Айтылған сын аяқсыз қалады, неге?

Дүйсенбі күні аудан әкімі Арман Баженов қысқа дайындық мәселесін талқылау мақсатында жиналыс өткізді. Оған аудан әкімінің орынбасары, округ әкімдері мен дербес бөлім басшылары қатысты.

Онда алдымен хабарлама жасаған аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Роман Кәдірғалиевтің айтуынша, аудан бойынша бір аудандық, 10 округ әкім аппараттары теңгеріміндегі 22 дана жылу қазандары газ желісіне қосылған болса, аудандағы жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын дербес бөлімдер теңгеріміндегі 8 дана жылу қазандары газ желісіне толық қосылып, жылу маусымына дайындалуда. Сондай-ақ, аудандағы білім беру ошағына қарасты 24 нысан болса, оның 21-і табиғи газге қосылған. Білім ошақтарындағы жылу қазандары күзгі-қысқы жылу маусымына дайындықтарын пысықтауда. Аудандағы табиғи газ тартылмаған 6 елді мекендегі, 3 бастауыш мектептерді жылу маусымында сұйық отынмен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді. Жантерек елді мекеніндегі №75 бастауыш мектепті газбен жанатын жылу қазандығына қосу үшін құжаттарын жасақтау (орындау техникалық құжаттарын) жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Соркөл елді мекеніндегі және Сағыз ауылдық округіне қарасты Кенбай елді мекеніндегі Т.Жанұзақов атындағы бастауыш мектептеріне сұйық отынмен жанатын жылу қазандығы сатып алынды.

Ойыл ауылдық округіне қарасты дәрігерлік амбулатория, Миялы ауылдық округі ғимаратының орындау техникалық құжаттарын тапсырмаған. Сонымен қатар, пайдалануға беріліп отырған 25 қызметтік тұрғын үйдің орындау техникалық құжаттары жасақталмай отыр. Осы мәселелер бойынша Миялы, Ойыл, Көздіғара, Жамбыл, Қызылқоға, Тайсойған ауылдық округтеріне және аудандық орталық ауруханасына хат жолданған болатын. Алайда, аталған округтерден тиісті ұйымдастыру жұмыстары жүргізілмеуде. Ал, аудан бойынша бюджеттік ұйымдардың тұтынған табиғи газ үшін өтелмеген берешегі биылғы жылдың 1 тамызындағы жағдайға сәйкес 6 005,1 мың теңге. Аталған берешек бойынша «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Атырау өндірістік филиалына кезекті бюджетті нақтылау кезінде қаржысын қарап, толық есептесуге кепілдік хаты жолданды. Айта кету керек, тексеру барысында газ есептегіш құралдарының жылыту қазандарына сәйкес келмейтін 14 мекеме анықталғанмен, 10 мекеме күні бүгінге дейін есептеспей отыр. Бұл жөнінде берешегі бар барлық мекемелерге хат жолданғанмен, еш нәтиже жоқ.

Аталған мәселе бойынша ауылдық округ әкімдерінің жауаптарын тыңдаған аудан әкімі Арман Баженов, – «Қыстың қамын жаз ойла» дегендей қысқа дайындықты қазірден бастау керек. Ойыл ауылдық округіне қарасты дәрігерлік амбулаторияның құжаттары толық дайындалмай тұрғанына бірнеше жыл болды. Әлі сол қалпы. Неге қолға алмасқа? Оған тағы қызметтік үйлер қосылды. Ал, олардың құжаты жасақталмаса күзгі-қысқы жылу маусымына дайын емес деген сөз. Сондықтан, бұл мәселені қазірден шешу керек. Барлық тиісті шарасы алынсын. Берешегі бар мекемелер мәселені тез шешулеріңіз қажет. Өйткені, жылу маусымына аз ғана уақыт қалды. Қазір жайбарақаттылыққа салынатын уақыт емес. Барлығы өз уақытында орындалуы керек, – деді.

Баяндамашы Роман Кәдірғалиевтің айтуынша, аудан халқының 96,3 пайызы табиғи газбен қамтылған. Табиғи газ тартылмаған Кенбай, Соркөл, Сарқұмақ, Былқылдақты, Қоңыраулы, Тасқұдық елді мекендеріне газ құбырлары желісінің құрылысына жобалық-сметалық құжаттамасы «Poligram» ЖШС-і арқылы жасақталып, мемлекеттік сараптамадан өткізу жұмыстары жүргізілуде. Негізінен, ауданда табиғи газ пайдаланатын 5598 тұрғын үй бар. Оның ішінде, орындау техникалық құжаттары жоқ үйлер саны – 78, қызметтік үйлер – 25, құдық пеш – 1246, жаппа пеш –28, қолдан жасалған жылыту қазандары бар 16 тұрғын үй тіркелген. Оларға «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Атырау өндірістік филиалы тарапынан құдық пеш, жаппа пеш, жылыту қазандары қолдан жасалған тұрғын үйлерге ескерту берілген. Осы тұста, сөз алған аудан басшысы:

–Адам өмірі барлығынан маңызды. Қауіпсіздік сақталмаса адам өміріне қауіп төнеді. Сол себептен қауіпсіздік шарасы бірінші орында болуы керек. Құдық пеш, жаппа пеш пайдаланып отырған тұрғындар кезінде құжаттарын жасақтап алған болуы керек. Бірақ, құжат жасақталғанымен өміріне қауіпті. Осыны халық түсінуі тиіс. Тиісті сала мамандары халықпен тығыз байланыс жасап, түсіндіру жұмыстарын жасаңыздар. Құдық пеш, жаппа пеш пайдаланып отырған тұрғындарға округ әкімдері саралау жүргізіңіздер, –деді.

Бұдан бөлек ауызсу мәселесі, электрмен қамту мен табиғи газбен қамту нысандарының қысқа дайындықтары пысықталып, түйіткілді мәселер айтылды. Жиналысты қорытындылаған аудан әкімі Арман Баженов: – Шешімін таппай отырған кейбір мәселені осындай жиналыстарға салмай-ақ, өздеріңіз шешулеріңізге болады ғой. Бірақ, округ әкімдері де тиісті сала басшылары да жұмысқа шарасыздық танытасыздар. Біздің тарапымыздан округ әкімдеріне сын-ескертпелер көп айтылады. Бірақ, нәтижені көрмей отырмын. Өз ауылдарың үшін жандарыңыз ашымаса қалай ауыл дамиды? Осыны ұғынсаңыздар екен, – деді.

Гүлмира ТІЛЕГЕНОВА.

Редактор-Журналист

Күнтізбе

октября 2019
ПВСЧПСВ
123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031