Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Әлем таныған тұлға

1991 жылы 17 желтоқсанда, яғни тәуелсіздіктің бірінші күнінде Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Кең байтақ жеріміздің байлығы осы даланың түпкілікті халқына да, тағдыр қосып бірге өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдеріне де молынан жетеді.

Не істесек те ақылмен істейік, арзан ұранға ермейік, ұшпа сезімге ерік бермейік дегім келеді. әсіресе, жастар салқынқандылықтан, үлкенді сыйлаудан, сөзге тоқтаудан айнымаса, қашанда достыққа адал болса, халықтың атына сөз келтіретін ұстамсыздықтан аулақ жүрсе деп тілейік» деген еді. Сөйтіп, қазақ елі тұрақтылық пен жасампаздықтың ізденіс жолын таба білді.

Елбасының көрегендігіне бас имеуге болмас. Алматыдағы орталық алаңда азаттықтың ақ таңын қарсы алған сан мыңдаған адам алдында тебіреніспен айтылған Президенттің сөзінде болашақ үшін ұлттық идеяның құрамдас бөліктері де айтылып, басылымдарда жазылған болатын. Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Дербес мемлекет құру қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы еді. Міне, енді сол күнге жеттік», – дейді. Оның пайымынан екі ой түйіндеп тұрды. Бірі – ұлттық идея, өзін-өзі таныған ұлт барда ғана дүниеге келетіні. Екіншісі – ұлттық идеяның мазмұны мен өміршең де қисынды арман құрайтындығы. «Әулетіміздің асуы да, тасуы да өз қолымызда», – дейді ел Президенті. Бірақ, ұлттық идеяның болмыс-бітімі Қазақ елі, Азаттық Бірлік екені тайға таңба басқандай дараланды. Тағдыр анықталған сәтте Қазақстан халқы ең алдымен сабырлылық танытып, асқанның да, сасқанның да сөзіне ермей, бүкіл ел Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың таңдауына ұйыды. Уәжіне құлақ қойып, өз болашағын сеніп тапсырды.

Елдің астанасын ауыстырудың тағылымы мен нәтижесі терең зерттеулерді талап ететіні баршаға аян. Сарыарқаны ата-бабаларымыз ежелден-ақ мекен еткен. Біздің дәуірімізге дейін V-VІІІ ғасырда бұл өңірде сақ тайпалары өмір сүріпті. Кейін олардың орны көшпелі қыпшақтардың қонысы болған екен. Қазіргі Астананың маңынан ежелгі Бозоқ қалашығының орны табылған. Қытай жылнамаларында Бозоқтың қыпшақ билеушілерінің елордасы болғаны да айтылады. Бүгінде Астана жас қала болғанына қарамастан, Қазақстанның басты саяси және мәдени орталығына айналып қана қоймай, дүниежүзінің беделді астаналарының біріне айналды.

Елбасының белсенді әрі жемісті халықаралық қызметінің арқасында Астана дауысы әлемде айқын естіліп, қажеттілігі артуда. Оның анық дәлелі – мемлекет басшыларының басқосулары, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі, ЕҚЫҰ-ға мүше 56 мемлекеттің заң шығарушы тұлғаларының қатысуымен парламенттік ассамблеясының сессиясы, сондай-ақ, «ЭКСПО-2017» мамандандырылған халықаралық көрмесінің және басқа да дүниежүзі көз тігетін халықаралық форумдардың өткізілуі. «Хан шатыр» жабық қаласы, «Жер Ана» мемориалы, «Қазақ елі» алаңы, көп қызметті Тәуелсіздік сарайы, Ұлттық өнер университетінің ғимараты, 3,5 мың орындық киноконцерттік зал, 30 мың орындық жабық стадион тағы басқа да ірі мәдени орындар аз уақыт ішінде бой көтерді. Бүгін де Астананы Қазақстан дамуының локомотиві деп атауға толық құқымыз бар. Астананың экономикалық мүмкіндігіне шетелдік мамандар тамсана қарайды.

Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев Қазақ елі тәуелсіз мемлекет атанған 27 жыл ішінде ішкі және сыртқы саясатта қазағымның еңсесін көтеріп, беделін арттырды. Қазір Қазақстанды бүкіл әлем танып-біліп отыр және дүниежүзі халықтары Қазақстан сияқты жас мемлекеттердің де әлемдік саясатқа ықпал ете алатынын мойындады. Осы тұста, Елбасының былтырғы жылы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және биылғы жылғы «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары жарық көрген болатын. Әрине, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы барысында, көптеген тарихи орындар зерттеле бастаса, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы да жұртшылықтың қолдауына ие болуда. Бұл жарияланған мақалалар ел болашағы үшін аса маңызды әрі құнды бастама екені даусыз.

Елбасының «Дүниеде тәуелсіз Қазақ елі бар, әлемде егемен Қазақстан бар, оның көп ұлтты тату, ынтымақшыл халқы бар, қуатты экономикасы бар, сенімді саяси жүйесі бар, ең бастысы бүгіннен нұрлы, бүгіннен кемел болашағы бар. Менде қазақтың елдігін, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін нығайтудан басқа мақсат та, арман да жоқ. Осы елдің Президенті ретінде де, осы ұлттың перзенті ретінде де дәйім көңілімнің төрінде тұратыны – туған халқым» деген жүрек жарды сөздері оның бүкіл өмірі мен қызметінің мақсат-мазмұнын анық көрсететініне еш күмән жоқ.

Жауқаш ТҰРДАҒАЛИЕВ,

ауданның Құрметті азаматы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521