Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Қыс қыр астында, ал, оған сақадай саймыз ба?

Несін жасырайық, енді бір айдан кейін қыс мезгілі де басталады. Ал, оған сақадай саймыз ба? Міне, осы мәселе аудан әкімі Арман Баженовтің төрағалығымен комиссияның кезекті отырысында қаралды.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша, алдымен «Аудан көлеміндегі әлеуметтік нысандардың 2018-2019 жылдардың күзгі-қысқы кезеңге дайындығы туралы» хабарлама жасаған аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Қуаныш Ғайнуллиннің мәлімдеуінше, бөлімнің міндеттеріне сай біршама жұмыстар атқарылған. Бірақ, аудан басшысының «Сіздің бөлімнің жасалған жұмыстарыңыз қолымызда. Бәрімен таныспыз. Айтыңызшы, қысқа дайындық кезінде қандай проблемалар кездесіп отыр? Алдыңғы комиссияда берілген тапсырмалар орындалды ма?» деген сауалына аталмыш бөлім басшысының міндетін атқарушы тосылып қалды.

– Сіздің бұл салаға жаңадан келгеніңізді білемін. Әйтсе де, қысқа дайындық кезінде туындайтын проблемалардың барлығы қадағалауыңызда болуы керек. Мәселен, бізде газ есептегіш құралдары жөнінде проблема бар. Жаппа, құдық пештер туралы хабарламаңызда ештеңе айтылмаған. Олардың шешілу жолдары қалай қарастырылып жатыр? «ЖК «Садықовтың» сенімгерлікпен басқаруындағы «Кереген-Сағыз-Жамансор» ауызсу құбыры Сағыз, Мұқыр, Жамансор, Жантерек ауылы тұрғындарын ауыз сумен қамтуда 2018-2019 жылдардағы қыс айларын қамтамасыз етіп өткізуге жоспарлы жүргізілді» дейсіз. Бұған толықтай кепілдік бар ма? «ЖК «Садықовтың» басшылары неге осы жиналысқа қатыспайды? Егер қатысқан жағдайда біз оны сол сенімгерлікпен алушының өзінен сұраған болар едік. Сондықтан, қысқа дайындық мәселелерін қатаң қадағалап, бақылауда ұстау керек,– деді.

Бұдан кейін аудандағы білім беру нысандарының жылу маусымына дайын-дығын баяндаған аудандық білім бөлімінің бас маманы Қанат Алпановтың мәлімдеуінше, аудан бойынша «Казтрансгазаймақ» Атырау өндірістік филиалы Қызылқоға аудандық газ учаскесіне аудандық білім бөлімі мен 8 мектеп үш миллион 151 мың 136 теңге бережақ болып отыр. Бұл қаржыны шешу мақсатында аудандық экономика және қаржы бөліміне сұраныс беріліп, жұмыстар ұйымдастырылуда. Х.Досмұхамедұлы, Б.Аманшин, Ш.Еркінов атындағы, Жаңашаруа, Тасшағыл, Қаракөл, Қарабау Кенбай, №9, Мұқыр орта және Кенбай бастауыш мектептерінде ішкі әжетхана болмауына байланысты қондыру жұмыстарына 16 миллион 500 мың теңге қаржы қажет етеді. Сондай-ақ, Б.Аманшин атындағы орта мектебінің асхана қоймасының төбесі авариялық жағдайда. Қазіргі таңда ақаулық актісі дайындалып, қажетті қаржы шығыны есептелінуде. Сол сияқты аудандық білім бөліміне бір (мыңдық) және Сағыз ауылдық округіне қарасты №9 орта мектебінің бастауыш сынып ғимаратына екі (1 мыңдық, 1 бес жүздік) жылыту қазандығын орналастыруды қажет етеді.

Газ учаскесіне бережақ мәселесі шешіледі. Б.Аманшин атындағы орта мектебінің асхана қоймасының төбесі авариялық жағдайда екендігін көрдім. Жедел түрде шешілу жолдарын қарастыруымыз керек. Соркөл шағын орталығына алты сұйық отынды жедел жеткізуді қолға алу қажет, – деген аудан басшысы «Жаңа арна» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ербол Абдрахманов, «Калибри Атырау» жауапкершілігі шектеулі серік-тестігінің директоры Оңғар Каметов, Жамансор-Сағыз бағытындағы 88 шақырым жолды жасауды қолға алып жатқан «Шанхай контракшнс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Янь Виндердің қысқы маусым алдындағы атқарылған жұмыстары мен техникаларының жай-күйін сұрады. Бұл ретте, «Жаңа арна» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ербол Абдрахманов пен «Калибри Атырау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Оңғар Каметов қысқа техникаларымыз дайын деп жауап берсе, «Шанхай контракшнс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Янь Вин:«88 шақырымды екіге бөлдік, әрқайсысында екі құм тегістейтін техника бар. Мұз үстіне себуге тұз бен құм дайындаудамыз. Қар тазалайтын техника алуға жұмыстанып жатырмыз. Таяу уақытта шешімін табады», – деді. Осы тұста, аудан әкімі Арман Баженов:

– «Жаңа арна» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне айтарым Қарабау-Индер тасжолын күтіп ұстау шешімін табуы тиіс. Жұмыстар жасалып жатыр. Оны жоққа шығара алмаймын. Әйтсе де, қыстың қаһарлы аязы мен дауылды боранына, қар басқан жағдайда жолдың дер кезінде ашылуына техникаларыңыз сай болуы керек. Нағыз қажет уақытта «Анау болды, мынау болды» деген сылтау айтылмағаны жөн. «Шанхай контракшнс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмысты тездетіп қолға алуы тиіс. Қысқа сақадай сай болыңыздар. Қар күнде-күнде жауатын болса, Миялы мен Қызылқоға ауылдық округіне дейінгі жолды «Калибри Атырау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің екі тракторы ашып үлгере алмай қалуы мүмкін. Осы жағында ойлас-тыру қажет, – деді.

Жиналыс барысында, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Айбол Кариннің «Қыс-2018» оқу жаттығу жиыны кезіндегі аудандық жедел авариялық құтқару қызметінің дайындығы және туындаған проблемалық мәселелері туралы» хабарламасы тыңдалса, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Қазбек Айыпқалиев қысқы маусымға мал азығының дайындығын мәлімдеді. Мамандардың айтуынша, әзірге шаруагерлерге, отбасыларға қажетті мал азығын тасу жалғасуда. Қазір бір орама шөп бағасы 3000-3500 теңгеден сатылуда. Сондай-ақ, қыс кезінде қар көп түсіп жол болмаған жағдайда алдын ала «К-700» тракторларымен, угольникпен, қажетті жанар-жағар майлармен қамтамасыз ету үшін дайындық жұмыстары жүргізілгені жөн.

– Біздегі негізгі проблема «К-700» алып техникасын жүргізетін жүргізушілердің тапшылығы. Бар мамандар ақшасы көп компания, мекемелерге жұмысқа кіріп кетуде. Осы мамандыққа жұмыссыз жүрген жастарды оқытуды қолға алған дұрыс сияқты. Қалай болғанда да, соның шешімін табу жағын қарастырғанымыз абзал. Байқаймын округ әкімдері өз ауылдарына қарасты шаруагерлердің жайынан хабарсыз секілді. Ешкім үндемейді. Мал азығы ауылдарда қаншадан сатылып жатыр? Бұған да жауап жоқ. Округ әкімдерінің бұлай ештеңеден хабары жоқ адамдардай болып отыруы жараспайды. Жиналысқа келе жатқанда жан-жақты дайындалып келуі керек. Оның барлығы округ әкімінің халықпен тығыз жұмыс жасайтындығын көрсетеді. Газ жүргізу бойынша құжаты жасақталмаған бюджеттік мекемелер бар. Осыны округ әкімдері мұқият зерделеп, құжаттарын жасақтауға ықпал етуі тиіс, – деген аудан басшысы Соркөл елдімекеніне мобильдік байланыс туралы жоғары басшылыққа ұсыныс жолданғанын атап өтті. «Қыстың көзі қырауда», -дейді халқымыз. Қалай болғанда да, қаһарлы қысқа төтеп беріп, кім-кімде сақадай сай болғаны керемет емес пе?!

Сатыбалды САҒЫМПАЗОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521