Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Тойымыз топырға айналып бара жатыр

Қадырше айтсақ «Той-думансыз оты түзу жанбайтын» қазақ халқының өмірін расымен де тойсыз елестету мүмкін емес.

Бала дүниеге келгеннен бастап шілдехана, тұсау кесу, сүндет той, тілашар, мектеп бітіру, оқуға түсу, үйлену, құдалық, күміс той, алтын той, гауһар той дейсіз бе жалғасып кете береді. Яғни, думаншыл қазақ адам өмірінің әрбір сәтінен той жасай салады. Ал, қазіргі дамыған заманда той тойлау тіптен жаңаша қарқын алуда. Тіпті бесікке салу сияқты үй ішінде болатын қуаныштардың өзін зәулім мейрамханаларда атап өтетін дәрежеге жеттік. Ал, үйлену тойлары одан да жоғары дәрежеде өтеді. Әрине, той болғаны жақсы. Осындай тыныш та бейбіт заманда той тойламағанда не істейміз? Алайда, қазіргі той туралы сөз қозғалғанда көп адам аңсап емес, шаршап қайтатынын айтады. Осы орайда, «Қазіргі қазақ тойының өту барысы қалай, тойдағы ысырап пен бос даңғазадан қалай құтыламыз, тойды уақытында бастауға не кедергі?» деген заңды сауалдар туындайтыны анық. Соған сай, аталмыш сауалдардың жауабын табу мақсатында той тақырыбын арнайы зерттеп, зерделеп қараған едік.

 Бір тойға екі миллион. Аз ба, көп пе?

Жақында бір жақын досымның інісі үйленді. Көптен күткен кенже балалары қазақтың дәстүрімен бір аруға сырға салып, дүркіреген той өткізді. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші той хабары естілісімен әлгі дос баланың жанынан табылып, басы-қасында бірге болдым. Сол кезде түсінгенім қазір той жасау қажыр-қайраттан бөлек үлкен қаражатты қажет етеді екен. Бұл туралы үйленген баланың анасы айтып берді.

– Бұрын біз үйленгенде тек шақыру билетке түсіп едік. Қазір олай емес. Күйеу жігіт пен келін тойдың алдында қалаға барып фотосессия жасайды екен. Арнайы фотограф жалдап алып, қаланың ең көрікті жерлерін аралап, суретке түседі. Оның өзі 50-100 мың аралығында. Одан қалды шақыру қағазы тағы бар. Бір қызығы бұрын шақыру қағазына түскен фотомызды салсақ, қазіргі жастар фото салмай, дайын шақыру қағаздарын сатып алады. Оның бір-біреуі – 300-500 теңге аралығында. Ал, тойға ең кемі 250 шақыру қағазы керек болады. Сонда тағы бір жүз мың теңге шақыру қағазына кетеді. Одан қалды бала мен келіннің тойда киетін киімдері бар. Бала костьюмді сатып алса, келінге жалдап алып бердік. Сонда екеуінің киіміне 200 мың теңге кетеді. Қалаға барып келу шығыны, тағы басқа ұсақ-түйек шаруаларды қосқанда барлығы 500 мың теңге фотоға түсу, шақыру билет пен киімге кетеді. Тағы бір 500 мың жалдайтын мейрамхана мен азық-түлігіңе кетеді. Қазір мейрамханалар әр шақырған қонағыңа 600-800 теңге аралығында ақша сұрайды. Ал, тойға төрт жүзден кем адам шақырмайсың. Оның жүзі келмейді дегенде мейрамханаға 300 орынға тапсырыс бересің. Ең бастысы мейрамхананы безендіру, асаба, әуенмен әрлеуші, фото-бейнеге түсірушіні ренжітпей сұрағанын бересің. Өйткені, тойыңның мәні де, сәні де солар. Біз асабаны ерекшелеу болсын деп қаладан шақырдық. Оның өзіне 150 мың, әнмен әрлеуші балаға 50 мың теңге бердік. Ал, безендіру мен фото-бейне түсіру отыз-отыз мыңнан барлығы 60 мың теңге шықты. Одан қалды жаңадан келген құдаларға беретін тарту-таралғы, жөн-жоралғың тағы бар. Оларды алтынмен аптап, күміспен қаптауға тағы бір жарты миллион теңге керек. Сонда бір тойдың өзіне 2 миллиондай ақша кетті. Әрине, мал баланың шашуы болғасын аянып қалмадық. Кеткен шығын орны толар ең бастысы балалар бақытты болса болды, – дейді Жәмила анамыз.

Той иесінің айтуы орынды. Қазір екі миллион теңгесіз той жасай алмайсыз. Бірақ, бұл ұлдың тойы. Ал, қыз ұзату тойы бұдан екі есе көп болмаса аз емес. Себебі, қыздың жүгінің өзі ең кемі бір миллион теңгені талап етеді. Сонда екі тойды қосқанда 4-5 миллион теңге шығын шықпақ. Ал, үй иелері бұл қаражатты қайдан табады? Әрине, ең басты арқа сүйейтіні – ағайын-туыс. Бір жақсысы ауылдық жерде той болады дегеннен бастап ағайын-туыс бірі малын, бірі қаражатын алып көмекке ұмтылады. Ал, ағайынның жетпесін толтыратын қазақтың тағы бір «бауыры», ол – несие. Қазақ несиені бұрын құрылыс салғанда немесе көлік алғанда алса, қазір тойға да ала беретін болған. Оған айтыс ақындарының:

«Кредитсіз той да тұл, құдалық тұл.

Мойныңа түсіп тұрған бұғалық бұл.

Батпан құйрық екен деп алған елдің,

Жегені желкесінен сұралып тұр.

«Кредит» деген сөзді қарап тұрсақ,

«Кіреді» «ит» дегеннен құралып тұр.

Атына заты сай болып осы бәле,

Кіріп ап, итімізді шығарып тұр» – деген шумағы дәлел. Кредитті көбіне «Балам қатарынан қалмасын» деген ниеті бар ата-аналар алатыны белгілі. Себебі, қазіргі той қып-қызыл бәсеке. Бұрын «Көрпеңе қарай көсіл» дейтін қазақ, қазір көрпесі жетпеген жерге несие алып «көсіле» беретін болған. Қазір тұрмысы орташа адамның өзі тойларын дүркіретіп өткізіп жатады. Әрине, тойды кім қалай өткізсе өз еркі. Тек «Аттыға еремін деп жаяудың шабы айырылмаса» болғаны.

Төрт сағатта не түйдік?

Қазаққа тән тағы бір ерекшелік – тойға кешігіп бару. Оған той иелерінің өзі де дағдыланып алған. Шақыру билетке 20:00 деп жазады да, сағат сегізде жастар да, той иелері де дайын болмайды. Себебі, ауылда той уақытында басталмайтынын біледі. Енді тойдың өту барысына тоқталайық. Әдеттегідей ауылдың тойы он жарымсыз басталмайды. Оған жоғарыда айтқан досымның інісінің тойында куә болдық. «Бәрібір уақытында басталмайды» деген тойшыл қауым мейрамханаға алды сағат тоғызда, соңы он бірден кете келеді. Бір қуаныштысы қазіргі тойлар қазақы нақышпен басталып жүр. Әдемі, қазақы киім киген қыздар баба салтымен жаңа құдаларды, күйеу жігітті, құда баланы, құдашаны ең соңында келінді кіргізеді. Содан кейін салт бойынша келіннің беташары. Байқап жүрген шығарсыздар қазіргі тойларда беташар домбыра және эстрадалық бағытта орындалып жүр. Біз барған тойдың артықшылығы асаба келіннің бетін домбырамен ашты. Сөйтіп, дүбірлі той басталып, алғашқы тілек кезегі берілді. Біздің қазақ сөзден тосылған ба, алдымен асаба алаңына әулеттің үлкендері шығып, кезекпен-кезек сөйледі. Сөйлегенде бірі тарихты қозғап, баланың арғы аталарының мықты болғанын шөбересі соған тартқанын айтса, енді бірі жастарға ұзын сонар тілек айтып, жарты сағат уақытты алды. Осындайда, қысқа да нұсқа тілек айта салса қайтеді деп ойға батасың.

Бүгінгі тойда жиі сынға қалатындардың бірі – асаба. Өйткені, тойдың жақсы өтуі де, жаман өтуі де асабаға тікелей байланысты. Сондықтан, ауылдық жерде жағдайы жеткендер асабаны қаладан алдырып, тойын ерекше өткізгісі келеді. Жалпы асабалар өз арасында салмақты және шоумен болып екіге бөлінеді. Салмақты асабалар көбіне құдалық, шілдехана, елу, алпыс жылдық мерейтойларды басқарса, шоумен асабалар жастардың тойын, жаңа жыл кештерін, корпоративті банкеттерді қолайлы көреді. Өздеріңіз байқағандай салмақты асабалар ойындар мен би жарыстарына ыңғайы келмесе, шоумендер салмақты сөз, салихалы ойға шорқақ келеді. Біз барған тойды қаладан келген асаба басқарды. Басында салмақты көрінгенімен той қыза келе әлгі асабамыз тіптен еркінсіп кетті. Кез келген қызды ортаға шақырып, «Жігітің бар ма, көйлегің күшті екен» ел алдында әбден ұялтып, ойынның да түр-түрін ойнатты. Әсіресе, ортаға алты қызды шақырып, «Мода көрсетесің» деуі тіптен ерсі болды. Асаба қыздарға бүкіл тойшы қауымның көзінше «былай жүр, майысып жүр, шашыңды жай» деп әлгілердің әбден ығырын шығарды. «Қонақ қойдан жуас» деп тойшы қауым ұнамаса да амалсыз қарап отырды. Бірақ, бұл ойын жастарға ұнады. Жастар жағы ысқырып, әлгі асабаны одан сайын көтере түседі. Осыдан кейін есер асабалардың неге еркінсіп кеткенін түсінгендей болдық. Соңғы жағында тост жастарға берілді. Тілек айтқанда жастарды көрсеңіз тіптен жылағың келеді. Біреуі шығып «О, родной той құтты болсын» десе, қалғаны ысқырып, бақырып, мейрамхананы азан-қазан қылды. Қыз жақтан келген келіннің құрдастары шығып «Күйеу бала, болғайсың шаңыраққа сүйеу ғана» деп олар да үйреншікті тілектерін айтып шықты. Сөйтіп, ырду-дырдумен төрт сағатқа созылған той тарап, бір демалдық. Ал, енді осынау төрт сағаттан не түйдік? Сол баяғы тойға кешігіп келу, өзі аз уақытты мыжыма тілекпен созу, асабаның ерсі сөз, парықсыз ойыны, бір-бірін қайталаған тілектер. Соңында қызара-бөрткен бір құданың «Асқа берекет, ажалға сабыр ет» деп басталатын жаттанды батасы. Қазіргі тойдың жалпы бет-бейнесі осы. Әрине, көпке топырақ шашуға болмайды. Бүкіл тойды салмақты сөз, орынды қалжыңымен үйіріп әкететін асабалар мен той көтерер жалынды жастар, төрт сөзін түгендеп сөйлеп, батасын ыждағатпен беретін қазыналы қарттарымыз да жетерлік. Тек аз. Тағы бір қуаныштысы қазір арақсыз тойлар сәнге айналуда. Иә, «Көш жүре түзеледі» демекші мүмкін көп ұзамай тойымыз да дұрыс жолға түсіп, шаршап емес «Тағы да осындай той болса» деп аңсап қайтатын күнге жетерміз.

Той көп, ажырасу да аз емес

Қазір барлық жерде той бизнесі қызып тұр. Бұрын тойды жаз айларында, сенбі-жексенбі күндері жасасақ қазіргі тойлар уақыт талғамайды. Кей ауылдарда мешіт болмаса да зәулім-зәулім мейрамханалар міндетті түрде болады. Өйткені, қазір жыл он екі ай той жасай беретін болдық. Осы орайда, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал-актілерін тіркеу бөлімінің бас маманы Сәнімгүл Жұбаеваның айтуынша, өткен жылдың осы уақытына дейін 100 неке тіркелсе, биыл 114 неке тіркелген. Ал, бір қуанарлығы биыл неке бұзу сәл де болса азайған. Былтырғы жылдың осы мезгілінде 24 неке бұзылса, биыл 16 неке бұзылған. Алайда, биылғы жылы неке бұзу азайғанымен бұл көңіл қуантарлық көрсеткіш емес. Сол бұзылған 16 неке де кезінде ел-жұртқа сауын айтып, дүркіретіп той жасағандар. Бір өкініштісі, ата-ана қарызданып-қауғаланып, баласын ешкімнен кем қылмай тойын жасап бергенде жастар оп-оңай ажыраса салады. Осыдан үш жыл бұрын қалада студенттік кезде бірге жүрген бір досымның тойы болды. Ата-анасы жалғыз ұлдан ештеңе аямай, дүркіретіп той жасады. Бір жылдан кейін барсам ажырасып кетіпті. Сонда досымның айтқаны «Әйелімді алты метрлік «Лимузиннен» түсіріп едік, менімен ұрсысып қалды да бір түнде жарты метрлік «Матизбен» кетіп қалды»,– дейді. Демек, бұдан шығатын қорытынды жастардың бақытты болуы тойдың деңгейіне емес, екі жастың ақыл-ойының деңгейіне байланысты. Сөз соңында, жастар ойланар деген мақсатпен белгілі айтыскер ақын Мұхтар Ниязовтың мына шумағын назарларыңызға ұсынып отырмыз:

Қос жүректер қосылып қолайлы күн,

Көп ұзамай іздейді жол айрығын.

«Үйлену оңай» дейтін бұрындары,

Айрылысу одан да оңай бүгін.

 

Бір адамнан бақытың жанса нағыз,

Сол бақытты сақтаудан шаршамаңыз..

«Күйеуім ұрады» деп кетіп қалып,

Өмірден таяқ жеп жүр қаншама қыз.

 

Ал, бүгінің ұқсамай кешесіне,

Ұзатылды қыздардың нешесіде.

Бір аяғын қалдырып төркініне,

Бір құлағын қалдырып шешесіне.

Көтеріп қиындықтың азына шу,

Түк емес екі ортаны қазір ашу.

Алланың ұнатпайтын, ал шайтанның,

Ең жақсы көретіні – ажырасу...

Бәрі той иесіне байланысты

Біздің тойхананың ашылғанына міне он жыл толып отыр. Содан бері халықтың той-томалағына есігіміз айқара ашық. Былтырғы жылы күрделі жөндеу жасап, ішін кеңейттік. Содан бері елдің қуанышы үшін барынша сапалы қызмет көрсетуге тырысамыз. Алайда, бізге де қиыны – тойлардың кешігіп басталып, жай тарауы. Талай мәрте үй иелеріне ескерту жасап, тіпті тойды ерте бастату үшін «Түнгі сағат бір жарымға дейін той тарамаса сағатына 20 мың қосымша ақы төлейсіз» деп те айтып көрдік. Бірақ, шашылып той жасап жатқан адамға үстіне айыппұл салуға тағы дәтіміз бармады. Жалпы, осы тойхана саласында жүргенде түсінгенім бәрі той иесіне байланысты. Қонақтар он жерден кешігіп келсе де тойын уақытында бастап кететін адамдар бар. Көбіне әкімшілікте, басшылық қызметте жүрген азаматтар тойын уақытында бастатады. Сондай-ақ, соңғы кезде тойға енген дәстүрлердің бірі – жастар билеп жатқанда отшашу шашу. Тойхананың ішінде жасалатын бұл рәсім өте қауіпті. Ана жерде өртенетін болса тойға келген үш жүз адамның өміріне қауіп төндіреді. Сондықтан, оған рұқсат етпейміз. Сонда да бізге айтпай өздері ұйымдастырып, отшашу шашқандар болды.

Жалпы, осы той мәселесі қозғалғанда Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметованың «Тойда жастар неге қарттардан жоғары тұруы керек» деген пікірі еске түседі. Мен бұған қосыламын. Сонымен қатар, көп тойларда келіннің бетін ашқанда оның артынан еріп келген ағайын-туысы да соны тамашалап тұрады. Бұл да қате. Жаңа құдаларды келіннің бетін ашып болғаннан кейін кіргізген абзал. Мұның бәрі менің жеке ойым. Бірақ, қазақ тойының осындай кем-кетіктерін жайлап-жайлап дұрыстай берсек, тойымызға береке кірері хақ.

Наурыз СӘЛІМГЕРЕЕВ, «Ақнұр» тойханасының қожайыны.

Қазақы тойды қалыптастыру керек

Жалпы қазіргі тойдың бағытын, форматын түгел өзгерту керек. Алдымен шақыру билеттен бастасақ. Қазіргідей қатты қағазға аты-жөнді жазып бере салу онша құптарлық дүние емес. Меніңше шақыру билеттің өзінен қонағыңа деген ықылас-пейілің білініп тұруы керек. Мысалы, «Құрметті, Бағдат нағашы, Сізді анамыздың інісі, құрметті нағашымыз есебінде тойымызға шақырамыз. Құрметті қонақтарымызбен бірге «Ақнұр» тойханасындағы №12 үстелге, кешкі сегізден қалмай келуіңіз сұралады» дегендей ізгі ниеті мен той уақытын көрсетіп жібергені дұрыс. Сосын шақыру қағаздың артқы бетіне «Тілек бұрышы» деп жазып, бос орын қалдыру керек. Әлгі келетін нағашың өзінің ізгі ниетін сол тілек бұрышына жазып, шашуын бергенде бірге береді. Сосын артынан той иесі әлгі жазылған тілектерден альбом құрастырып шығарса нұр үстіне нұр болары хақ. Сонда тойға ешкім кешікпейді де, ұзын-сонар тілек те болмайды. Жалпы осы бағыттағы іс-шараларды қолға алып, салт-санамызға сіңіре беруіміз керек. Сонда ғана, орыс пен батыстан келген дәстүрлер тойдан алыстап, қазақы нақышымыз қайта оралады.

Мұрат САРМАНОВ, «Нұрлы-Дала» агрофирмасының директоры.

Басқарып емес, күтіп шаршаймыз

Асабалық міндетті арқалап жүргесін тойдың абыроймен өтуі біз үшін де аса маңызды. Сондықтан, әрбір тойдың алдында дайындаламыз, әулетпен танысамыз, той қонақтарының тізімін аламыз. Өйткені, біреудің жылдар бойы күтіп жүрген қуанышы дұрыс өтпесе сын садағы бірінші асабаға тиетіні белгілі. Сол себептен жауапкершілікпен қараймыз. Алайда, тойға барыңды салып дайындалып, шалқар шабытпен келгенде көңіл күйді түсіретіні – халықтың кешігіп келуі. Яғни, тойды басқарып емес халықты күтіп шаршаймыз. Кейбір үлкендер «Қазіргі асабалар бұзылған, көргенсіз» деп жатады. Ал, өздері тойға уақытында келмейді. Кешігіп келгендерімен қоймай, тілектерін айтады да, той бітпей шығып кетеді. Солар үшін той иесі даладай қылып дастарқан жайып, дымы қалмай күтеді. Ал, үлкендер тілегін айтса болды, тұрады да жүре береді. Сөйте тұра, асабаларды сынап кетеді. Рас, асабалардың барлығы бірдей керемет, өз істерінің шебері дей алмаймыз. Ішінде естісі де, есері де болады. Бірақ, тойдың жақсы өтуі тек асабаға емес тойшыл қауымға да байланысты екенін ұмытпайық. Сондықтан, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып әр тойды ерте бастап, ерте аяқтай білсек бәрімізге де ыңғайлы болар еді.

Асылбек ҚАЗИЕВ, асаба.

Тобықтай түйін: «Той десе қу басы домалайтын» қазақ өмірінің мәнін де сәнін де той деп біледі. Тойдың көп болуы – тоқшылықтың, береке мен бірліктің белгісі. Ал, жоғарыда айтқан тойдағы кейбір келеңсіздіктер уақыт өте түзелер. Ең маңыздысы– миллиондар шашылған той ұлдың да, келіннің де ең алғашқы және ең соңғы тойлары болсын. Қорыта айтқанда, асабалардың «Инстаграмм» парақшаларында жазылғандай «Қазақтың тойы бітпесін!»

Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521