Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Елін сүйе білу – ердің ісі

Жастардың Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, әскери-патриоттық тәрбие беру мақсатында өткен аптаның жұмасы күні Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектепте «Айбын» Президенттік полкінде жауынгерлік міндетін атқарып келген Әділет Бибозбен кездесу ұйымдастырылды. Оған Х.Досмұхамедұлы, Б.Аманшин атындағы орта мектептің, Ы.Шөреков атындағы мектеп-гимназиясының жоғары сынып оқушылары қатысты.

Кездесу барысында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Марат Әбуов:

– Бүгінгі күні өз араларыңызда отырған Әділет Жәнібекұлы Отан алдындағы борышын өтеу кезінде қойылған тапсырмаларды жауапкершілік пен орындап, әскери іске құштарлығын көрсетіп, басқа сарбаздарға үлгі бола білді. Білімі мен әскери дайындығының арқасын да командирлерінен алғыс алып, аудан абыройын асқақтатып келді. Оның жемісті қызметі мектепте білім берген ұстаздары мен жергілікті қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің тиянақты жұмысының нәтижесі екені даусыз. Бұл болашақта әскери қызметке шақырылуы тиіс жас ұрпақ өкілдерінің патриоттық сезімдерін оятып, абырой, міндет ұғымдарын санасына сіңіруде үлгі-өнеге боларлық іс деп білеміз, – деді.

Бұдан кейін аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, капитан Анарбек Муталяпов сарбаздың өмірдерегімен таныстырса, Қаракөл орта мектебінің бастапқы әскери дайындық пәні мұғалімі Ришад Ғалиахметов шәкірті туралы баяндады. Оның айтуынша, үлгілі оқушылардың бірі болған Әділет мектепте өтетін әскери-патриоттық және басқа да тәрбиелік іс-шараларға белсенді қатысты. Сондай-ақ, түрлі спортпен шұғылданған оқушы. Спорт десе ішкен асын жерге қоятын ол кір тасын көтеруден, волейбол, баскетбол спортына белсене қатысып, аудандық, облыстық сайыстарда жүлделі орындардан көрінген.

Кездесуде сөз алған Әділет Байбоз:

– Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін бітірген соң өткен жылы әскер қатарына шақырылып, Алматы қаласында бір ай «Батыр» Президенттік полкінде оқу-жаттығу жиынынан өттік. Әскери антты қабылдағаннан кейін Астана қаласындағы «Айбын» Президенттік полкі жауынгерлік борышымды өтедім. Мен қызмет еткен №0112 әскери бөлімі Қазақстан Республикасы Президентінің және бірінші тұлғаларының қауіпсіздігін, маңызды мемлекеттік нысандардың күзетін жүзеге асыратын алдыңғы қатарлы әскери құрылым болып табылады. Мұндай әскери бөлімге білімді, бойы биік, спортпен шұғылданған азаматтар ғана қатаң тексеріспен қабылданады. Сондықтан, сіздер де сабақты жақсы оқып, спортты серік етіп, міндетті әскери қызметті адал атқарыңдар, – деді.

Кездесу соңында аудан әкімінің орынбасары Марат Әбуов Отан алдындағы мінсіз қызметі үшін Әділет Бибозға аудан әкімі Арман Баженовтің алғыс хаты мен естелік сыйлығын табыс етті.

Бауыржан САҚТАСИНОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521