Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

АНА ТӘРБИЕСІ – ІЗГІЛІКТІҢ БАСТАУЫ

«Отан – отбасынан басталады» десек, сол әрбір кіші отанның ұйытқысы – әйел. Ұлттың ұлт болып қалыптасуы, қоғамның ырғақты дамуы, мемлекеттің өркендеуі – әйелге, келешек ана болар қыздардың қалай тәрбиеленетініне байланысты болмақ. Осы тұста, аудан орталығындағы «Бақыт» мейрамханасында аудан әкімі жанындағы әйелдер істері, отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия, аудандық ішкі саясат бөлімі, Миялы ауылдық округ әкімі жанындағы аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Мейірімді ана, тәрбиелі қыз – мәдениет пен ізгіліктің шырайы» атты аудандық аналар слеті болып өтті.  

Ондағы мақсат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, он күндік «Наурызнамаға» негізделе отырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ұрпақ сабақтастығын жалғау. Слетке аудан әкімінің орынбасары, аудан әкімі жанындағы әйелдер істері, отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасы Жарас Есенғалиев, аудандық мәслихат төрағасы Толқын Бейсқали, көп балалы ана Гүлмира Сарбасова, аудандық аурухана директорының ана мен бала жөніндегі орынбасары Светлана Сақтағанова, мәдениет қайраткері, мемлекеттік қызмет саласының ардагері, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Жәния Ізбасқан, аудандық мәслихат депутаты, Мұқыр орта мектебінің директоры Венера Мырзағали, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Ұлдаш Құлшықова және әр салада қызмет етіп жүрген аналар мен Б.Аманшин атындағы, Ы.Шөреков атындағы мектеп-гимназиясының оқушылары қатысты.

Шара «Айжан-ай» бишілер тобы бишілерінің орындауындағы «Көктем» биімен ашылса, аудандық аналар слетін жүргізуші Миялы ауылдық аналар кеңесінің төрайымы Анар Алтыбайқызы

«Бесікте – Ана, бесікте – бөбек,

Бірі тербеледі, бірі тербетеді.

Балбөбек былдыр, өсіп те келеді,

Анаға жалғыз, сол жетеді» деген жыр жолдарын арнады. Одан соң, аудан әкімінің орынбасары  Жарас Есенғалиев Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтай отырып, шараның мән-маңызына тоқталды. Сондай-ақ, ол Ы.Шөреков атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Рауан Сисемғалидың анасы Нұргүл Байекеиева, гимназияның тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сандуғаш Мергенғалиева, Б.Аманшин атындағы орта мектептің оқушысы Наргиз Айтжанқызының анасы Эльмира Қожағұлова, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Шатгүл Сәкенқыздарын арнайы алғыс хатпен марапаттады.

Қазақ халқы қыз баланы ерекше құрметтеп, тәрбиесіне айрықша көңіл бөлген. Қыз балаға жүктелер міндет те өте салмақты. Осы тұста, «Қыз тәрбиесі – ұлт болашағы» және «Қыз – ұлт анасы. Ұлт анасы үлгі тұтарлықтай болуы қажет»  тақырыбында бейнеролик көрсетілді. Бұл тақырып аясында, аудандық мәслихат төрағасы Толқын Бейсқали:

  • Биылғы Наурыз мерекесін тойлауда ерекшеліктер орын алып жатыр. Оның ішінде, ұлттық құндылықты арттыру, ұрпақ тәрбиесіне байланысты әсерлі шараға куә болып жатырмыз. Бейнероликте көрсетілгендей, қыз бала мына өмірдің берекесі, тамыры десек артық айтқандық емес. Отбасынан алатын тәрбиесі оның өмірлік азығы болмақ. Десек те, қым-қуат тіршіліктің айналасында жүрген әке-шешенің сол балаларын жеткіземін деп жүріп балаға мейірімін төкпей, тәлімді тәрбиесін бере алмай қалып жататыны өкінішті. Сондықтан да, қыз бала – әулеттің емес, ұлттың келбеті екенін естен шығармаған абзал, - деді.

Ал, көп балалы ана Гүлмира Сарбасованың айтуынша, ана деген атауға ие болып, сол дәрежені алып жүру үшін тәрбиелі қыз болу керек. Қыз бала – анасының қолқанаты.  Әр қыз бала кез келген істе жақсылықты, жақсы нәрсені көру керек. Егер анаңыздың қолы тимеді ме, оған сіз көмек беріңіз. Сонда, анасы мен қызының арасында түсінік қалыптасады. Бойжетіп келе жатқан қыздардың басым көпшілігінің аналарынан «Тыңдамайды, сөз қайтарады» дегенді естіп жатамыз. Бұл тұрғыда, ең мейірімге толы, махаббатқа құштар анасымен қызының арасында түсіністік қалыптаспаған. Негізінде, ана мен баладан артық дос жоқ. Ешқандай бала ата-анасын таңдап ала алмайды. Сондықтан да, әр бала жақсы ойлауға, жақсылыққа құмар болуы тиіс. Халқымыз ұрпақ жалғастығын ұл баламен санаса да, әр алыптың артында ана тұратынын естен шығармаған абзал.

Иә, шын мәнінде халқымыз «Әкеңнің алған жары жақсы болса, балалық шағың жақсы өтер. Өзіңнің алған жарың жақсы болса, жастық шағың жақсы өтер. Балаңның алған жары жақсы болса, кәрілік шағың жақсы өтер» демекші, барлық тіршілік атаулы әйел адамнан тарайды. Осы орайда, ауқымды шараның тәрбиелік мәніне тоқталған аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Жәния Ізбасқан:

  • Бүгінгі шарада айтылып жатқан, қыздың тәрбиесі бүтін бір – ұлттың тәрбиесі. Бір ананың құрсағынан шыққан, қыз немесе ұл болсын, бір рулы ел болады. Сондықтан да, отбасында салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты, жөн-жоралғыларды, ұлттық құндылықтарды сіңіру қажет. Қазіргі таңда, «Қызға қырық үйден тыйым» дегенді кемсіту немесе төмен түсіру емес, қыздарға деген жауапкершіліктің жоғары болатындығын меңзеген, - деді.

Шара барысында, аудандық аурухана директорының ана мен бала жөніндегі орынбасары Светлана Сақтағанова аудан орталығындағы және ауылдық округтердегі мектептерде болып, оқушылармен кездесу өткізіп, пікір алмасатындығын жеткізсе, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Ұлдаш Құлшықова болса, Гүлімжан Айдынқызының әженің немересіне айтқан өсиетінен үзінді оқыды. Бұл өсиет аналар мен қыздарды ерекше тебірентті. Сондай-ақ, әнші Ләззат Тастаева «Әйелдің бәрі әдемі», әнші бүлдіршіндер «Ана» әнін тамылжыта шырқаса, кеш Миялы ауылдық аналар кеңесінің төрайымы мен мүшелерінің орындауындағы әсем әнімен аяқталды.

            Сайып келгенде, қыз тәрбиесі – оның ары мен абыройы, сыны мен сымбатында екені сөзсіз. Оған тікелей жауапты әрі тәрбиелеуші – ана. Ал, ана мен қыз арасындағы байланыс, сырласу, балаға жеткілікті көңіл бөлу барлығы дерлік айтылған тағылымды шараның өскелең қыздарға берері мол. Ендеше, ерекше әсер мен мән-маңызы құнды шара жалғасын тапса нұр үстіне нұр болары сөзсіз.

Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521