Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ПІКІРЛЕРДІ ТОҒЫСТЫРҒАН QYZYLQOGA.KZ

«Айшылық алыс жерлерден,

Көзіңді ашып-жұмғанша,

Жылдам хабар алғызды», – деп Ыбырай Алтынсарин оқу-білім туралы жақсы теңеу келтірсе, бүгінде мұны ғаламторға айтылған деуге әбден болады.

Аптасына бір рет жарық көретін аудандық «Қызылқоға» газетінің http://qyzylqoga.kz сайты әлеуметтік желідегі оқырмандармен тығыз байланыста. Үздіксіз жаңалықтарды, тарихи деректерді, әңгімелерді, жаңалықтарды ең алдымен сайтқа жүктейміз. Сайттан сілтеме арқылы «Фейсбук» парақшасына және «Qyzylqoga Times» тобына, «Вконтакте» желісіндегі «Qyzylqoga News» тобына көшірме жасаймыз. Міне, осылайша газет оқырмандары күнбе-күн аудан жаңалығынан хабардар бола алады. Осы орайда, жоғарыда айтылған ғаламтор желілеріндегі оқырман пікірін газет бетіне жариялағанды жөн көрдік.

Бүгінгі күні ата-аналарды елеңдетіп отырған мәселенің бірі – екпе. Осы тұста, газетіміздің №2 санында «Екпеден қашқанға ем қонбайды ал, мұны әрбір ата-ана түсінуі қажет» деген мақала «Фейсбук» қолданушыларының арасында талқыға түсті.

Қармыс РАЗБАЕВ:

Екпеден ауырғандарға емді қайтеміз?!

Кеңестік дәуірден түгелге жуық екпе алдық, онкология онсызда өршіп тұр.

Оның басқа жолдарын анықтаған жөн.

«Қызыл Қала» монша кешені:

Туберкулезден емдейтін ауруханаға барып көріңіз. Сонда емделіп жатқан адамдардың 99,9 пайызы бала кезінде егілген, 13-14 жасқа келгенде тағы да егілген, ал бірақ туберкулезбен ауырып қалды. Сонда ақиқат қайда?

Осы күнге дейін айналамда туберкулезбен ауырып қалған адамды көрген жоқпын. Бірақ, тепсе темір үзетін бес азаматтан айрылдық. Себеп: онкология! Сұрақ: біз қай аурумен күресіп жүрміз?

Иә, былтырғы жыл соңы өнер саласында жарқын жетістіктерге толы болды. Оның ішінде, сағыздық өнерпаздардың шоқтығы биік. «Жарайсың, Жәнібек!», «Сағыз» чемпион атанды» мақалаларының таралымы мен пікірі мол болды.

Рауля ШУГАЕВА:

Сағыздықтар өнер саласынан жоғарғы орындарды алып жатсыңдар. Сағыз үшін бұл көптен күткен дәреже. Құтты болсын! Балалар биіктей беріңдер! Жәнібек, құтты болсын!

Гүлжан ҒАЙНЕДЕНОВА:

Жеңіс құтты болсын! Жігерлерің шыңдала түссін! Ұтқыр пікір, ұшқыр ой, салмақты сөз көп болсын!

Қарлыға ЖҰМАҒАЛИЕВА:

«Сағыз» құрамасы – чемпион. Алға, жерлестерім керемет!

Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН:

Он жыл бойы арман болған кубок. Ақыры қолға тиді.

Ғибадат ТҰРҒАЛИ:

Кейбір облыстарда осындай азаматтарға әкімдері пәтер сыйлап, көлік мінгізіп жатады. Ендігі жерде, Атырау облысында жалпы ұлттық өнер жанашырлары табылып жатса, ол жаңалықтардан құр қалмайық дегім келеді.

Сондай-ақ, аудан бойынша барлық спортшылардың да жеткен жетістіктері орасан. Атап айтсақ, дзюдо, джиу-джитсу, қазақ күресі, самбо және тағы да басқа спорт саласынан жетістікке жеткен спортшыларымыз жетерлік. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасына Еңбегі сіңген жаттықтырушылар туралы да көлемді мақалалар газет сайтынан және «Фейсбук» парақшасынан тыс қалып жатқан жоқ. Ондағы материалдарға да пікір айтушылар жетіп артылады.

Бимырза ТАЙЖАНОВ:

Марат Әбдуәлі ағайдың еңбегі зор. Мен – ағайдың алғашқы шәкірттерінің бірімін. Кішкентай ауылдан көптеген шәкірт дайындады. Келісті шәкірт дайындайтын зал болмаса да дүлдүл балуандарды баптады. Мықты бапкер екені сөзсіз!

Мира ЖҰМАҒАЛИЕВА:

Әрдайым биіктен көріне беріңіз!

Серікқали ТАСҚАЛИЕВ:

Марат ағайды тек қана Атырау емес, Қазақстанның түкпір-түкпірінің бәрі біледі ғой. Шәкірттеріңіз биіктерден көріне берсін! Берік: Сағат, бауырым, құтты болсын! Алар асуың көп болсын!

Шалқар ЫҒЫЛМАНОВ:

Жеңіс, құтты болсын, Жандос!

Ержан ЖЕКЕЕВ:

Жандос, құтты болсын жеңісің! Аудандық басылымдардың тағы бір ең өзекті кезеңі – баспасөз науқаны. Бұл тұста, газет оқырмандарының пікірі басылым бетіне және әлеуметтік желілерге толықтай жарияланады.

Жаннат ЕСЖАНОВА:

Ауданымыздың тыныс-тіршілігін, жаңалықтарын жұртшылыққа жеткізетін төл газетімізге жазылуда Кенбай орта мектебінің ұжымы белсенділік танытуда. Мектеп директоры Бекбол Омаровтың өзі алғашқы боп бастап жазылып, үлгі көрсетті. Жазылу жалғасуда.

Қалимаш САТАНОВА:

«Қызылқоға» газеті – халық жаршысы. Бас редактор және де барлық журналистерге еселі еңбектеріңізді биіктен көріңіздер дегіміз келеді.

Ал, «Тұлғалар тағылымы», «Фотоэтюд» жаңа айдарлары көпке етене таныс. Әсіресе, «Қызылқоғада алғашқы қар» деп аталған фотоэтюдке ауылдың тыныс-тіршілігін сағынған аудан азаматтары ағынан жарылып пікір білдірді. Ғазиза ҒАЛИЕВА: Көңілі аппақ қардай ауылдастарыма, аппақ қар жауған екен ғой. Мал-бас аман болып, қыстан шығуларыңызды нәсіп еткей!

Гүлжихан ҚАРАБАЛИНА:

Қызылқоғамның қыс бойы сықырлап тұратын аязы керемет қой шіркін!

Түйін: Газетіміздің негізгі сыншысы оқырман екені даусыз. Ал, оқырманның әр пікірі басылым үшін құнды. Осылайша, орнаған байланысты нығайта түсу барысында екі жақ болып бірігіп жұмыс жүргізуіміз қажет. Ендеше, газетке жазылып, көкейіңіздегі пікіріңізді білдіріңіз! Сіздің әр маңызды пікіріңіз біреудің көзқарасын өзгертіп немесе жақсыға ұмтылуға себеп болар.

Сайттағы пікірлерге шолу жасаған: Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521