Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Ескі ғимараттар жаңара ма?

Жыл сайынғы округ әкімдерінің есеп беру жиыны сейсенбі күні Жангелдин ауылдық округінен басталды.

Оған аудан әкімі Арман Баженов, мәслихат хатшысы Толқын Бейсқали, аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Тұрдағалиев және жауапты бөлім, мекеме басшылары қатысты. Жангелдин ауылына ат басын бұрған аталмыш топ алдымен округте салынып жатқан әкімшілік ғимаратының құрылысымен танысты. Аталмыш нысанды аралап көрген аудан әкімі құрылысты уақытылы әрі сапалы жасауды қатаң тапсырды. Нысан құрылысымен танысқан соң аудан әкімі бастаған топ «Жангелдин» мәдениет үйінде округ әкімі Аязбай Оразовтың 2018 жылы атқарған жұмыстары мен алға қойған міндеттері туралы есебін тыңдады.

Жиынды ашқан округ әкімі ауыл тұрғындарына келген қонақтарды таныстырып, өзінің бір жыл бойы атқарған жұмысы туралы есебін баяндады. Оның айтуынша, өткен жылы округ бойынша мал басы саны өсіп, егін шаруашылығы да жолға қойылды. Атап айтқанда, былтыр ауыл диханшылары Ойыл өзені бойынан 13 гектар жерге егін егіп, 131 тонна өнім алса, шағын және орта бизнеспен айналысатындар саны 105-ке жетіп, олар барлығы 154 адамды жұмыспен қамтып отыр. Тұрғын үй салу үшін жер телімін алуға 19 тұрғын өтініш беріп, 12 өтініш қанағаттандырылды. Сондай-ақ, тұрғын үйге мұқтаждар есебінде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 7 бала, әлеуметтік жағынан әлсіз топтары бойынша 6 адам, мемлекеттік, әскери, бюджеттік ұйым қызметкерлері бойынша 7 адам кезекке қойылды. Республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында 32 балаға сабақ құралдары алынып берілді. Осы және басқа да мәселелер бойынша баяндама жасаған округ әкімі сөзінің соңында алда атқарылатын жұмыстарды да қысқаша айтып өтті.

Округ әкімінің есебінен соң кезек жарыссөзге беріліп, онда сөз алған «Аян» шаруа қожалығының төрағасы Әнуар Аманғали ауыл халқы мал басын асылдандыруды қолға алу керектігін айтса, Миялы орта мектебінің мұғалімі Гүлжәмила Қаржаубай мектепте жаңа технологиямен жабдықталған пәндік кабинеттер саны көбейсе деген ұсынысын жеткізді. Ал, жастар жетекшісі Сәкен Махамбетов округ әкімінің есебін мақұлдай келіп, ауыл жастарын белсенді болуға шақырды. Жарыссөз аяқталғаннан кейін жеке кәсіпкер Байсары Айтқали ауылдағы әлеуметтік нысандардың көбі ескі екенін тілге тиек етіп, соларды жаңартып, көктемде өр суы тасығанда округ аумағына молырақ шығаруды сұраса, зейнеткер дәрігер Дәмеш Есқуатова ауылдағы дәрігерлік амбулаторияға жөндеу жұмыстары жүргізілсе деген пікірін білдірді. Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Арман Баженов:

–   Бүгінгі жиында айтылған барлық ұсыныстарды қолдаймыз. Ғимараттардың ескілігін, өр суын тасыту, мектептен жаңа пәндік кабинеттер ашу, барлығы да біздің басты назарымызда. Бірақ, бәрі бір уақытта шешілмейді. Бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асатын болады, – деді. Есеп беру жиынынан соң аудан әкімінің қабылдауы өтіп, онда жұмыспен қамту, тұрғын үйге интернет желісін тарту, баспана мәселесі бойынша келген округ тұрғындарына заң шеңберінде тиісті жауаптар берілді.

Басты мәселе – бруцеллез

Бұдан кейін аудан әкімі Арман Баженов бастаған топ Ойыл ауылдық округіне ат басын бұрып, алдымен салынып жатқан екі пәтерлі тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Ақтөбелік мердігерлер салып жатқан тұрғын үй құрылысы кешігіп жатқанын айтқан аудан басшысы нысанның уақытылы әрі сапалы аяқталуы керектігін баса айтты. Содан соң, ауданнан келген топ «Шалқыма» мәдениет үйінде Ойыл ауылдық округінің әкімі Мағжан Жексеновтің есеп беру жиынына қатысты. Жиынды ашқан округ әкімі өткен жылы жасалған жұмыстары жайлы баяндама жасады.

Оның айтуынша, округте ауыл шаруашылығы саласын дамыту қолға алынды. Атап айтқанда, өткен жылы «Құрман» шаруа қожалығы Батыс Қазақстан облысынан 5 бас аталық бұқа, 25 бас асыл тұқымды қошқар, «Шыңғысхан» шаруа қожалығы Ақтөбе облысының Хромтау ауданынан 25 бас абердин-ангус асыл тұқымды етті-сүтті бағытындағы аналық ірі қара малын әкелді. Сол сияқты, ауыл іргесінде «Құрман» шаруа қожалығының сүт өнімдерін өндіру және мал бордақылау цехының құрылысы жүріп жатыр. Алайда, ауыл шаруашылығы саласы дамығанымен бруцеллез ауруы азаймай тұр. Өткен жылы 45 бас мүйізді ірі қара, 886 бас қой-ешкіден ауру белгілері анықталды. Бруцеллез ауруының көбеюі салдарынан, шілде айынан бастап округ әкімінің шешімімен ұсақ малға шектеу іс-шарасы қойылды. Сондай-ақ, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша Жасқайрат ауылындағы балалар алаңына ойын-сауық құралдары алынса, биыл осы бағдарлама аясында Аққора елді мекенінен ойын алаңын салу жоспарлануда. Өткен жылы ауыл көшелерін жарықтандыру бағытында 44 жарықшам орнатылды. Округ әкімінің есебінен соң ауданның Құрметті азаматы Құлым Иманбай ауылдан «Қазпошта» ғимаратын салу мәселесін көтерсе, ауылдық бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Мереке Айжарықов биыл жастар жылы екенін айта келіп, соған ауылдан мини-футбол алаңын салу туралы бастама көтерді. Бұдан кейін сөз алған аудан әкімі Арман Баженов:

–  Қазір ауданымыз осыдан 5-10 жыл бұрынғыға қарағанда әжептәуір дамыды. Барлық ауыл көгілдір отынмен қамтылып, ауызсу тартылды. Енді біз үшін басты мәселе бруцеллез ауруы болып отыр. Өткен жылы осы Ойыл мен Көздіғара ауылдық округіне шектеу іс-шарасы қойылды. Бірақ, соның өзінде ауру толығымен жойылмай тұр. Енді біз малдарға вакцина егу мәселесін қарастырып жатырмыз. Бірақ, ол ауыл шаруашылығы министрлігі арқылы шешілетін шаруа. Одан бөлек, ауылдан «Қазпошта» ғимараты мен мини-футбол алаңын салу ол уақыттың еншісінде. Қазір заман дамып, бәріне біртіндеп қол жеткізіп жатырмыз. Бұл мәселелер де алдағы уақытта шешіліп қалар, – деп жиынды қорытындылады.

Бүйректің келешегі алаңдатады

Ауыл әкімдерінің есеп беру жиыны одан әрі Көздіғара ауылдық округінде жалғасын тапты. «Самал» мәдениет үйінде өткен жиынды округ әкімі Болат Қабесов бір жылдық есебін жариялады. Округ әкімінің баяндамасынан білгеніміздей, былтыр округ бойынша кәсіпкерлік саласын дамыту мақсатында 8 адам 42,9 миллион теңге несие алып өз кәсібін бастады. Ал, 5 адам «Бастау Бизнес» жобасы аясында оқып, сертификатын алды. Олардан бөлек, қазіргі таңда 63 адам кәсіпкер болып тіркеліп, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында жұмыстар жасап жатыр. Сол сияқты, ауылда «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы арқылы 390 адам компьютерлік сауаттандырудан өтті. Ауылда діни экстремизмнің алдын алу бағытында да жүйелі жұмыстар жасалуда. Атап айтқанда, терроризмге қарсы осал обьектілер қатарына жататын әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандарға бейнекамералар орнатылды. Сонымен қатар, биыл демеушілік арқылы ауыл орталығынан мешіт құрылысын бастау да жоспарда бар. Осы және басқа да мәселелер бойынша баяндама жасаған округ әкімінен соң, мінбеге ауылдық бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Қайырғали Ерекенов көтеріліп, Ойыл өзені үстінен көпір салынса деген тілегін жеткізсе, Жаңашаруа орта мектебінің директоры Абат Рашқалиев округ әкімінің есебін мақұлдайтынын айтты. Содан кейін сөз алған Жангелді Рахметқалиев:

–  «Аудан көлемінде жасалып жатқан жұмыстар аз емес. Бірақ, кемшін кетіп, ақсап тұрған жақтары да жетерлік. Соның бірі – өр суының дұрыс реттелмеуі. Көктемде су тасығанда өр суы жылдағы бір арнамен ағып өтеді де, округ аймағын түгел қамтымайды. Соның ішінде Бүйрек елді мекеніне өр суы мүлдем келмейді. Себебі, кезінде тасжолды салғанда дұрыс жоспарланбай, су ағаp ыңғайлы жерге салмаған. Ал, су келмеген жерде тіршілік бола ма? Қазір Бүйректің маңынан жайылған жылқы көрмейсің. Суы жоқ, жері құнарсыз болғандықтан жылқы да кетіп қалды. Егер бүйте берсе Бүйректен береке кетеді. Өр суы келмеуі кесірінен жерасты суы да тартылып жатыр. Сондықтан, осы мәселені шешу үшін арнайы комиссия құрып, жүйелі жұмыстар жасаған дұрыс», – деді.

Айтылған ұсыныстардың барлығы да орынды екенін айтқан аудан әкімі алдағы уақытта барлық мәселенің оң шешімін табу мақсатында жұмыстанатынын жеткізді. Есеп беру жиыны біткен соң аудан әкімінің қабылдауы өтіп, оған жазылған тұрғындардың айтылған мәселелеріне орай толыққанды жауаптар берілді.

Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521