Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

"Қайнардың" қарышты қадамы

95 жылдан астам тарихы бар «ЕмбіМұнайГаз» акционерлік қоғамына қарасты «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы ауданда 1995 жылы құрылған бірден-бір ірі өндіріс орны.

Оның аудан экономикасын дамытуда алатын орны ауқымды, себебі аудан бюджетінің көлемді үлесі осы басқармаға тиесілі. Бастапқыда 65 адаммен жұмыс жасаса, қазіргі таңда 795 адам жұмыс жасайды. Күні бүгінде 4 асхана, 9 жатақхана, 4 дәрігерлік пункт «ҚайнарМұнайГаз» мұнай-газ өндіру басқармасы жұмысшы-қызметкерлеріне қызмет көрсетіп, олардың барлығы да жаңартылып, негізгі қажетті құрал-жабдықтармен, жиһаздармен жабдықталған. Және жатақханалары «Отау-ТВ» спутниктік тележүйелерімен қамтылған.

Құрамында мұнай-газ өндіруші 6 кен орны бар (Береген Жоламанов, Солтүстік Қотыртас, Шығыс Молдабек, Уаз, Шығыс Уаз және Қондыбай) бас-қарма бастығының геология және кен орындарын игеру жөніндегі орынбасары Шынболат Оңғарсыновтың айтуынша, 1995 жылы басқармада өндіруші ұңғымалар қоры 41 болса, содан бері бүгінге дейін барлығы 829 ұңғыма қазылып, оның 475-і пайдаға асырылып отыр. Ал, «Тайсойған» блогында сейсмикалық барлау жұмыстары жүргізіліп жаңа мұнай қорлары ашылды. 2017-2018 жылдардағы барлау-іздестіру бағытында екі ұңғыма бұрғыланды, триас қабатынан мұнай қоры табылып, жақсы нәтижеге қол жеткізілді. Сонымен қатар, Солтүстік Уаз кен орны да ашылды. Ал, болашақта жоспар бойынша барлау-іздестіру жұмыстары жалғастырылып жүргізілетін болады.

Биылғы жылы басқарманың алдына қойған мақсаты – 475 800 тонна мұнай өндіріп жылдық жоспарды толығымен орындау. Бұл мақсатта қор бойынша геологиялық шаралар орындалып, мұнай өндіру мен қабатқа су айдау тепе теңдігі қадағалануда. Жаңа ұңғымаларды бұрғы-лау жұмысы мен оларды игеру жүргізілуде. Бүгінгі таңда игерілген кезден бері 9 125, 848 мың тонна мұнай, 236, 757 млн.м3 газ, 15 877, 244 мың тонна су өндірілді. Жалпы басқарма аппаратты геология бөлімі, цех геология бөлімі және зерттеу жұмыстары цехтарынан тұрады. Жұмыс 14 күндік ауысым әдісімен жүргізіледі. Аппаратты геология бөлімі 4 геологтан, бөлім басшысы мен орынбасарынан, ал цех гелология бөлімінде 2 аға геолог, 6 геологтан, ал зерттеу жұмыстары цехында цех бастығы, орынбасары және 2 технолог, 2 шебер, 2 геолог жұмыс жасайды, – дейді әлгінде айтқан «ҚайнарМұнайГаз» мұнай-газ өндіру басқармасы бастығының геология және кен орындарын игеру жөніндегі орынбасары Шынболат Оңғарсынов.

Басқарманың кадр бөлімінен білгені-міздей, мұнай өндіруде жақсы көрсеткіш көрсетіп жүрген озат жұмысшыларды басқарма басшылығы жыл сайын Мұнай-шылар мерекесінде Алғыс хат, Құрмет грамотасымен және бағалы сыйлықтармен марапаттап келеді. Сонымен қатар, атаулы мерекеде үздік мамандарды анықтау мақсатында түрлі жарыстар өткізіліп тұрады. Биылғы жылы да «Үздік маман-2018» деген атаумен мекемелер арасында мұнайшылардың кәсіби шеберлігін саралау үшін екі турдан тұратын конкурс өткізілді. Оған «ЕмбіМұнайГаз» АҚ-на қарасты басқар-малардан 13 мамандық бойынша 50 жасқа дейінгі 60-қа жуық жұмысшы қатысты. Екі турдың нәтижесі бойынша, ұңғымаларды зерттеу жөніндегі операторы Райымбек Сағызбаев (І орын), жүк таситын көлік жүргізушісі Қасым Мекебай (І орын), электргазбен дәне-керлеуші Жақсылық Қасенов (ІІ орын), цементтеу агрегатының моторисі Нұржасар Ғалиев (ІІ орын), слесарь-жөндеуші Бекболат Тәжімұратов (ІІ орын), жер қабаты қысымын сақтау жөніндегі операторы Алшынбай Исайнов (ІІ орын), сусыздандыру және тұзсыздандыру қондыр-ғысының операторы Тұрар Жайлашев (ІІ орын), мұнай және газ өндіру операторы Алтай Әлиханов (ІІІ орын), тауар операторы Құрал Әбденов (ІІІ орын), химиялық талдау жасау лаборанты Данияр Өмарғазиевтер (ІІІ орын) сапалы жұмыстарымен үздіктер қатарынан көрінді.

Әке жолын қуып келеміз

Күнделікті жұмысымыз таңертеңгі сағат 6:00-де ұйқымыздан тұрып, таңғы ас ішіп, медициналық тексеруден өткен соң сағат 7:30-да Солтүстік Қотыртас кен орнынан басталады. Ол жерде біздің жұмысымызды күнделікті тексеруші шеберімізден басқа үш жігіт болып (Қуандық Қошмағанбетов, Ахмет Жиенғали және мен) жұмыс істейміз. Цехтағы 20-ға жуық тербелмелі қондырғыларды қарап, олардың тазалығын, жұмыс істеуін, мұнайды берудегі қысымын қарап отырамыз. Егерде ол жерден бір ақау табылса, онда бүкіл жұмыстың тоқтауына әкеліп соғады. Сондықтан да, өз жұмысымызға аса жауапкершілікпен қарау– біздің міндетіміз. Жалпы, әулетімізде бұрын әкем Төлеуғали Рабаев мұнай саласында бұрғылаушы болып еңбек етіп зейнетке қалса, апам Лаура Рабаева да өзім тәрізді осы саланың белді қызметкері. Ал, өзімнің отбасымда өсіп келе жатқан балаларым әзірге кішкентай болса да, мұнай саласының жұмысы жөнінде сұрап, қызығушылық танытып қояды. Жалпы «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген ұстаныммен жүрген жанға жасап кеткен жұмыстың қиындығы болмайды деп ойлаймын. Айболат РАБАЕВ, Кенбай мұнай-газ өндіру цехының мұнай-газ өндіру операторы.

Мұнайшыларға барлық жағдай жасалған

Әлбетте, басқармамызда мемлекеттік мерекелер мен атаулы күндер кең көлемде тойланып, арнайы шаралар өткізіледі. Ал, жұмыс жасамайтын зейнеткерлерге әлеуметтік қолдау көрсету бағдарламасына сәйкес басқарма зейнеткерлеріне жан-жақты көмек беріліп, жолдамамен шипажайларға жіберіледі. Мәселен, биылғы жылдан бастап шипажайларға демалу үшін 150 000 теңге көлемінде қаражат бөлінді. Биылғы жылдың қаңтар-тамыз айларында басқарманың 122 жұмысшы қызметкерлері шипажайларда демалып, 30 миллион 500 мың теңге қаржы жұмсалды. Бұған қоса жылдың аяғына дейін тағы 155 жұмысшы-қызметкерлер шипажайда демалады деп жоспарлануда. Демек, «Ембімұнайгаз» АҚ-ның 2017-2021 жылдарға арналған ұжымдық шарты бойынша қаралған жұмысшы-қызметкерлерге көрсетілетін жеңілдіктер мен әлеуметтік қолдаулар толықтай орындалып келеді. Бұл ұжымдық шарт Қазақстан Республикасы аумағында үздік ұжымдық шарт қатарына жатады. Ал, жұмысшы-қызметкерлерге берілетін материалдық көмек алға қарай да жалғасын таба бермек. Тағы бір айта кететін жаңалығымыз Кенбай кен орнынан жаңадан салынған 100 орындық жатақхана мұнайшылар мерекесі күні салтанатты түрде ашылып, жұмысшыларға пайдалануға берілді. Амангелді ДОСМАҒАНБЕТОВ, әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің бас маманы. Түйін: Әрине, батыс аймағы қара алтынға бай мекен екені баршамызға белгілі. Соның ішінде, ғасырға жуық тарихы бар мұнай-газ өндіру басқармасының аудан экономикасына қосып жатқан үлесі мен елге тигізіп жатқан пайдасы мол. Ендеше, барша мұнайшыларға мұнайдың жылдық жоспарын артығымен орындап, мерейлеріңіз өсе берсін демекпіз.

Лаура НАРИМАНОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521