Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

НАУРЫЗДАҒЫ САЛТ-ДӘСТҮР оның мәні мен маңызы неде?

«Наурыз» – парсы сөзі. Қазақша мағынасы «Жаңа күн» дегенді білдіреді.

Халқымызда бұл күнге лайық салт-дәстүрлер жетерлік. Енді солардың мәні мен мағынасына тоқталайық. Наурыз көже - бидай, тары, күріш, ет, тұз, сүт, су тағы да басқа жеті түрлі тағамдардан жасалады. Бұған қыстан шыққан қазы, шұжық, сүр ет сияқты сыйлы, сыбағалы мүшелер де қосылады. Бұл ежелгі жомарттық, қонақжайлылық, кеңпейілділік секілді бағалы дәстүрлердің бірі. Халқымызда «Бір күн дәм татқанға қырық күн сәлем» деген мағыналы сөз бар. Бір сөзбен айтқанда, Наурыз көже – Наурыз тойының ажырамас бөлігі. Жалпы, батаның түрлері көп. Соның бірі – Наурыз бата. Жастар бұл күні үлкендерден бата алуға тырысады. Наурызда алған батаның орны бөлек. Мұндай батаны «уыз бата» деп дәріптейді. Ал, наурыз айында туған төлді «Наурыз төл» деп атайды.

Наурыз төлін төлбасы ретінде бағалап, ерекше күтіп-бағады. Төлбасы сатылмайды, ешкімге сыйға берілмейді. Наурыз айында ұшып келетін көктем құсын «Наурыз көк» деп атайды. Бұл құсты шығыс халықтары ерекше құрметтейді. Оны алғаш көргендер «Наурыз көгім, келдің бе?» деп шақырады. Наурызкөкті ешкім үркітпейді, оны киелі құс қатарына қосады. Наурыз айында жерге қолдан ойғандай ерекше ою-өрнекті әрі жұп-жұқа қиыршық қар түседі. Ол күн көзіне шағылысып, шашырап, жылтылдап тұрады. Анықтап қарағанда басқа қар қиыршықтарындай емес, жеңіл де үлпілдек болады. Мұны халық «наурызша» деп атаған. Сонымен қатар, наурыз айында жаңа жыл еніп, жер бусанып, күн күркіреп, жаңбыр жауып, ауыл адамдары далаға шығып саумалық айтып, қуанышты көңілмен жақсы тілек тілейді. Сол сияқты, Қыдыр (Қызыр) ата - бүкіл халықтың қамқоры, оларға жақсылық жасаушы, ырыс, құт, несібе әкелуші қарт. Ол Ұлыстың ұлы күнінде әр шаңыраққа соғып бата береді деп күтіледі.

Сондықтан, әр үй Қыдыр атаның жолын күтіп өздерінің жанын да, тәнін де, киер киім, ыдысы мен бұйымдарын да таза ұстауға тырысады. Үйдің іші-сыртын да, қора-қопсыны тазартып, ағаш егіп, өсімдікке су құяды. Мұсылман қауымы мұндай үйге Қыдыр ата түнеп немесе бата беріп кетеді деп түсінген. «Қыдыр қонған», «Қыдыр дарыған» деген сөздер осындайдан шыққан. «Қырықтың бірі – қыдыр» деген сөз сондай ырымнан шыққан. Ертеде Шығыс елдері Наурызды «мұхаррам» деп атаған. Оның мәнісі: осы қасиетті айда табиғатты ластауға, тәртіпсіздікке, ұрлыққа, ғайбат сөзге, ішімдікке тағы басқа жағымсыз істерге тыйым салынған. Демек, мұсылман елінде Наурыз әдептілік, адамгершілік, пәктік сияқты асыл қасиеттерді дарытатын, дамытатын, ұлықтайтын күн есебінде де ерекшеленген. Бұл мерекеде алыс, жақындағы тума-туыс, жекжат-жұрағаттарға, сыйласқан кісілерге құттықтау, сәлем жолдайды, сәлемдеме жібереді. Жастар жағы ақсақалдар мен әжелерге, ата-аналарына барып сәлем береді, құттықтайды, сый ұсынады, батасын алады. Оларға арналып жылы-жұмсақ тағамдардан «бел көтерер» деп аталатын дәм дайындалып, тартылады. Ал, қыз-жігіттер жиналып бас «ұйқыашар» әзірлейді.

Ол сүр ет, уыз сияқты дәмді тағамдардан жасалады. Жігіттер қыз-келіншектерге сырға, айна, тарақ сияқты сыйлықтар береді. Оны «селт еткізер» деп атайды. Бұл айда туған баланың атын Наурызбай, Наурызгүл деп қойған. Сайып келгенде, Әз-Наурыздың шеңберіне бүкіл ұлттық салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тәлім-тәрбиесін, рухани-мәдени, тарихи мұрасын сыйғызуға болады. Ал, наурызға қатысты дәстүрлерді, салт-жораларды, тағамдарды ұлттық брендке айналдырып, тұрмыста қолданысқа енгізу қажеттілігі бүгінгі күннің басты мақсаты болу керек-ақ.

Гүлмира МАҚСОТҚЫЗЫ

Сурет: ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521