Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Медиаторлар пікір алмасты

Жақында «Арман» мәдениет үйінде бірыңғай республикалық медиация күніне орай аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен ашық есік күні болып өтті.

Жиынға аудандық сот, ішкі істер бөлімі өкілдерімен қоса ауылдық округтердегі кәсіби емес медиаторлар мен ауыл жастары қатысты. Жиынды аудан әкімі аппаратының басшысы Асылбек Жанқуатов ашып, жиналғандарды шараның мән-мазмұнымен таныстырып өтті. Содан кейін сөз алған аудандық соттың судьясы Айнұр Сырғабаева:

– Қазақта «Дау мұраты – біту» деген жақсы нақыл сөз бар. Бұл біздің қозғап отырған медиация тақырыбымен ұштасып жатыр. Яғни, екі тарапты сотқа жеткізбей татуластыру ұлтымызда бұрыннан бар қасиет. Бұрын ол міндетті аузы дуалы ақсақалдар, елге сыйлы, сөзі өтімді адамдар атқарса, қазір бұл міндетті медиаторлар атқарады. Медиация туралы заң шыққалы барлық ауылдық округтерде кәсіби емес медиаторлар бекітіліп, жұмыс жасауда. Бұл алыстағы ауыл адамдары үшін өте ыңғайлы. Мысалы, дауласып қалған екі тарап өзара бітімге келгісі келсе, аудан орталығына келіп, шығындалмай-ақ мәселені өз ауылында тұрып шеше алады. Алайда, алыс ауылдағы ағайынның бір кемшілігі медиаторға жүгінуді онша құптай бермейді. Қысқасы ұялады. Жақында маған алыс ауылдардың бірінен ажырасуға арыз берген ерлі-зайыптылар хабарласып тұр. Өзара татуласқандарын айтып, енді не істеу керектігін сұрайды. Мен оларға «Миялыға келіп әуре болмай-ақ, өз ауылдарыңдағы медиаторға бара қойыңыздар. Сол жерде татулассаңыздар жетіп жатыр» десем, олар медиаторға баруды намыс көреді. Айтатындары араларындағы дауды өзге біреу білмесе екен дейді. Бірақ, медиаторға барып жүгінер болса шаруалары бірден шешілер еді. Егер олар аудан орталығына сотқа келер болса ол үшін сотқа баж салығын төлейді, келіп-кететін жолақысы бар, жұмысынан сұранады, уақыты кетеді. Яғни, толып жатқан шығындар. Ал, өз ауылындағы медиаторға жүгінсе ақшасын да, уақытын да үнемдей алады. Сондықтан, медиатордан қашпау керек, – деді.

Бұдан кейін пікір білдірген аудандық ішкі істер бөлімінің тергеушісі Бауыржан Жауқашов медиация туралы заң ішкі істер органдарында да жүзеге асып жатқанын айтып өтті. Ал, ауылдық округтерден келген кәсіби емес медиаторлар өз тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ, жиын барысында ажырасудың көбеюі, ұрпақ тәрбиесі, ұлттық құндылықтар хақында да сөз қозғалып, жиналғандар аталмыш тақырыптарда өз ойларын ортаға салып, пікір алмасты.

Дулат МӘТЖАН.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521