Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Мұстафа Шоқайдың Кетік асуы

Бұл ұзақ әңгіме. Мұстафа Шоқай жайында зерттеушілер де, жазушылар да аз жазған жоқ.

Бірақ, Маңғыстаудағы Кетік айлағынан Мұстафа Шоқайдың қалай аттанғаны, оған кім көмектескені жайлы мүлдем айтылмай, ерлі-зайыпты өміріндегі ең драматизмге толы аса қауіпті кезең көбіне жазылмай келді.

Түркияда қазақ тілінде жарияланған «Мұстафа Шоқай, Мария Шоқай» атты естеліктер кітабында олардың Ақтөбе, Темір, Ойыл, Қызылқоға, Доссор, Жылыой, Кетік арқылы жүрген сапары жайлы айтылған. Чельябідегі түрмеден қашып шығып, олар үш ай бойы бой тасалап, келе жатқан болатын...

Осы кітаптағы келтірілген кейбір елді мекен аттары сәл бұрмаланған. «Біз Қызылқұрт деген ауылға келдік. Қызылқұртта қазақ-татар аралас тұрады. Осы жерде жазда жәрмеңке өтеді. Бұл жәрмеңкеге қазақтар жүн мен тері әкеледі. Ол ауылда Мұстафаның дәрігер жолдасы Халил Досмемет (белгілі қоғам қайраткері Халел Досмұхамедов) тұрады, дегеніне қарағанда, «Қызылқұрт» аулы деп отырғаны Қызылқоға – Көкжар екені түсінікті. Мұстафа Шоқай мен оның зайыбы Темір қаласынан шығып, Ойылға бара жатып, жолшыбай бір имам ауылына соғады. «Киіз үйдің ішіне кілем мен киіз төселген, жып-жинақы екен. Өмірімде бірінші рет қазақтардың киіз үйін көрдім, тазалығына таң қалдым»,– деп, жазады Мария Шоқай.

Онан кейін бұларға тай сойылып, қонақасы беріледі. Балуандарды кү-рестіріп, қызықтайды. Жыр айтылады. Сірә, үй иесінің аса бір сый-сияпат көрсеткеніне қарағанда, олардың кім екенін жақсы білген.

Мұстафа Шоқай мен оның әйеліне үлкен құрмет көрсетіп отырған Абдолла хазірет, бұл «Шибұлақ» деген жер. Себебі Темірден Ойылға – Көкжарға баратын мата жолы (жібек жолы) осы жерден өтеді. Оның үстіне Абдолланың тірі кезі болатын. «Көкмешіттің» имамы еді.

Естеліктегі имам тұрмыс-тіршілігі, қонақжайлылығы және т.б. этнографиялық мәліметтер дәл берілген. Әрине, Мұстафа Шоқайдың бұл өңірдегі белгілі азамат Халел Досмұхамед арқылы Абдолла хазірет аулына келуі әбден мүмкін екенін ескерсек, ол кездегі зиялылар да бірін-бірі қазіргідей біліп отырған. «Көкмешіттегі» осы қабылдаудың Мұстафа Шоқай мен Мария Шоқайдың Маңғыстаудағы Кетік арқылы шетелге мұғажыр болуының тікелей байланысы бар. Мұны әліміз келгенінше одан әрі тыянақтай түсейік. Абдолла хазірет – Дала комиссары Әліби Жангелдиннің орынбасары, Адай ревкомының тұңғыш төрағасы, белгілі би әрі халық батыры Тобанияз Әлниязұлының құдайласқан құдасы. Тобанияз 22 болыстан 29 болысқа дейінгі елді аузына қаратқан, 16-жылдың дүрбелеңінде, патша жарлығына қарамастан, бұл атыраптан солдатқа бір де бір адам бермеген, 21-дің жұтында бір де бір адамын аштықтан өлтіртпей аман алып шыққан, Кеңестер сьезінде бұл елдің жер жағдайының ауыр екенін айтып, елге салық салдыртпау үшін арыстанша айқасқан, жұрттың бәрі сүттей ұйып, имандай сенген, Маңғыстауды бұрынғы Сырт Каспий облысынан төрт ай айтысып жүріп, Қазақстанға қосқан айтулы қайраткер еді.

Патша заманында да, кейін Кеңес кезінде де ноқтаға басы сыймай кеткен күрескер азамат болған. Міне, сол Тобекең Алашорда үкіметінің батыс бөлімшесінің жетекшілері – Халел және Жанша Досмұхамедовтермен тығыз байланыста болды. Сол кезде Алаш партиясының, Батыс Алаш Орда үкіметінің белсенді мүшелері әрбір округ, уездерде үгіт-насихат жүргізіп, атты әскер кавелериясын жасақтауға ат салысты. Солардың бірі Кетік (Форт-Александровск) қаласында Қадырбай Есмағамбетов, Әбуғали, Тәжіғали Таңқыбаев басқарған алашордашыл жасақтар құрылғаны жайлы белгілі ғалым Мақсат Тәж-Мұрат зерттеуінде айта келіп, «Алаш қозғалысына Маңғыстау өңірінде Тобанияз тобы да тілекші болып, әскери қолдау көрсеткенін» айрықша атап көрсетеді. Бұл жайлы Хамза Есенжановтың «Ақ Жайық» романында Жанша Досмұхамедовке Тобанияз «правительдің» қазақтың атты әскеріне жүз адай сарбазын ер-тұрманымен беремін деуі шындыққа сай келеді. Ойылдағы алашшыл азаматтар Сағыз, Жем бойында да белсенді қызмет еткен.

Осы Батыс Алаш Орданың тағы бір белсенді мүшесі, алғашқы қазақ агрономдарының бірі Қаратілеуов Сәлімгерей 1918 жылдың жазында Мұстафа Шоқайды Жұрын, Темір арқылы Жымпитыға өткізу ісін ұйымдастырғаны анықталды. Демек, «Көкмешіттегі» Абдолла хазіретпен кездесу де осы Сәлімгерей арқылы болғаны сөзсіз. Бір өкініштісі – сөйткен Сәлімгерей кейін қазақша ән айтқаны үшін, «алаш орда әнін шырқаушы, ұлтшыл» деген айыппен ұсталып, 1938 жылы КСРО Жоғары Әскери Сотының қаулысымен атылып кеткен. Байұлының шеркеш тармағынан еді, артында екі баласы қалған.

Сонымен, Мұстафа Шоқайдың зайыбымен Кетікке жеткен кезінде бұл өңірде әлі де аққа, қызылға бөлініп, қым-қуыт атыс-шабыс, айтыс-таласқа толы дүрбелең шақ еді. Әкімшілік жағынан баяғыша Закаспий облысына қарайтын, Қап тауына теңіз арқылы ғана қатынасып тұратын. Олардың Кетік асып, амалсыз шетелге мұғалжыр болуына қолдау көрсеткен Батыс Алаш Орда бөлімшесінің Халел және Жанша Досмұхамедовтер бастаған белсенді азаматтары болатын. Оларға тікелей көмек еткен Адай ревкомының төрағасы Әлниязұлы Тобанияз еді. Оның көмекшілері орысша-қазақша өте сауатты, газеттерді оқып, Тобекеңді тұрақты түрде хабардар етіп отырған. Кейін отызыншы жылы түрмеде жатқанда «кезінде екі ай ғана өмір сүрген дербес Қоқан автономиясы, оның лидері шетелге мұғажыр болып кетуге мәжбүр болған Мұстафа Шоқай және оның серіктерімен байланысын табу тергеушілердің басты мақсаты» болғаны жайдан жай емес.

Мұстафа Шоқай мен Мария Шоқайдың соңғы рет елмен қоштасқан қасиетті жері Маңғыстау – Кетік асуы осылай аяқталды.

Постскриптум орнына төмендегі жайтты айтпай кетсек, әңгімеміз толық болмас еді. Тобанияздың ұлы атасы ел қорғаған атақты Қонай батыр заманынан келе жатқан жаз жайлауы Буракөлде Назар деген ізшіл, жершіл қариядан тараған үш бала – Есмағамбет, Нұрбай, Молдабай тұратын. Олардан тараған ұрпақ, шүкір, қазір де бар.

Тобекең 1916 жылғы патша жарлығына қарсы шығып, майданның қара қызметіне бір де бір солдат бермеуге тырысқан дедік. Мұны Халық жазушысы Сәбит Мұқанов та айтқан. Бір қызығы Назардың Нұрбайы 1916 жылғы майданның қара қызметіне барған жалғыз солдат. Одан өзге бұл өңірден бір де бір адам жіберілмеген. Кейін Буракөлдегі «Қосшы», ТОЗ, мойынсерік, артель, ақыры, ұжымшарға үшеуі де мүше болып, Ұлы Отан соғысына тағы да үшеуі аттанады. Нұрбай алты қабырғасынан айырылып, елге құр сүлдері қайтады. Есмағамбет опат болады. Ал, Молдабай майданда қоршауда қалып, тұтқынға түседі. Сувалки, Демблин, тіпті, Легионовода да болып, ақыры, атақты Мұстафа Шоқаймен кездеседі. Ол бір топ әскери тұтқындарға келіп: «...кілең өзбек, қырғыз, қазақтар екенсіңдер, мұсылман екенсіңдер, араларыңда азан шақыратындарың бар ма?» дегенде, Молдабай саптан шығып: «Мен молдамын. Азаншымын» депті. Ақыры, сол Мұстафа Шоқайдың арқасында жүздеген мұсылман солдаттары өлімнен аман қалады.

Молдекең соғыс аяқталғаннан кейін елге босанып келіп, сиыршы, қойшы болып, ұзақ жыл аянбай елге еңбек етті. Жасы сексенге келіп, өз ата қонысында қайтыс болды.

Тәжібай ЖАНАЕВ,

жазушы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521