060500 Қызылқоға ауд Миялы а Қ Сәтбаев 1 +7 (71238) 21738 mialy44@mail.ru

Астаналықтар түйенің етіне тамсанды

Бұдан бұрын газет және әлеуметтік желілерде хабарланғанындай, жылдағы дәстүрмен 25-26 тамыз күндері Астана қаласы «Қазақстан» спорт кешенінің жанында Атырау облысы ауылшаруашылығы тауар өндірушілердің жәрмеңкесі болып өтті.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев бастаған облысқа қарасты барлық аудандардың аудан әкімінің орынбасарлары, ауыл шаруашылығы бөлімдерінің басшылары, округ әкімдері, шаруа қожалық иелері екі күндік сапармен ат арытып келген өнімдерін Астана жұртшылығына ұсынды. Бәрінің көкейінде бір ғана тілек: «Сонау мұнайлы өлке Атырау облысынан екі күн бойы жол жүріп, жолдағы қиындықтарға қарамай жәрмеңкеге жеткізілген өнімдерімізді Елорда халқы жылы қабылдап, малымыз пұл, өніміміз өтімді болып, ауылымызға қанжығамыз байлаулы, көңіліміз көтеріңкі қайтсақ екен». Солай болды да. 25 тамыз күні сағат 08:00 шамасында басталған жәрмеңке әп-сәтте қыза түсті. Осынау қыз-қыз қайнаған жәрмеңкені Атырау қаласындағы «Құрманғазы» мәдениет сарайының өнерпаздары одан әрі әрлендіре түсіп, әсем ән, күмбірлеген күйімен көңілге көрікті ой ұялатқанын да айта кеткен орынды.

Атырау облыстық ауылшаруашылығы басқармасы мамандарының берген мәліметіне сүйенсек,жалпы облыс бойынша жәрмеңкеге 27 шаруашылық 20 тонна балық, 12,5 тонна картоп, көкөніс, 10 тонна ет, 2,5 тонна сүт өнімдерімен қатар, «Карат», «Асыл агро», «Алмалы құс» шаруашылықтары 3000 дана консервіленген ет өнімдері, шұжық және 60 мың.дана жұмыртқа апарылады деп жоспарланған. Жоспар толықтай орындалды. Бәрі де жәрмеңке талабына сай. Несін жасырайық, басқа облыстардың халқы Атырау облысының балығын көрсе, жүздері балбұл жайнап кететініне талай рет куә болғанбыз. Осы жолы да көзімізбен көрдік, Атырау қаласына қарасты «Аманкелді» өндірістік кооперативі мен «Тілекші», Құрманғазы ауданына қарасты «СевКазКаспий» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің балықтарын алу үшін бірінен соң бірі кезекке тұрушылар көп болды. Тіпті, бір зейнет жасындағы ананың: «Өзіміз де, немерелеріміз де Атырау облысының балығын жанындай жақсы көреміз. Үйде бітіп қалса, іздеп, сағына бастаймыз. Сондықтан, жиі-жиі келіп тұрсаңыздар нұр үстіне нұр болар еді» деген ізгі тілегі бізді бір қуантып тастады. Халқымыз әуел бастан «Ет жесең тісіңе, жемесең түсіңе кіреді» деген емес пе?! Астаналықтар Жылыой, Индер, Құрманғазы, Қызылқоға, Исатай, Мақат, Махамбет аудандарының арзан бағада ұсынылған жылқы, сиыр, түйе малдарының етіне де қызығушылық танытып, оларды қажетінше сатып алып жатты. Әсіресе, Қызылқоға ауданының түйе еті мен шұбатына тамсана қарап, сатып алушылар легі де жетіп артылды. Осы жерде айта кетейік, жәрмеңкеге Қызылқоға ауданынан құрамында аудан әкімінің орынбасары Жаныбек Жауқашұлы Тұрдағалиев, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайырғали Базарбаев, Ойыл ауылдық округінің әкімі Мағжан Жексенов, «Шадияр», «Манас» шаруа қожалықтарының төрағалары Бақтығали Үмбетқали, Нұртас Байжанов, көмекшілер Гүлжамила Құлбаева, Бақтығали Имашев және осы жолдардың авторы бар делегаттар бір тонна түйе еті мен екі жүз литр шұбат әкеліп, саттыққа шығарды. Жәрмеңкеде шұбат та, ет те үлкен сұранысқа ие болды.

- Биылғы жылғы жәрмеңке жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Біз ауданнан түйе еті мен шұбат алып келдік. Әкелген өнімдеріміз көпке ұзамай өтіп кетті. Астанаға шығардың алдында түйенің еті өте ме деп жүрексінген едік. Келгеннен кейін күдігіміз сейіліп, қуанышқа кенелдік. Себебі, бізді түйе етіне сұраныстың көп болғандығы таңқалдырды. Мысал ретінде айтайын, жасы егде тартқан бір ана сонау Қызылорда облысынан келгендігін, түйенің етін әкеледі дегенді естіп, таң атпай келіп отырғандығын айтты. Сөйтіп, ол бірден түйе етінің біраз бөлігін сатып алып, бізге ризашылығын білдірді. Осындай сауда жасаушылардың арқасында етімізден ештеңе қалмады. Ауылға олжалы қайтқанымызға қуаныштымыз, - дейді аудан әкімінің орынбасары Жаныбек Тұрдағалиев.

Осылайша, екі күнге созылған Атырау облысы ауылшаруашылығы тауарлар өндірушілерінің жәрмеңкесі жоғары деңгейде ұйымдастырылып, елорда халқын сапалы азық-түлік өнімімен қамтамасыз етті.

Бауыржан СИСЕНОВ

Миялы-Астана - Миялы

Әкім жұмысына баға беріңіздер

Аудан әкімінің жұмысына қандай баға бересің?
Елді мекендердің тазалығына қандай баға бересіз?
Әкім тағайындалғалы ауданда жұмыссыздық деңгейі өзгерді ме?