060500 Қызылқоға ауд Миялы а Қ Сәтбаев 1 +7 (71238) 21738 mialy44@mail.ru

Жергілікті композиторлар әндерін қаншалықты білеміз?

Қызылқоға өңірі ән мен күйді бір арнаға тоғыстырған өнерлі орда.

Шүкір ауданда көңілге көрікті ой салатын әсем әндері мен танымал композиторлар жетіп артылады. Ал, сол жергілікті композиторлардың әндерін қаншалықты білеміз? Міне, осы сауалға жауап іздегенді жөн көрдік.

Халыққа кеңінен насихатталуда

Ауданда жергілікті сазгерлер баршылық. Олар Сүйінғали Өтеуов, Жәкула Нұрғалиев, Ғиниятолла Есенғалиев, Кәдірбай Жолаев, Қалидолла Ізекен, Еңсеген Әбиев, Әбдіғапар Темірханов, Асқар Боранқұлов, Құралбек Жұмаев, Мақсот Саркенжиев, Қалыбек Құлмағамбетов, Бақтыбай Досбосынов, Қуаныш Кеңес, Нұрбол Жұмалиев және тағы басқа. Сазгерлеріміздің әндерін насихаттау мақсатында жыл сайын аудандық байқаулар ұйымдастырылып тұрады. Айта кетер болсақ, 2016 жылы Жәкула Нұрғалиев әндерінен «Сазды әуеннің сырлы үні» атты аудандық байқау, Әбдіғапар Темірхановтың «Туған жер» атты шығармашылық кеші өтті. Ал, 2017 жылы Қалидолла Ізекеннің «Жан сарайы ән мен жырдан жаралған» атты шығармашылық кеші ұйымдастырылып, өткен жылы «Шұғыла» мәдениет үйінде туған жерден түлеген жергілікті сазгерлердің өнерін насихаттап, халық арасына тарату, дарынды әуесқой сазгерлерді табу мақсатында «Туған жерім туралы әндер» атты жергілікті әуесқой сазгерлердің әндерін орындаушылардың аудандық байқауы және аудан, облыс, республикаға белгілі сырнайшы, сазгер Сүйінғали Өтеуовтің «Аяулы арман» атты шығармашылық кеші ұйымдастырылды. Сонымен қатар, Атырау қаласында «Туған жерге тағзым» атты жергілікті сазгерлердің әндерін орындаушылар байқауында Қалидолла Ізекеннің «Мекенім – Миялы» әнін Берік Амантаев, Нұрбол Жұмалиевтің «Әкешім» әнін Айкөркем Тайлыбекова мен Азамат Хабылов, Қуаныш Кеңес «Сізге келдім» деген өз әнін орындап жүлделі орындарға ие болды. Жергілікті сазгерлердің әндері ұйымдастырылған шараларда, мерекелік кештерде, салтанатты жиналыстардың соңында, түрлі концерттік бағдарламаларда орындалып, халыққа кеңінен насихатталып жүр.

Толқын БАҚТЫГЕРЕЕВА,

аудандық мәдениет, тілдерді дамыту,

дене шынықтыру және спорт бөлімінің әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметін ұйымдастыру орталығының директоры.

Компакт диск шығарылса игі

Қызылқоға тума таланттар өлкесі. Олардың әндері ешбір әннен кем емес. Тек оларды тыңдармандарына жеткізіп насихаттай білу керек. Жергілікті сазгерлердің әндерінен айтылып жүрген әндері ғана тыңдарманына таныс. Ал, жарыққа шықпай жатқаны қаншама?! Осы бағытта ұйымдастырылатын аудандық байқауда да жергілікті композиторлардың белгілі бір әндері шырқалып жатады. Ал, оларды кең көлемде халық білуі үшін жергілікті сазгерлердің шығармалары толық жинақталып, компакт диск шығарылса жақсы болар еді. Сондай-ақ, жергілікті сазгерлер мен ақындардың басын қосып, кең көлемде шара ұйымдастырылуы керек.

Сазгерлеріміздің әндері ауданда ғана емес республика көлемінде орындалып жатса көңілге қуаныш ұялатпай ма? Ал, оны осы деңгейге жеткізу сіз бен біздің жұмысымыз екендігі анық. Бұл ұсынысымды тиісті мамандарға да жеткіздім. Ендігі жұмыс алдағы уақыттың еншісінде.

Ғапура ЖАНБОСЫНОВА,

«Шұғыла» мәдениет үйінің директоры.

Жәкуланың бес-алты әні ғана айтылып жүр

Ауданымызда біздің кезімізде талантты әуесқой сазгерлеріміз көп болды. Олардың әндері әлі де сахнада орындалып жүр. Кезінде өзіміз де орындадық. Атап айтқанда, Ж.Нұрғалиев, С.Есенғалиев, С.Өтеуов. Қ.Ізекен, Е.Құлиев, Ә.Темірхановтың әндері көрермен жүрегінен орын алған әндер. Жәкула ағамыздың «Сайра баян», «Ойылым», «Ақмарал», «Туған жер», Сейсенбі ағамыздың «Туған жер – Тайсойған», «Ағажан», «Анашым» әндерін сахнада талай шырқадық. Негізінен, жергілікті композиторлардың әндері бізге шабыт беріп қана қоймай, ауылға, елге деген патриоттық сезімді асқақтатып, рухыңды көтереді. Өйткені, өз жеріңді әнге қосып, оны тыңдарманға жеткізу қандай тамаша?! Әнді орындағанда жүрегіңмен сезінудің өзі бір ғанибет.

Жергілікті сазгерлердің көбісінің әндері өзіміздің Қызылқоғамызға, оның өзені мен әрбір қырқасына арналып шығарылған. Қазіргі кезге дейін Қызылқоғаның әнұранына айналған Ж.Нұрғалиевтың «Ойылым», С.Кұлмағанбетовтің «Туған жер – Тайсойған», Қ.Ізекеннің «Мөлдірім» әндерін жас әншілер орындап жүр. Кезіндегі әншілеріміз Ғ.Ықыласова, Ұ.Құлшықова, Р.Елеусінова, К.Қарасаева, С.Нұрбосыновалар жергілікті сазгерлер әндері байқауларының жүлдегерлері.

Қазіргі жас сазгерлердің әндері де жақсы. Ә.Темірханов пен Е.Құлиевтың әндерін өнерсүйер қауым өте жақсы қабылдауда. Біздің өлкеде талантты сазгер, ақын, әншілер де жетерлік. Тек соны кейінгі жастарға үйрету, насихаттау керек. Қазір қоғамда сөзі де, әні де түсініксіз әндер көбейді. Бірақ, олардың өміршең болмасы анық. Сондай-ақ, өз таланттарымыздың әндерін сахнаға шығаруға атсалысуымыз керек. Жәкула ағамыздың әндері баршылық. Бірақ, тек айтылып жүрген 5-6 әні ғана бар. Ал, қалған әні көпшілікке таныс емес. Сол себептен, басқа әндерін неге шығарып орындамасқа? Жыл сайын өткізілетін байқауға жаңартып, екі-үш әндерін қосып отырса жақсы болар еді?!

Ұлмекен БЕРДІҒАЛИЕВА,

мәдениет саласының ардагері.

«Талантты қадірлейік тірісінде»

Біздің өңірден талай-талай дарындар шыққан. Қарабауда дүниеге келген халық композиторы Еспай күйші, одан кейін дүниежүзіне аты мәлім «Шаттық Отан» симфониясы мен бірнеше классикалық шығармалардың авторы, кәсіби композитор Мәкәлім Қойшыбаев – бүкіл аудан халқының мақтаныштары.

Қазақстанға еңбегі сіңген мәдениет қызметкері, марқұм Жәкула Нұрғалиев сазгерлік жағынан бізге ұстаз еді. Аудандағы тұңғыш сырнайшы болатын. Сонау 60-жылдардың бас кезінде Жәкула Нұрғалиевтың атақ, даңқы дүрілдеп тұрды. Ол төрт кластық білім алып, кейін кешкі мектепте оқиды. Содан соң Ақтөбедегі мәдени-ағарту училищесіне оқуға түсіп, тәмамдады. Оның алғашқы әндері «Сайра баян», «Ойылым», «Солдат сағынышы», «Отан шаттығы», «Ақмарал» тағы басқа әндері Қызылқоғаның сол кезде барша жұрты шырқайтын әндеріне айналды. Ол бұнымен тоқтап қалған жоқ, жалпы саны қырыққа жуық туындыны өмірге әкелді. 1984 жылы оның «Туған жер», «Ардагерлер» кейіннен тағы бір-екі әніне мәтін жаздым. Ол кісінің талғамы өте жоғары болатын. Мәтінге қатты көңіл бөлетін. Бұл әндер қазіргі уақытта аудан көркемөнерпаздарының репертуарынан тұрақты орын алды.

Ал, Тайсойғанда Сейсенбі Құлмағанбетов есімді атақты сазгер бар, қазақ тілі мен әдебиетінен және әннен сабақ берді. Қазір Махамбет ауданы Жалғансай ауылында тұрады, жасы 78-ге келді. Тума талант, атақты «Туған жер – Тайсойған» әнінің авторы. Бірақ, кейде осы әннің авторын шатастырып, Жәкула Нұрғалиевтікі, кейде менікі деп жатады. Ақиқатына келер болсақ, бұл ән 1967 жылы қараша айында дүниеге келді. Сөзін жазған Кәдірбай Жолаев. Ән шыққан бойда халық арасында кең тарап кетті.

Басқа да сазгерлерді атап айтар болсам, әуесқой сазгер, жангелдиндік Еңсеген Әбиев. Оның да оннан астам әні бар. Есімі республикаға танымал, әндерді әрлеп, оринжировкасын жасап жүрген сағыздық Әбдіғапар Темірхановтың да әндері көп-ақ. Сондай-ақ, бұл тізімге марқұм Мақсот Саркенжиевті де қосуға болады. Ол әрі айтыс ақыны, әрі жазба ақын еді. Оның да төрт-бес әні бар. Ал, есімі көп атала бермейтін Қалыбек Құлмағанбетов «Топырағыңнан айналдым – Қызылқоға» әнін әрі сөзін жазған ақын сазгер. Бұдан басқа да әндері бар. Сонымен қатар, Құралбек Жұмаев, Бақтыбай Досбосыновтар да қызылқоғалық тума таланттар, сазгерлер.

Менің де отызға жуық әнім бар. «Мекенім – Миялы», «Қарындас», «Алыста жүріп сағынған қандай?», «Азаттық маршы», «Досыма», «Арман-ай», «Әке тілегі», «Алтын бесік», «Курстас достарға», «Сағыныш» «Түлектер әні» тағы басқа. 1992 жылы жарыққа шыққан «Мөлдірім» әні мені көпшілікке танытты. Бұл әнді эстрада жұлдыздары сұраған, бірақ әнге дауысы келмеген соң берген жоқпын. Әнді республикаға танытқан Әлібек Темірханов Ұлықпан Жолдасовқа оранжировкасын жасатып, ғаламторға салды.

Бұған қоса жастар да осы бағытқа бет бұрып келеді. Бұл да көңіл қуантады. Ауданда ұйымдастырылатын жергілікті сазгерлердің байқауына қатысып тұрамыз. Жастар жағы жеңіл әндерге әуес. Өмірлік мәні бар, қоғамдағы мәселелерді қозғайтын әндерге мән беру керек.

Жалпы, ән шығару оңай емес. Ол ойда жоқта, табан астында келеді. Соны сол бойда нотаға түсіріп алмасаң, ойға қайта келмейді. Мен әнді де, мәтінді де өзім жазам. Кейде мәтінің көңілден шықпауы мүмкін. Бір әнге үш-төрт нұсқада мәтін жазылады. Халық ән шығаруды оңай дүние деп ойлайтын шығар, бірақ, жұрт ұйқыда жатқанда, түнгі сағат 3-4-те шығармашылықпен айналысу қайдан оңай болсын?

"Біздің бәріміз парламент депутаты бола аламыз, министр бола аламыз, тіпті республика президенті де бола аламыз. Бірақ, өнер адамы бола алмаймыз. Сондықтан өнер адамы біздің (биліктегілердің) емес, біз өнер адамының қолынан сүюге тиіспіз!" – деп Мұстафа Кемал Ататүрік айтқандай, өнер адамдарын қадірлеп, құрметтеу қажет демекпін.

Қалидолла ІЗЕКЕН,

«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері,

Қазақстан Журналистер, Қазақстан Жазушылар Одақтарының мүшесі,

«Қызылқоға ауданының ғасыр сазгер-ақыны».

Қырықтан астам әндерім жарық көрді

Жалпы, өзім жастайымнан өлең шығарамын. Ән шығаруға енді ғана бет бұрып келемін. Оған да үш-төрт жылдың көлемі болып қалды. Қазіргі таңда 40-тан астам әндерім жарық көріп, олардың жартысына жуығына бейнебаян түсіріліп үлгерді. Бүгінде елге белгілі эстрада жұлдыздары Қуандық Рахым «Қалайда», Серік Ибрагимов «Бар, бар», Жігер Ауыпбаев «Өзінше қыз», Ерке Есмахан «Аэропорт», «Заман» тобы «Өмір», Мәдина Сәдуақасова «Қоштасу мен достасу» секілді әндерімді орындап жүр. Шыны керек әндердің таралуы Атырауға қарағанда, Алматыда басымырақ. Себебі, өнердің отаны болғаннан кейін шығар, ол жақта әннің де, әншінің де қадірі биік.

Қазір бұл саламен қоса журналистика саласында қызмет етіп жүрмін. Ұстазым марқұм Мақсот Саркенжиев ағамыз. Өлеңдерімнің тақырыбы махаббат. Бұл тақырып жас болған соң ба жиі мазалайды. Ал, әндерімнің тыңдармандары жастар.

Ерболат ҚАРАҚОЙШИЕВ,

жас сазгер-ақын.

Туып-өскен жерің еске оралады

Менің өнер саласына еш қатысым жоқ. Десек те, қызылқоғалық сазгерлердің әндерін тыңдап өскендердің бірімін. Олардың әндері маған рух сыйлайды. Себебі, олардың әр шығармасы біздің ауданға арналып шығарылған. Оны неге тыңдамасқа?! Қазіргі жастарды қарасаң мән-мағынасы жоқ әндерді көп тыңдайды. Олардың тыңдарманға салар ойы жоқ. Жеңіл желпі жазыла салған. Ол әндер қазір хит болғанымен өмірі тым қысқа болары сөзсіз. Айтар болсақ, жергілікті сазгерлердің әндері жиі насихатталуы тиіс. Біздің ағаларымыз, орта буын өкілдері бұл әндерді жатқа айтқанымен кейінгілер ұмытып бара жатқандай.

Менің жиі тыңдайтыным «Мекенім – Миялы», «Туған жер – Тайсойған», «Топырағыңнан айналдым – Қызылқоға» әндері. Қандай күшті әндер. Сөзі жатық, айтуға оңай. Тыңдап отырсаң өз ауылың, туып-өскен жерің еске оралады.

Жансерік ОРАЗОВ,

Миялы ауылының тұрғыны.

Тыңдарман қошеметіне бөленіп келемін

Осы жерде туып-өсіп, мәдениет саласында қызмет жасап жүрген маған жергілікті композиторлардың әнін айтпау азаматтығыма сын болар. Жастайымнан қызылқоғалық сазгерлердің әнімен сахна төріне көтеріліп, тыңдарманның қошеметіне бөленіп келемін. Алғаш Сұлтан Қарасаевтың «Қарабау» әнін орындап, аудандық байқауға қатысқан болатынмын. Сол уақыттан бері менің орындауымнан жергілікті сазгерлердің әні түсіп көрген жоқ.

Қазіргі таңда Миялы өнер мектебінде вокаль және хор пәнінен сабақ беремін. Шәкірттерім қандайма жарыс, байқау болмасын жергілікті сазгерлердің әндерімен қатысады. Көбіне Ж.Нұрғалиев, Ә.Темірханов, Қ.Ізекен, К.Жолаевтің әндерін орындаймыз. Сол байқаулардан жүлделі оралып, мектебіміздің, ауданның абыройын асқақтатып жүрміз. Мұндағы мақсат – бала бойына патриоттық сезімді ұялатып, жергілікті сазгерлердің шығармаларын насихаттау.

Ләззат ТАСТАЕВА,

Миялы өнер мектебінің мұғалімі.

Мәңгілік әндер мәңгі шырқалады

Мен Жәкула Нұрғалиевтың әндерін орындап жүрген әншілердің бірімін. Ол ағамыздың әндері мен үшін мәңгілік әндер. 1968 жылы ағайдың өзі маған «Ойылым», «Сайра баян», «Ақмарал», «Сен ғана, бақытымсың» әндерін ұсынды. Осы әндермен сусындап, биікке қанат қағып, асқақ армандарымызды ұштадық. Енді бүгінгі күн жастарымыздың, кейінгі ұрпақтың сол ескі әндерді шырқап, ұмыт қалдырмағаны қуантады. Бұл әндердің шырқалып келе жатқанына міне елу жылдай уақыт болды. Көрерменнің сұрауы бойынша сахнаға көтерілгенде осы әндерді шырқаймын. Облыс, республика көлемінде өткізілетін байқауларға да осы әндерді шырқап, жүлдегер атанып жүрдім. Осыдан екі-үш жыл бұрын «Атырау» телеарнасы «Ойылым» әнін бейнежазбаға түсіріп алды. Қазір телеарнадан көрсетіп тұрады.

Негізі, мәңгілік әндер ғана мәңгі шырқалып, тыңдарманның жүрегінен орын алады. Ал, мен өзім осы әндермен мақтанамын.

Ғалия ЫҚЫЛАСОВА,

Бүкіл одақтық, республикалық фестивальдардың лауреаты.

 Түйін: Біздің өңір тума таланттардан кенде емес. Ал, олардың шығармалары өміршең болу үшін әнші де, тыңдарман да, тиісті сала мамандары да бірлесе жұмыс жасау қажет екені ақиқат. Сондықтан, жергілікті сазгерлердің шығармаларын кейінгі ұрпаққа насихаттап, дәріптеу сіз бен біздің міндетіміз.

Гүлмира ТІЛЕГЕНОВА.

Әкім жұмысына баға беріңіздер

Аудан әкімінің жұмысына қандай баға бересің?
Елді мекендердің тазалығына қандай баға бересіз?
Әкім тағайындалғалы ауданда жұмыссыздық деңгейі өзгерді ме?