Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Қазақ мұнайының абызы

Қасиетті Қызылқоға өңірі қашанда тарихи тұлғаларға кенде болған емес. Батыры мен ақынын айтпағанның өзінде академик, жазушы, заң саласының білгірі, мұнайшы сынды небір мамандыққа машықтанған мықтылар өткен.

Солардың бірі – атақты мұнайшы, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген геолог-барлаушысы, Атырау облысының және Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы Таумыш Жұмағалиев. 1918 жылы Қызылқоға ауданы, Көздіғара ауылында дүниеге келген ол орта мектепте білім алғаннан кейін 1938 жылы Гурьев мұнай техникумын бітіріп, Доссор, Ескене мұнай кәсіпшіліктерінде техник-геолог болып еңбек жолын бастады.

1945 жылы Қазақ тау-кен институтының геологиялық барлау факультетін аяқтап, Қазақ КСР Ғылым академиясының Геологиялық ғылымдар институтында ғылыми қызметкер болды. Ал, 1945-1968 жылдар аралығында Мұнай институтында кіші ғылыми қызметкер, ғылыми хатшы, сектор, зертхана, бөлім меңгерушісі, директордың орынбасары қызметтерін абыроймен атқарса, 1968-1972 жылдары Батыс Қазақстан геологиялық басқармасының бастығы, Гурьевтік ірілендірілген аймақтық мұнай-газ барлау экспедиция бастығы болды. Осы жылдар аралығында Шығыс Жетібай, Шағырлы-Шөмішті, Доға, Арыстанов, Гран, Октябрьск, Қарақұдық сынды кен орындары барланды. Таумыш Нұрышұлы Қазақтың мұнай геологиялық барлау ғылыми-зерттеу институтының директоры болып қызмет еткен 1972-1985 жылдары Каспий бойы ойпатының тұзасты қабаттарын геологиялық барлау, Индер ауданы табиғи қорларын кешенді түрде игеру жұмыстары кеңінен қанат жайды. 1985 жылы еңбек демалысына шыққан ол еңбек жолын 2001 жылға дейін жалғастырды.

Міне, осындай елге ерен еңбегі сіңген тау тұлға 92 жасында өмірден өтті. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» демекші атақты мұнайшының өзі өмірден өтсе де артындағы ұрпағы, шәкірттері, туған елі нар тұлғасын ұмытпай әркез еске алып отырады. Соған сай, биыл Таумыш Жұмағалиевтің 100 жылдығына орай бүкіл облыс, республика көлемінде түрлі іс-шаралар аталып өтуде. Бұдан Таумыш Нұрышұлының жерлестері де қалыс қалып жатқан жоқ. Соның бір айғағындай сейсенбі күні аудан орталығындағы «Арман» мәдениет үйінде «Қазақ мұнайының абызы» тақырыбында еске алу кеші болып өтті. Шараға Таумыш Жұмағалиевтің баласы Болат Жұмағалиев, қыздары Гүлжан, Айгүл Жұмағалиевалар, қарындасы Сара Әжіғалиева, балдызы, облыс, республикаға белгілі қаламгер Төлеген Берішбай және келіндері, немере-жиендері, басқа да туыстары арнайы келді. Кеш тау тұлғаны бір минут үнсіздікпен еске алумен басталды. Содан кейін Таумыш Жұмағалиевтың өмір деректерінен сыр шертетін бейнеролик көрсетіліп, артынша аудан әкімінің атынан аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Талғат Базарбаев құттықтау тілегін жолдады.

– Қазақта «Тау алыстаған сайын биіктей түседі» деген қанатты сөз бар. Сол айтқандай Таумыштай тұлғалы азаматтың қадір-қасиеті жерлестері алдында әр сәт сайын арта бермек. Таумыш Нұрышұлы тек Қызылқоғаның не Атыраудың баласы болған жоқ, күллі қазаққа ортақ ұл бола білді. Еліміздің дәл осындай болып көркейіп, өсіп-өркендеуі жер асты байлығымызға, «қара алтынға» байланысты екені жасырын емес. Міне, сол байлықты игеруде Таумыш Жұмағалиевтың жасаған еңбегі орасан. Сондықтан да барша қызылқоғалықтар Таумышымен мақтанады, – деді ол. Бұдан кейін сөз алған абыз ақсақал, ауданның Құрметті азаматы Сайпол Мұқанов:

–Таумыш малды ауылда туып, мұнайды игерген санаулы тұлғалардың бірі. Ол балалық шағында «Мәтен қожа» кен орны маңында қозы бағып жүріп, сол жерде жатқан мұнай игеру қондырғыларын көріп, осы іске қызығушылығы артқан болуы керек. Артынша қалаға оқуға түскенде де геология саласын таңдауы соның айқын дәлеліндей. Мұнай игеру, қазба байлықтарын зерттеу ісі ол кезде өте қиын болды. Қазіргідей дамыған технология жоқ. Бәрі қол күшімен жасалады. Соның бәріне мойымай, ақыры биік дәрежеге жеткен Таумышпен біз мақтануымыз керек. Осы еске алу кешіне келіп отырған оқушылар үйге барғанда «Бір шалдың кешіне барып келдік» демей, Таумыштың өмірінен үлгі алуы тиіс. Біздің ауданда Таумыш сынды тұлғалар жетерлік. Жастардың санасына осындай кештер арқылы сол кісілерді таныта беруіміз керек, – деген пікірін білдірді. Еске алу кешін одан әрі ағасы жайлы орамды ойымен жалғастырған Таумыш Нұрышұлының қарындасы, медицина ғылымдарының кандидаты Сара Әжіғалиева балалық шағы өткен Қызылқоға өңіріне келгеніне қуанышты екенін айтып, ағасын еске алып жатқан жерлестеріне туыстары атынан алғысын айтты. Есте қалар естеліктер мен ақжарма тілектер айтылған кешті Зәуреш Жұмағалиева «Көз көргендер», Ғалия Ықыласова мен немересі Тамерлан Алтыбай «Ойылым», Раушангүл Стомма «Мұнайшылар» әнімен жалғап, жиналғандарды керемет бір әсерге бөледі. Бұдан кейін «Ахан» мейрамханасында Таумыш Нұрышұлының ұрпақтары қонақасы беріп, онда аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Тұрдағалиев атақты мұнайшының ұрпақтарына ауданның тамаша табиғаты көрініс тапқан картинаны естелік ретінде табыс етті. Осылайша, елі үшін еңбек еткен ерен тұлғаға туған жерінен көше аты беріліп, жас ұрпақ алдында тау тұлғасы тағы бір мәрте асқақтай түсті.

Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521