Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Қазақ мұнайының құлагері

Қазақ қазақ болғалы ел жүгін қара нардай көтеріскен, халық жүрегінде есімдері жатталып қалатын арыстар аз болмаған.

Өзінің туған халқы мен сүйікті Отаны үшін адал қызмет етіп, абыройдың асқақ биігінен орын алған қайталанбас тұлғалардың бірі – Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген геолог-мұнайшы, Құрметті профессор, менің жұбайым, Қазақстан геологиясының майталманы Жұмағалиев Таумыш Нұрышұлы. Ол биылғы жылдың 21 тамызында тірі болғанда 100 жасқа толар еді. Бозарып атып, шұғыласы шуағымен бірге айналаны түгел шарпитын, нарттай қызыл шоқтай болып сызылып барып бататын жаздың күні қандай әсем болса, Таумыш Нұрышұлының да бүкіл ғұмыр жолы сондай шуақты нұрдың келбетін елестетер еді. Жарты ғасырдан астам уақыт бойына жұбымыз жазылмай, жүрегіміз бірге соғып, осынау тіршілік керуенін бірге тартқан аяулы азаматым туралы талай мәрте жазылды да. Әлі де жазыла бермек...

Тәкең көзі тірісінде «Менің бағыма 63 жылға жуық еңбек еткен кезеңімде зиялы ортаның ішінде болу жазылыпты... Олар ондаған жылдар саналы өмірлерін халқымыз үшін сарп етіп, «қара алтын» салаларының қарыштап дамуына сүбелі үлес қосқан қарапайым да мөлдір жандар. Кісілік пен кішілікті, парыз бен парасатты ұштастырып, қағидалықты жалғастыра, жаңалықты жатсынбай, жағымпаздыққа жармаспаған, қиындықта медет болып, қуат берер, ауыздан түспей келе жатқан есімдер – біртуарларымыз О.К.Көшеков, Е.Т.Тасқынбаев, Б.С.Сағынғалиев, С.М.Мұқашев, С.С.Шақабаев, Х.Ж.Өзбекқалиевтер...» деп айтып отыратын. Ол 1918 жылдың 21 тамызында Көздіқара ауылдық округінде дүниеге келген. 1938 жылы Гурьев мұнай техникумын бітіріп, Доссор-Ескене мұнай кәсіпшіліктерінде техник-геолог болып өзінің еңбек жолын бастады. 1945 жылы Қазақ тау-кен институтының геологиялық барлау факультетінде оқуын аяқтап, Ескене кәсіпшілігінің бас геологы қызметіне тағайындалады. Екі жылдан кейін Қазақ КСР Ғылым академиясының Орал-Ембі ғылыми-зерттеу базасына ауыстырылды. 1956 жылы Мұнай институты (қазіргі КазНИГРИ) қайта құрылғанда осында ғылыми қызметкер, ғылыми хатшы, зертхана меңгерушісі лауазымдарында жұмыс атқарды және 1962 жылы институт директорының ғылыми жұмыстары жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. Таумыш – Еділ-Жайық қос өзен аралықтарында мұнай және газ кен орындарын ашу мүмкіндігінің негізін қалаған тұңғыш зерттеушілердің бірі. Оның бұл болжамдары толығымен расталып, Мартыши, Қамысты, Жаңаталап, Гран және тағы басқа кен орындары ашылды. Жаңа кеніштердің ашылуына байланысты «Ембімұнайгаз» АҚ-ына қарасты Жайық мұнай-газ өндіру басқармасы құрылды. 1968-1972 жылдары Тәкең Қазақ КСР Геология министрлігінің Батыс Қазақстан геологиялық басқармасының бастығы, Гурьев ірілендірілген аймақтық мұнай-газ барлау экспедициясының бастығы болды. Осы жылдар аралығында Шығыс Жетібай, Шағырлы-Шөмішті, Доға, Арыстанов, Қарақұдық, Октябрьск кен орындары ашылып, барлау жұмыстары жүргізілді. Қазақ мұнай және геологиялық барлау ғылыми-зерттеу институтының директоры болып қызмет еткен 1972-1985 жылдары ол талантты зерттеуші және ірі ғылыми ұйымдастырушы қырынан танылды. Іздестіру-барлау жұмыстарының жоспарын іске асыру нәтижесінде Каспий бойы ойпатының шығыс бөлігінде Жаңажол мұнай-газ (1978 жылы), ал ойпаттың солтүстік бөлігінде ірі Қарашығанақ газ конденсатты (1979 жылы) кен орындары ашылды. 1967 жылы Таумыш Нұрышұлына Қазақстанның геологиялық зерттеу жұмыстарын дамыту мен минералды шикізат базасын нығайту саласындағы еңбегі үшін Қазақ КСР-не еңбек сіңірген геолог-барлаушы құрметті атағы берілді. 1976 жылы ғылым және техника саласындағы жұмыстары үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Бозащы түбегінің мұнай кен орындарын ашқаны үшін және оны жедел игергені үшін «Халықтар достығы» орденімен марапатталды. Тәкең еңбек жолындағы сәттіліктерді еске ала отырып, әкесінің тебіреніске толы ризашылық сезімін білдірген сәтін айтып, марқайып қалатын. «Менің адам болуыма зор әсер еткен адам әкем Нұрыш болды. Мен институт бітірген жылы әкем қатты ауырып жатты. Әкеме қарап:

– Аға (әкесін аға дейтін), мен сізге бақыттың дәмін татқыза алмадым-ау, – деп қынжылғаным есімде. Сонда әкем марқұм:

– Таумыш, қарағым, сен институт бітірген 1945 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінде Хамит Ерғалиевтың «Білім босағасында» деген мақаласы шыққан еді. Соны оқығанда-ақ менің құным жетті, мен саған ризамын, балам, - деген еді» деп отыратын, жарықтық.

Адам өміріне елеулі әсер ететін, алға қарай жасаған қадамына ерекше қуат беретін жағдайлар болады. Таумыш Нұрышұлының өз мамандығын жан-тәнімен сүйетіндігін, ізденімпаздығын ақылмандықпен аңғарып, ақыл-кеңесін аямаған халқымыздың асыл перзенті, ұмытылмас тұлға Сәтпаев Қаныш Имантайұлының болғаны қандай ғанибет еді десеңізші! Осы бір әлемге әйгілі академиктен дәріс алу, бес жыл бойына Қаныш ағамен қызметтес, сырлас болу оның алдағы ғұмырына сәулелі нұрдай болып төгілген еді. 1942 жылы оқудан бір жылға қол үзіп, сол кездегі Отан қорғау ісіне ең қажетті деп табылатын марганец кенін Маңғыстаудан зерттеу-іздестіру экспедициясының құрамына Қаныш ағаның өзі Таумышты әдейі енгізуі болашақ жас ғалымға деген сенім, әрі үкілі үміт болатын.

Геология ғылымының марғасқасы Қаныш Имантайұлының тапсырмасын студент Таумыш тиянақты орындап, Маңғыстау жарты аралында марганец бар екенін және оның игеру жолдарын 9 айға созылған экспедиция барысында нақты зерттеп оралды. Осы сапардан соң Геология ғылыми институтының директоры Қаныш Имантайұлы Таумыштың таудай еңбегіне әрі оның біліміне дән риза болып, оны институттың кіші ғылыми қызметкері қызметіне ауыстырды. Иә, кәдімгі ғылыми қызметкер! Ғылыми атағы барлар ғана алынатын қызмет орны.

Таумыш Нұрышұлы 150-ден астам ғылыми еңбек пен 8 монографияның авторы. 1998 жы-лы Алматы қаласындағы «Өлке» баспасынан оның «Тұңғиығы тұнған сыр» атты мақалалар жинағының 1-ші кітабы шықты, қазіргі таңда 2-ші кітабы баспада басылып жатыр.

Көп жылдар Тәкеңмен бірге жұмыстас болған, қатар жүрген Қазақстан мұнайының атасы, құрмет тұтатын аға Сафи Өтебаев, Халел Өзбекқалиев, Шахмардан Есенов, Бөлекбай Сағынғалиев, Салтанат Балғымбаев, Сәкен Шақабаев, ҚазНИГРИ институтында Тәкеңмен 50 жылдан артық бірге жасаған, сол кездегі бірге жұмыстас болған Э.Воцалевский, О.Ангелопуло, М.Диаров, В.Иванов, А.Шаховой, Ц.Дюсенғалиев, С.Өтеғалиев т.б. Осы адамдардың барлығының да есімі аңызға айналған ерекше жандар. Тәкең оларды жиі есіне алып отыратын. Сонымен қатар, ол 2000 жылы «Мұнай-газ геологиясы терминдерінің орысша, қазақша, ағылшынша түсіндірме сөздігі» кітабын жазып, Атырау мұнайының 100 жылдығына тарту еткен. Осы мерейтойда Тәкең «Құрмет» орденімен марапатталды. Мемлекет басшысының Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалін омырауына қадады. 1998 жылы Атырау академиялық қоғамдық бірлестігі «Құрметті академик» атағын, 2001 жылы Атырау мұнай-газ институты «Құрметті профессор» атағын беріп, оның есімімен бір аудитория ашылды. Тәкеңнің 90 жылдығына орай 2016 жылы мыңдаған білікті мамандар дайындаған қасиетті де киелі қара шаңырақ – Атырау политехникалық колледжіндегі үлкен бір игілікті іс-шараның куәсі болдық.

1938 жылы мұнай техникумын бітірген тұңғыш түлектерінің бірі деп, өмірден өткен ағаның еңбегін бағалап, есімін ардақтап, рухына құрмет көрсетіп, Қазақстанның құрметті мұ-найшысы Таумыш Нұрышұлының құрметіне оның есімімен жалпы мұнай және мұнай кәсіпшілік геологиясы оқу кабинеті ашылды.

Осындай атаулы геология аудиториясының ашылуы – қазіргі білім алушылардың тәрбиесі үшін маңызды. Өйткені, ең үздік тәрбие – нақты әрі айқын үлгі көрсету, жастарға деген ықылас пен қамқорлық жасалғанның белгісі деп білемін. Игілікті іс-шараны ұйымдастырып, жүзеге асырылуына мүмкіндік туғызып, жағдай жасағаны үшін Бағыт Шеркешбаеваға және ол басқарып отырған ұжымға аналық жүрегіммен, шексіз ризашылығымды білдіремін. Болашақ мамандарды білімді де білікті етіп даярлаудағы еңбектеріне қажымас қайрат, талмас қанат, шығармашылық табыстар тілеймін.

Таумыш Нұрышұлының еңбектеріндегі зерттеулер, тұжырымдар, ойлар, сипаттамалар өзінің өміршеңдігімен ерекшеленеді. Тәкеңнің көзі тірісінде талай-талай шәкірттері тәрбиеленіп өсті. Олардың ішінде ең алдымен ауызға оралатыны – Бақтықожа Ізмұханбетов, Балтабек Қуандықов, Ұзақбай Қарабалин, Марат Байзақов секілді көптеген ел азаматтарының болғаны мен үшін үлкен мақтаныш әрі абырой. «Ұлағатты өмір» атты кітабына Тәкең туралы өзек жарды естеліктер жазып, ағаларының өшпес өмірін жалғастырған інілері мен шәкірттеріне шексіз алғысымды білдірдім. Олар ел ағалары Е.Тасқынбаев, А.Айбаров, О.Қарасаев, А.Селбаев, шәкірттері Б.Ізмұханбетов, Б.Қуандықов, К.Ибрашов, Илькер Туксал, Т.Жұмағұлов, М.Ізбасов, С.Түгелбаев, Ұ.Қарабалин, М.Габдусалимова, Н.Айтиева, С.Кенжеғариев және тағы да басқалары. Осы кітапта шәкірттері Б.Қуандықов пен Б.Ізмұхамбетов: «...Осындай дәрежеге жетуге бізге көбірек ықпал жасаған – осы Таумыш аға. Таумыш Нұрышұлының тегеурінді, байсалды мінезі, айналасына жасаған жақсылықтары, таразыға тартқандай ғып айтатын әңгімелері мәңгі есімізде қалады. Таумыш ағамыз айналасын сыйлай да, айналасына өзін сыйлата да білген үлкен ұлағатты азамат еді» – деп жүрекжарды лебіздерін білдірген еді.

Сондай-ақ, ізін қуған інілерінің айтуынша, Таумыш Нұрышұлының жазған көптеген ғылыми еңбектері, кітаптары жас мамандар үшін мұнай геологиясының әліппесі болғанын, көптеген геологтар үшін таптырмайтын құнды ескертпелер мен мазмұнды тұжырымдар екенін тағы да қайталап айтқым келеді. Қазақстан егемендік алғаннан кейін жастарымызға өз ана тілінде геология мен мұнай саласының арнаулы терминдері түсінікті болуы үшін дайындаған «Мұнай және газ геологиясы терминдерінің түсіндірме сөздігі» деген өте құнды туындысы пайда болып, көпшілікті қуантты. Ал, ертеректе жазылған Еділ-Жайық арасының геологиялық сипаттамалары, оның мұнай-газ перспективалары туралы кітаптары күні бүгінге дейін өзінің ғылыми тереңдігін жоғалтқан жоқ, қайта қазіргі мамандарға таптырмайтын бағдарлама болып тұр.

Осыдан 5 жыл бұрын бұрынғы облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлының ұйымдастыруымен Таумыш Нұрышұлының 95 жылдық торқалы тойы облыста кең көлемде аталып өтті. Өзі тұрған үйдің қас бетіне ескерткіш тақта орнатылды. М.Өтемісов атындағы Қазақ драма театрында Таумышты еске алу кеші ұйымдастырылды.

Еске алу кешінде сол кездегі Қазақстан Республикасының мұнай-газ министрі Ұзақбай Қарабалиннің Таумыш ағаның бізге жолдаған арнау хаты да жүрек тебіренткендей болып естілді. Сонымен бірге, театр актерлерінің күшімен сахналық қойылыммен ашылған кеште Таумыш ағаның балалық, жастық шақтары мен қазағымыздың маңдайына біткен үлкен ғалымы, академик Қаныш Сәтбаевпен кездесуі, ақырында Тау ағаның жасы ұлғайып, өзінен кейінгі ұрпаққа, шәкірттеріне ақыл айтып тұратын сәті де өте үйлесімді көрініс тапты. Аяулы аға бейнесін жан-жүрегімен елжірей еске алған жамағат оны бір минут үнсіз тұрып еске алды. Еске алу кешінде алғашқы сөзді Атырау облысының бұрынғы әкімі, өзін Таумыш ағаның шәкірті санайтын құрметті інісі Бақтықожа Ізмұқанбетов алды. Қазақ геологиясының көшбасшыларының бірі болған, асқаралы азамат туралы «Ғасырға жуық сәнді де мәнді өмір сүрген ағаның өмірі мен еңбек жолы кез келген қазаққа үлгі боларлық екені шындық.

Таумыш Нұрышұлы тек қана өз ісінің білгірі, ғалым ғана емес, бойына бар игі қасиетті жиған, жанындағыларға шуақ шашып, оларды жақсылыққа бастап жүретін жаны таза адам болатын. Біз абзал ағаның соңынан ілескен інілері, оны әрдайым ұстаз санап, ол кісіден үлгі алуға тырысып келеміз» деп Қазақ мұнайының құлагері, қазақ геология ғылымының көш басындағы асқарлы азамат туралы шешіле сөйледі. Шәкірті Марат Байзақов: «Сіз, құрметті Бақтықожа Салахатдинұлы, қадірлі ұстазыңызға деген шәкірттік парызыңызды толық өтегендейсіз. Облыста Таумыш ағаға арналған кең көлемді шаралар ұйымдастырып жатырсыз. Ылайым, Сіз де өз шәкірттеріңіздің алдында осындай сыйлы болыңыз, еңбегіңіз жемісті, құрметті болсын!» – деді. Таумыш Нұрышұлы кейінгі ұрпаққа өз деңгейі жеткенше білімін, тәжірибесін беруге тырысты. Тәкең ары да, жаны да таза, адамгершілік қасиеттері мол еңсесі биік азамат еді. Бойындағы кісілігі мен биік парасаттылығын сақтап, тазалық пен адалдық, әділеттіліктен айнымады. Иманжүзді, дүние танымы жоғары, көреген де сезімтал адам болып өтті. Ол Қызылқоға ауданы мен Атырау облысының Құрметті азаматы, қазақ жерінің және қазақ мемлекетінің үлкен жанашыр патриоты болды.

Әке рухын ардақтайтын, ұлағаттайтын ұл мен қыз бергеніне Аллаға мыңда бір шүкір! Ұл-қыздары әке жолын қуып, мұнай саласында еңбек етті. Бүгінгі күні олар да зейнет жасына жеткен ардагер мұнайшылар. Қара шаңырақтың иесі де, киесі де Тәкең екеуміз жанымыздай жақсы көретін немереміз Еркін 2006 жылы Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін бітірген. Сол жылы отбасын құрды. Келініміздің есімі – Гүлмира, қазір олардан балдай тәтті 3 шөбереміз бар. Тәкең дүние салғаннан 16 күннен кейін 3-ші шөбереміз – ер бала өмірге келді. Атасы сияқты елге елеулі, халқына қалаулы болсын деген ниетпен есімін Азамат деп қойдым. Еркініміз Алматы қаласындағы «Азия газ құбырлары» ЖШС-де магистралды газ құбырларын пайдалану департаментінің директоры. Мен кейінгі ұрпақтарыма атасының жасын, сергек ой пікірін, берсін. Болашақ жастардыкі, оларға білімге, ғылымға ұмтылыңыздар дегім келеді.

Бәтіш КАРПЕКОВА,

жұбайы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521