқас үшін аурухана ашудың қажеттілігі жоқ, – дейді әлгінде айтқан облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің директоры Жаңабай Сағиев.

ЖЫр болған «Жедел жәрдем»

Елбасы Н.Назарбаев медицина қызметкерлеріне ел тұрғындарына халықаралық деңгейде медициналық сапалы, қолжетімді көмек көрсетуді тапсырып отыр. Бұл орайда, халыққа бірден-бір медициналық көмек көрсетудің алғашқы сатысы  ол – жедел жәрдем қызметі. Сондықтан, денсаулық сақтау министрлігі жедел жәрдем қызметіне қатты көңіл бөліп, түрлі шаралар қабылдады. Мәселен, бұрынғы Атырау қалалық медициналық жедел жәрдем стансасы өткен жылдың аяғында облыс басшысының шешімімен облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы болып өзгеруі – соның бір айғағы. Осы тұрғыда түсінік берген облыстық медициналық жедел жәрдем стансасының директоры Гүлнафис Таңбаева:

– Пенде болған соң бәріміз де ауырамыз. Алғашқыда үйреншікті дәрімізді ішіп, емімізді аламыз да, ал, ауру жанға батқанда ғана 103 нөміріне телефон соғып, жедел жәрдем қызметіне жүгінеміз. Сондықтан, кейбір кезде көмек көрсету мүмкіншілігі төмен болатыны жасырын емес. Ал, дер кезінде көмек алу үшін алдын ала қаралып немесе ауырған сәтте жедел жәрдемге жүгінген жөн. Ол үшін жедел жәрдемдегі кезекшінің сұраған сауалына толықтай жауап беру қажет. Аты-жөніңізді, туған жылыңызды, тұратын мекенжайыңызды, қай жеріңіздің ауырып тұрғанын нақты айту керек. Бұл қосымша тағы шақырту түсіп жатса, науқасына орай кімге бірінші кезекте бару қажеттігі шешіліп, алғашқы көмекті жедел беру үшін қажет, – деді.

Арнайы вакцина қажет

№2 облыстық ауруханасы директорының орынбасары Надя Ерғалиева ауданда көптен бері өзекті мәселе болып келе жатқан бруцеллез ауруын жою бағытында әңгіме өрбітті. Оның пікірінше, облыс бойынша бруцеллез ауруының 70 пайызын Қызылқоға ауданы құрап отыр. Сондықтан, бұл ауруды түбегейлі жою үшін арнайы вакцина қолдану қажет.

Хабарламадан соң мінбеге көтерілген қаракөлдік Асылан Бисенбаев: «Жамбыл ауылдық округінде 1644 адам есепте тұр. Округтегі дәрігерлік амбулаторияда бір дәрігер мен он медициналық қызметкер тұрғындарға қалтқысыз қызмет көрсетуде. Олардың қызметіне халық дән риза. Округ тұрғындарының санына орай ауылға салынатын жаңа ғимарат фельдшерлік-амбулаториялық пункт есебінде жұмыс жасайды деп естідік. Сол кезде атауы өзгергенмен қызметі өзгермесе екен», – деген өтінішін білдірді.

Оның ұсынысына жауап берген аудандық орталық аурухананың директоры Самат Тайшыбай:

– Үкіметтің қаулысы бойынша 700 адам мен 1500 адам қоныстанған елді мекенде фельдшерлік-амбулаториялық пункт болуы керек. Ал, Жамбыл ауылдық округінің халқы бұл межеден асып тұрғандықтан Қаракөл ауылына фельдшерлік-амбулаториялық пункттің орнына  дәрігерлік амбулатория салынатын болды, – деп жауап берді.

Ал, Миялы ауылының тұрғыны Нұрболат Бисемалиев: «Бүгінгі күні бақилық болған қарындасым он шақты күн орталық ауруханада өкпенің қабынуы (пневмония) диагнозымен емделді. Бұдан кейін облыстық ауруханаға барып қаралғанда ондағы дәрігерлер диагноздың қате қойылғанын айтып, басқа диагноз қойып, емдеді. Сонда қате диагноз қалай қойылды?», – деп сұрады.

Бұл сауалға жауап берген аудандық орталық аурухананың фтизиопедиатр, терапевт дәрігері Қарлығаш Көбенованың айтуынша, науқас адам рентгенологиялық тексеруден өтіп, талдаулардың (анализ) қорытындысымен өкпенің сол жақ төменгі бөлігінің қабынуы (левосторонный нижний долевая пневмония) диагнозы қойылып, ем алады. Содан кейін Атырау қаласына толық тексерілуге жіберіледі. Осы орайда, облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Мадияр Өтешов бұл мәселені зерделеп, толықтай тексеріп, сауал қойған тұрғынға нақты жауап беруді аудандық орталық аурухананың директоры Самат Тайшыбайға тапсырды.

Реанимобиль неге жүрмейді?

Ал, Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектептің мұғалімі Айгүл Мұқсанова өз сауалын былайша қойды:    «2012 жылы аудандық орталық ауруханаға «Hyundai» реанимобилі, 2016 жылы «Газель» маркалы жабдықталған жедел жәрдем көлігі келді. Бұдан біразырақ бұрын «Телеграмма» электрондық бағдарламасы арқылы «Қызылқоға ауданының әкімдігі» бетшесіне осы көліктердің әлі күнге дейін халыққа қызмет көрсетпегенін айтып, себебі неде екенін сұраған едім. Бірақ, бас дәрігер тарапынан жауап берілген жоқ. Егер олар тек қана тегіс жолда жүретін болса, 80 пайыз асфальтталған Миялы ауылы ішіне неше шақыртуға барды? Тайсойған ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда учаскелік дәрігер Ақерке Тайшыбай. Учаскелік дәрігердің өз участогінде болмауынан бүгінгі күні ауыл тұрғындары мектеп медбибісіне қаралады. Себеп неде?».

Бұған аудандық орталық аурухананың директоры Самат Тайшыбай:

  «Hyundai» реанимобиль көлігін тек қана Сағыз ауылына жіберіп отырмыз. Аурухана дәрігерлері реанимобильмен науқастарды пойызға апарып, жүкті әйелдерді қарап, оларды ауруханаға алып келеді. Миялы ауылы арасындағы шақыртуларға жіберуге реанимобиль көлігі келмейді. Себебі, көлік тек тас жолға арналғандықтан кез келген құмға, балшық пен қарға тұрып қалады. Сондай-ақ, төтенше жағдайдағы шақыртуларға баратын реанимобильдің бригадасы жоқ. Бізде тек фельдшерлік бригада ғана жұмыс істейді. Жоғарыда айтқандай, Тайсойғанда 800-дей тұрғын болғандықтан фельдшерлік-амбулаториялық пункт салынып, онда фельдшер жұмыс жасайды. Дегенмен, тұрғындардың жағдайын ескеріп бір дәрігер белгілеп отырмыз. Бірақ, дәрігер ол жерге барып отыруы міндетті емес. Ай сайын дәрігерлер бригадасы барып, тұрғындарды қабылдап келеді, – деп жауап берді. Бұл сауалға қосымша жауап берген облыстық медициналық жедел жәрдем стансасының директоры Гүлнафис Таңбаева: «Алдағы уақытта аудандағы жедел жәрдем бөлімі бізге берілетіндіктен, тікелей бізге де қатысты. Реанимобиль көлігінің Сағыз стансасына барып, пойыздарға науқастарды мінгізіп жүргенін білеміз. Негізінен осы көлік қаланың сыртқы жағына бара алмай, балшық кезде батып, қосымша көлік шақыртып, көпшілік медбикелер жаяу барып жүрген кездері де болып жүр. Демек, осы жағында естен шығармағаныңыз дұрыс. Бізге «Телеграммадағы» сауалдарға жауап беруді Үкімет міндеттеп қойған жоқ. Егер жазбаша жазып әкелсеңіз, тексеріп міндетті түрде жауабы беріледі. Жеңіл жағдайларды үлкен мәселе қылып көтере берсек, ол өмір бойы шешілмейді. Сондықтан, дұрыс көзқараспен, сауатты, саналы сұрақ қойылғаны жөн», – деді.       

Мәжілісте сөз алған облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Мадияр Өтешовтің айтуынша, аудан шалғай орналасқанымен мамандардың біліктілігі, атқарған жұмыстары басқа аудандармен салыстырғанда жоғары. Бұл туралы бас дәрігер өз есебінде тізбелеп шықты. Жеткен жетістіктермен бірге кемшіліктер де кездеседі. Бірқатар аурулардың өсуі байқалып, көрсеткіштер төмендеген. Соның    бірі – дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерінің санаттарының аздығы. Сондықтан, оларды біліктілік курстарына жіберіп, санаттарын көтеру қажет. Ол үшін биылғы жылы орта буын медицина қызметкерлерін Атырау медициналық колледж базасында, дәрігерлерді Алматы, Астана және Ақтөбе қалаларындағы оқу орындарының базасында білімдерін жетілдіру жоспарланып отыр.

«Телеграмма» ұрыс алаңына айналмауы керек

Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Арман Баженов:

– Бүгінгі жиында көтерілген мәселенің бірі – ауданда бруцеллез ауруының жойылмауы. Бұл орайда, аудан әкімдігі тарапынан жұмыстар да атқарылып жатыр. Мәселен, ауру малды анықтау, оларды түгелдей жою жолға қойылды. Ауру малдарды тасымалдау үшін екі «Камаз» көлігі, ошақтарды залалсыздандыру үшін қосымша «Дук» машинасы алынды. Бірақ, тұрғындар тарапынан ауру малдарды жасырып қалу фактілері әлі де кездеседі. Бұл бағытта, тұрғындарға түсінік жүмыстарын жүргізу мақсатында бруцеллездің қауіптілігі жөнінде парақшалар таратылып, басқа да жұмыстар қолға алынуда. Енді өткен жылы ашылған «Телеграмма» мәселесіне келетін болсақ, бұл билік пен халықты байланыстыратын нәрсе. «Телеграмма» бір-бірін айыптау үшін емес, ауданның экономикалық-әлеуметтік әлеуетін көтеру мақсатында ұсыныс-пікірлерін айту үшін ашылды. Өкінішке орай, кейбір уақытта «Телеграмма» ұрыс алаңына    айналып кетеді. Бір-бірін айыптап, айтысып, айтылған сөздерді    тыңдамау әдетке айналып барады. Егер «Телеграммаға» жіберген сауалдарыңызға мекеме басшыларының жауап бергеніне қанағаттанбасаңыз, жазбаша түрде арыздануға болады. Бұл мәселе сонда ғана көтеріліп, шешіледі.

Ал, бүгінгі жиында көтерілген мәселелер кең көлемде талқыланды деп есептеймін. Денсаулық сақтау саласына қойылған барлық сауалдарға мамандар тарапынан жауаптар берілді. Ендеше, алдағы күндерде сіздердің еңбектеріңізге табыс тілеймін, – деді.

Кеңейтілген мәжілісте аудандағы денсаулық саласы бойынша өткен жылы атқарылған жұмыстар ортаға  салынып, жеткен жетістіктер тізбеленіп, кеткен кемшіліктер де баса айтылды. Сөйлеушілер дәрігерлердің адам денсаулығын қорғауда атқарып жатқан жұмыстарын оң бағалады. 

Көптен әңгімеге арқау болып жүрген реанимобиль көлігіне, қаракөлдік тұрғындардың көңілдерін күпті етіп жүрген дәрігерлік амбулатория жөніндегі мәселелерге нүкте қойылды. Енді, айтылған мақтаулар мен жетістіктерге тоқмейілсімей, кеткен кемшіліктерді түзеп, аудан халқын мазалап жүрген бруцеллез бен туберкулез ауруларын жоюға күш салынса игі болар еді.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ.

Суретті түсірген автор.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521