Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

«Елге сәлем» фестивалі аудан халқын бір серпілтіп тастады

Биылғы жылдың мерекеге толы мамыр айы аудан халқы үшін ерекше естеліктерімен есте қалды.

Соның бірі де, бірегейі – аудан әкімдігінің қолдауымен, жерлесіміз, жеке кәсіпкер, Атырау облыстық кикбокс федерациясының Құрметті президенті Медет Серікбаевтың ұйымдастыруымен өткен «Елге сәлем» фестивалі. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылған фестиваль үш күн бойы аудан халқына ерекше көңіл күй сыйлап, тағылымы мол ой тастады десе болғандай. Ендеше, осы жерде әрдайым «Туған жерге қандай игі іс жасай аламын?» деген сауалға жауап іздеп жүретін Медетке осынау дүбірге толы шараны өткізуге не түрткі болды? Әңгімеміздің әлқиссасын осыдан бастайық. Бұдан бірнеше ай бұрын Миялы ауылындағы Б.Аманшин атындағы орта мектепті 1978 жылы бітірген түлектерінің 40 жылдық кездесуі болатындығы мәлім болып, қалай өткізу керектігі жөнінде ақылдасуға кірісіп кеткен-ді. Әркім әр жақтан әртүрлі пікірлерін білдіріп жатты. Қалай болғанда да 40 жылдық кездесу ас ішіп, аяқ босататындай болмауы тиіс. Ұрпаққа ұлағат сыйлайтындай өнегелі іс ұйымдастырылуы керек. Халық рухани азық алып, мәні мен мазмұны келіскен мәдени шараларға қанығып, бір демалып қалғаны абзал.

Сөзден сөз, ойдан ой тумай ма? Кенет елге белгілі кәсіпкер, 40 жылдық кездесуді өткізудің бастамашысы болып жүрген Мұрат Сарманов: «Қадірлі сыныптастар! Ауылымыздан түлеп ұшқалы 40 жыл да болып қалды. Көпшілігіміз елді сағынып, туған өлкеге, өскен ортаға, ұлағат сыйлаған ұстаздарға сәлем беру үшін барғалы отырмыз. Сартап болған сағынышымызды басып, қайта оралмас балалық шаққа саяхат жасамақпыз. Демек, 40 жылдық кездесуіміздің тақырыбы «Елге сәлем» болып, сол төңіректе игі іс жасауға тоқайласқанымыз жөн болар еді» деген пікір білдірді. Бәрі бір ауыздан қолдады. Дегенмен аталмыш тақырып аясында өрісті өнегеге жол бастайтын нендей шаралар қолға алынған дұрыс? Нағыз бас қатыратын сұрақ осы. Бұл тұрғыда жастық жігері бойында жалындаған Медет көп ойланбады

. Бірден: – Әкем Мереке тірі болса 40 жылдық тойды Сіздермен бірге шат-шадыман күйде дүбірлете өткізер еді. Әттең ғұмыры қысқа болды. Бірақ, артында әкемнің көзін көріп, жақсылығы мен жамандығын бірге бөліскен Сіздердей әке-шеше, асқар тауын аласармайтын тұлғаға балайтын анам мен біздер қалдық. Аллаға мың да бір шүкіршілік. Сондықтан, бір жағынан әкеміздің дос, құрбы-құрдастарына көрсеткен құрметім, екінші жағынан әкемнің рухына тағзым етіп, ол өскен, мен туған өлкенің мерейін үстем ету мақсатында кіші аяқ добынан Мереке Серікбаевты еске алуға арналған республикалық турнир өткізуді, кикбокс пен қазақ күресінен шетелдік спортшылармен кездесуін ұйымдастыруды және Қызылқоға ауданы халқын бір серпілтіп тастау үшін елімізге танымал өнер жұлдыздарын шақырып, өнерлерін паш еткізуді қолға аламын. Барлық шараға кететін шығындардың қаржысын өзім көтеремін, - деп шешім қабылдады. Әке-шешелерінің абыройын асқақтатып, туған жерінің тұғырын биік ұстайтын азаматтардан қалайша айналмайсың?! «Ер болсаң жауыңа найзаң, халқыңа пайдаң тисін» деген емес пе?! Медеттің бұл ұсынысын аудан басшысы Арман Баженовтен бастап барлық азаматтар екі қолын көтеріп тұрып қолдады. Жай қолдап қана қойған жоқ, жақсы өтуіне белсене атсалысып, ізгі ниеттен туындаған ісіне сәт-сапар тіледі. Сөйтіп, игі шараға қызу дайындық басталып, ақыры өз мәнінде мәреге жетті.

Дүбірге бөлеген доп додасы Фестиваль шымылдығы 5 мамыр күні Миялы спорт кешенінде кіші аяқ добынан Мереке Серікбаевты еске алуға арналған республикалық турнирмен ашылды. Онда алдымен сөз алған аудан әкімі Арман Баженов: – Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында әр қалада, жан-жақта жүрген кәсіпкерлер мен зиялы қауым өкілдерін өз туған жеріне қызмет көрсетуге, өскен өңірін түлетуге шақырғаны белгілі. Соған орай, жерлесіміз Медет Серікбаев өзі туып өскен ауданға келіп, «Елге сәлем» фестивалін өткізіп отыр. Оның биылғы жылы мектеп бітіргендеріне 40 жыл толған түлектерінің салтанатты басқосуымен сәйкес келуінің де өзіндік мәні бар. Әрине, қуаныштымыз. Осындай игі шаралар өзгелерге де үлгі болып, кеңінен насихаттала берсін. Жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеймін, – деді. Содан соң, ардақты ана Ұлдаш Құлшықова, облыстық футзал федерациясының президенті Эдуард Хисметуллин, фестивалдың ұйымдастырушысы Медет Серікбаевтар сөз алып, фестивальдың ашылуымен аудан халқын құттықтады. Салтанатты шарадан соң жарысқа қатысушы «Жәнібек», «Құлагер», «Өмірзақ», «Махамбет-сити», «ҚазСтройРекрут», «Мереке», «Қайнар», «Қызылқоға» командалары жеребе бойынша екі топқа бөлініп, тартысты ойындарды бастап кетті. Айта кетейік, үш күнге созылған жанкүйерлер үшін естен кетпес дода болды. Себебі, бұл жарысқа қатыс-қандардың осалы жоқ. Тіпті Қазақстан құрама командасында өнер көрсетіп жүрген Павел Таку, Григорий Шамро сияқты ойыншылардың алаңда болуы жарыс деңгейін көтере түсті. Енді ойынға келсек. Алғашқы ойында Батыс Қазақстан облысынан келген «Жәнібек» командасын 3:2 есебімен ұтқан жерлестеріміз өкінішке орай, қалған екі ойында ұтылып, өз тобынан шыға алмады.

Аудан намысын қорғаған «Мереке» командасы да жартылай финалға жетпей тоқтаса, есесіне үшінші командамыз «Қайнар» ерледі. Қайнарлықтар ақтық сынға дейін алқынбай келіп, тек финалда құлсарылық «Өмірзақ» командасынан ұтылып, екінші орынды еншіледі. Жарыс жеңімпазы – «Өмірзақ» командасы. Қола медаль үшін болған тартыста «Махамбет-ситиді» 2:1 есебімен жеңген «Құлагер» командасы үшінші орынға ие болды. Жеңімпаз және жүлдегер командалар кубок, медаль және ақшалай сыйлықпен марапатталды. Осы тұста, Медеттің әкесі Мерекенің достары Жаңабай Сағиев пен Мейрамбек Нағашыбаевтың сайысқа арнайы қатысып, жеңімпаз-жүлдегерлерді марапаттаулары қандай жарасымды болды десеңізші?! Сондай-ақ, сол күні Медет Мерекеұлының арнайы шақыртуымен белгілі ұстаз Бауыржан Әлиұлы мен «Иманғали» мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров ауданымызда болып, «Бәйтерек» мешітінде аудан халқымен кездесті. Кездесуде аудан басшысы Арман Баженов те болып, қонақтарға қош келдіңіз айтты. Содан кейін жиналған жамағат «Имандылық – береке бірліктің бастауы» тақырыбындағы ұстаздардың уағыздарын тыңдап, көкейде жүрген сауалдарына жауап алды. Фестиваль аясындағы осынау берекелі отырыс кешкілік мешіт ауласында құрылған киіз үйдегі дастарқанмен жалғасын тапты.

 Түлектердің тағылымды ісі

Келесі күні қазіргі Б.Аманшин орта мектебін 1978 жылы бітірген түлектерінің 40 жылдық басқосуы да жоғары дәрежеде аталып өтіп, алтын ұя мектептеріне жиналды. Оған Алматы, Астана, Шымкент, Тараз, Орал, Ақтау, Ақтөбе, Атыраудан келген құрдастар, сабақ берген ұстаздары, биылғы мектеп бітіруші түлектермен бірге, қуаныштарын бөлісу үшін аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Тұрдағалиев пен аудандық мәслихат хатшысы Толқын Бейсқали қатысты. Мектеп әкімшілігі ұйымдастырған шара барысында, 1978 жылғы түлектер сабақты үздік оқитын, белсенді оқушыларға сыйлық тапсырып, мектеп ауласынан салтанатты түрде саябақ ашты. Бұл саябақта біздің жерде бұрын көп егілмеген шырша және қылқанжапырақты ағаштар отырғызылған. Мектептегі басқосудан соң түлектер «Бәйтерек» мешітінде болды. Басты мақсат – өмірден өткен ұстаздары мен құрдастарына құран бағыштау. Мешіттегі бас қосуда «Иманғали» мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров, ұстаз Бауыржан Әли де бірге болып, жүреккке иман ұялатар уағыздарын айтты. Ал, кешкілік «Ақнұр» мейрамханасында салтанатты кеш өтіп, сол жерде 40 жылдық түлектердің өмір жолдары жазылған «Ғарыш құрдастары» кітабының тұсауы кесілді. Кітаптың тұсауын ақын Қалидолла Ізекен мен кітапты құрастырушы Бижан Қалмағанбетов кесіп, түлектерге таратты. Сондай-ақ, сол кеште ақын Қалидолла Ізекеннің 40 жылдық түлектерге арналған әні шырқалып, ұлағатты ұстаздары құттықтау тілектерін жолдады.

«Өнер қырандарының» өнегелі қойылымы

Фестиваль 7 мамыр күні кешкілік «Тәуелсіздік» паркінде «Өнер қырандары» театрының «Берекелі мереке» атты қойылымына ұласты. Қашанда, өзекті мәселелерді қойылымдарына арқау етіп, күлдіре отырып, жылататын театр жігіттері бұл жолы жаңа бағдарламамен келіпті. Отбасы құндылығы, қоғамдық орындағы оқиғалар, ораза тақырыптарында қойған қойылымдары көпшілік көңілінен шығып, жиналған халық аяқтарынан тік тұрып қошемет көрсетті. Кеш барысында театр жетекшісі Мадияр Серікбаевты сөзге тартқан едік. – Қызылқоға ауданында алғаш болып тұрмыз. Алайда, қазақы аудан болғасын ба бұрыннан білетін адамдардай бізге ерекше ыстық болды. Халықтың бізге жасаған қошеметі одан сайын шабыт берді. Әдетте, үлкен-үлкен қалаларда болып, концерт қойғанда кейбірі түсінбей, бетіңе бақырайып қарап отырғанда осындай астарлы сөзді түсініп, өзіңмен бірге күліп, бірге жылап отыратын қазақылықты аңсайсың. Әттең уақытымыз аз. Әйтпесе, осындай ауданның барлық ауылдарын аралап, концерт беріп, үлкендердің батасын алғанға не жетсін?! – деген пікірін білдірді.

Жекпе-жекке ұласқан шоу концерт

Аудан тарихында алғаш рет ұйымдастырылып отырған фестивальдың ең қызықты да, тартымды тұсы дзюдо, қазақ күрестері және кикбокстан жерлестердің шет елдік спортшылармен болған жекпе-жегі болды. Алдымен орталық алаңда арнайы құрылған рингке атыраулық Жанали Сәлімгерей мен грузиялық Елнур Кулиев көтерілді. Тартысты өткен бес раундтық жекпе-жекте Жанали ұпай санымен жеңіске жетті. Келесі кезек дзюдоға беріліп, онда жерлесіміз, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Асхат Тельманов Рио олимпиадасының қатысушысы, бірнеше жарыстардың жеңімпазы қырғызстандық Отар Бестаевпен белдесіп, үшінші минутта таза жеңіске жетті. Асхаттың жеңісіне қуанған құрдастары туған күніне әрі жеңісіне орай сол жерде тұлпар мінгізіп, көтермелеуі де кештің сәнін кіргізе түсті. Содан кейін ең қызықты жекпе-жектердің бірі атыраулық Жандос Назарбеков пен өзбекстандық Фурхатбек Юкубовтың арасында өтті. Алаңда белсенді қимылдаған өзбек спортшысы шалт қимылдап Жандосты нокдаунға түсірді. Алайда, есін тез жинаған Жандос жекпе-жек аяқталғанша шабуыл жасап, төрешілердің шешімімен жеңіске жетті. Одан әрі жұрт назары қазақ күресіне ауып, жерлесіміз Мәлік Төлеуішов қарсыласы қырғызстандық Владимир Золоевпен белдесті. Дзюдо мен самбоны жетік меңгерген Владимир қазақ күресінде Мәлікке қарсыласа алмай, таза жеңілді. Қалған жекпе-жектің алғашқысында кикбокстан әлем чемпионы Абзал Дюсупов Украинадан келген Юрий Линдюкті үшінші раундта техникалық нокаудпен жеңсе, дзюдадан жерлесіміз Сұңғат Закарияев Өзбекстан палуаны Турал Сафгулиевті иппон әдісімен жеңді. Сол жерде жекпе-жекте жеңіске жеткен спортшыға мың доллар, жеңілген спортшыға бес жүз доллар сыйақылар беріліп, олардың фестивальдың құрметті қонақтары табыстап отырды. Сонымен қатар, жекпе-жектер арасында белгілі өнер жұлдыздары Ибрагим Ескендір, «Алаш ұлы», «Заман» тобы, «Сармат» фольклорлық ансамбльдері өнер көрсетіп, аудан халқына мерекелік көңіл күй сыйлады. Фестивальды қорытындылаған аудан әкімі Арман Баженов ұйымдастырушы Медет Серікбаевқа облыс әкімінің, эстрада жұлдыздарына аудан әкімінің Алғыс хатын табыс табыстап, шара мерекелік от шашумен аяқталды. Осылайша, аудан халқы бір серпіліп қалды. Алдағы уақытта осындай азаматтардың ізгі істерін басқа да азаматтар қолға алып, ұрпаққа үлгі-өнеге боларлықтай істерімен жалғастыра түссе керемет емес пе?!

Бауыржан СИСЕНОВ.

Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН.

Суреттерді түсірген: Ж.ТАЛАСОВ, Д.БЕРІК.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521