060500 Қызылқоға ауд Миялы а Қ Сәтбаев 1 +7 (71238) 21738 mialy44@mail.ru

Ең алдымен ауылішілік жол жөнделсе игі

1962 жылы Гурьев педагогикалық институтын бітіріп, Сағыз ауылына мұғалімдікке пойызбен аттанғаным есімде.

Ол кездегі пойыз Сағызға дейін жеті сағат жүретін. Пойыз терезесінен қарағанда жол бойы қоңырқай бекеттер, сүйкімсіздеу үйлер, адам қызығарлық ештеңе жоқ бір сар дала. Жеті сағат жол жүріп Сағызға келгенде шатыры жоқ аласа үйлер, №490 орта мектеп (қазіргі №9), кино көрсететін барактан басқа көп ештеңесі жоқ елдімекенді көрдім.

Ал, қазір сағатына 90-100 шақырымдық жылдамдықпен жүретін жүрдек пойызбен жүйткітіп Сағыз стансасына кіріп келгенде шатырлары әртүрлі ақ шаңқан үйлер, аспанмен таласқан мұнаралары бар, көркейген үлкен қалаға келгендей боласың.

Кеңес заманында еліңді, жеріңді меншіктеуге, сол арқылы мақтануға мүмкіндік бермеді. Жер де, үй де қоғамдікі болды. Егемендік алғанша жер тарихына мән бермей, ал жақсы білетін қариялардан ештеңе ала алмай қалдық. Тарихтан білетініміздей Сағыз өңірі көшпенді елдің жаз жайлауы болған. Алайда, Кеңес үкіметі орнағаннан кейін ғана ел тұрақты қоныстана бастады. 1938 жылы «Атырау-Қандыағаш» теміржолының тартылуы Сағыз елдімекені, Сағыз стансасы атандырды. Міне, биыл сол Сағыздың құрылғанына 80 жыл толып отыр. Қиялдан да жүйрік заманда адам айтқысыз дамып келе жатыр. Бұл туған жердің қартаюы ма, жасаруы ма білмеймін.

Сағыз елдімекені арқылы теміржолдың өтуі ауданымыздың өркендеуіне, экономикасының дамуына зор үлес қосып, мәдениетіне қан жүргізді. Сағыздан Атырауға дейін пойыз аялдайтын бекеттер ашылып, елдің, ағайын-туыстардың араласуына үлкен мүмкіндік туды. Түрлі құрылыс материалдары, мал азықтары, отын басқа да халық тұтынатын тауарлар Сағыз стансасына келіп, аудан орталығына, кеңшарларға таратылады. Аудан халқын тоқсаныншы жылдары нарықтың қыспағынан құтқарған да осы теміржол. Өйткені, теміржол арқылы сауда жүріп, аудан халқы қажет азық-түліктерін Сағыз арқылы алып тұрды. Сағыздың көркеюі, мәдениетінің дамуы ауданымызға серпін беріп, шалғайдағы елді мекендермен байланыс артты.

Осы жылдар ішінде екі орта мектеп, ауыл шаруашылығы мамандарын дайындайтын колледж, екі балабақша, саз мектебі, мәдениет үйі, спорт кешені, емхана және басқа да әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандар салынып халыққа қызмет көрсетуде. Тұрғындардың сұранысына орай жаңадан бір орта мектеп пен балабақша салынуда. Газ желісі, ауызсу құбыры тартылып, байланыс аясы кеңейді. Халықтың әл ауқаты, мәдениеті жоғарылаған сайын талап та, талғам да өзгеріп, Сағыздың көркеюіне жанашырлар көбеюде. Әсіресе, кәсіпкерлердің үлесі зор.

Алайда, ауылымызды одан әрі көркейтіп, дамыту үшін әлі көптеген жұмыстар атқарылуы керек. Мәселен, ауылішілік жолдар асфальтталып, мал шаруашылығының дамуына зор үлес қосқан Социалистік Еңбек Ері Әлшен Төлеповтің мүсінін мәдениет үйінің алдына қойса жарасымды болар еді. Малшы-механизаторлардың алаңы жасалса қандай керемет. Ал, ауылды көркейтуге осы жерде қоныстанған отбасы ұрпақтарының зор үлес қосқаны аян.

Әбділқайыр МОЛДАШҰЛЫ,

ардагер ұстаз,

ауданның Құрметті азаматы.

Әкім жұмысына баға беріңіздер

Аудан әкімінің жұмысына қандай баға бересің?
Елді мекендердің тазалығына қандай баға бересіз?
Әкім тағайындалғалы ауданда жұмыссыздық деңгейі өзгерді ме?