060500 Қызылқоға ауд Миялы а Қ Сәтбаев 1 +7 (71238) 21738 mialy44@mail.ru

Ауыл жастарына тың дүниелер қажет

Өзінің келешегінің кемел болғанын қалайтын кез келген мемлекет ең бірінші жастарға жағдай жасайды.

Соған орай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жылды Жастар жылы деп жариялады. Жай ғана жариялап қойған жоқ, Жастар жылының ашылу салтанатын өткізді. Ол жиынға еліміздегі әр салада жетістікке жетіп, биік белестерден көрініп жүрген жалынды жастар жиналды. Сол жиынды тамашалай отырып өз замандастарымның жетістігіне сүйсіндім, Елбасының аталы сөздерін тұшына тыңдадым. Кез келген кедергіні басып өтіп, даму мен өркендеуге ұмтылып тұрған жастарды көргенде ел болашағының жарқын боларына кәміл сендім. Жиын соңында Президент жастарды ұлтжанды болуға шақыра отырып, өзіндік пікірі, тың идеясы бар кез келген жасты қолдауға дайын екенін атап өтті.

Елбасының өзі бастап жастарды қолдап тұрғанда осы мүмкіндікті пайдаланып, өз ойымыздағы жоспарларды жүзеге асыруымыз керек. Осы орайда, ауылда ата кәсіпті дамытып, төрт түлікті түлетіп отырған еңбекқор жастар да жетерлік. Сондай жастардың басын қосып, айтар ойы мен мәселесін тыңдайтын форумдармен жиындар жиі өткізілсе деген ұсыныс бар. Талапты да, талантты жастар ауылдық жерлерде де жетерлік. Мысалы, мен туып өскен Қарабау ауылы қаншама жастың қанатын қатайтып, қияға ұшырды. Биылғы жастар жылында осындай ауыл жастары қалмаса екен деген тілегім бар. Соның ішінде ұлттық өнер айтысты дамытса нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені, шығармашылықпен айналысатын жастардың көбі ауылдан шығады. Тек тұлпарды тай кезінен танып, додаға қоса білу керек. Ол үшін ауылдардан айтыс сыныбын ашып, жастарды шығармашылық ортаға тартқан дұрыс. Сондай-ақ, ауылдық жерлерге жаңа технологияның жетістіктерін әкелу қажет. Қазір ІТ саласында жетістікке жетіп жүргендердің дені қала жастары. Себебі, қалалық жерлерде жаңа ақпараттық технологиямен айналысуға мүмкіндік зор. Егер ондай мүмкіндіктер ауылдық жерлерде де болса жас ғалымдар ауылдан да шығар еді. Сол себептен Жастар жылында ауыл жастарына флешмобтар мен форумдар емес, техникалық жетістіктерді насихаттайтын тың дүниелер қажет. Сонда ғана ауыл жастары талай биіктерді бағындыратын болады.

Бимырза ӘБІЛҚАЙЫР,

жас ақын.

Әкім жұмысына баға беріңіздер

Аудан әкімінің жұмысына қандай баға бересің?
Елді мекендердің тазалығына қандай баға бересіз?
Әкім тағайындалғалы ауданда жұмыссыздық деңгейі өзгерді ме?