banerkzbig

Мал бағудан неге қашамыз?

Бүгінгі таңда ата кәсіпке мойын бұратын жандарды табу қиындап барады.

Кейбір жұмыста жоқ жандардың өзі шаруашылықтарға барып, еңбек етпек түгілі иелігіндегі малды ақша төлеп бақтырып жатады. Бұл ретте, «Мал бағудан неге қашамыз?» деген заңды сұрақ туындайды. Міне, сол сауалға жауап іздегенді жөн көрдік.

Мемлекеттік тұрғыда көзқарас керек

2017 жылмен салыстырғанда өткен жылы мүйізді ірі қара 923 басқа, қой-ешкі 3398 басқа, жылқы 419 басқа, түйе 48 басқа өсті. Сондай-ақ, шаруа қожалығы 206-дан 245-ке жетіп, оларға 51310 гектар жер берілді. Бұл дегеніңіз ауданда мал бағуды кәсіп етушілердің қатары көбейген деген сөз. Несін жасырайық, бүгінде жоғары немесе арнаулы білімді мамандарды айтпағанда, қарапайым шопан табу үлкен өзекті мәселеге айналды. Қай шаруашылыққа барсаң да қожалық жетекшілері мал бағатын, соның ішінде қой малын бағатын адамның жоқтығын айтады. Ауылда бос жүрген көзтаныс жандарды әкелгенімен, көп тұрақтамайды. Сондықтан, қаладан, басқа аудандардан, тіпті сенімсіз болса да жұмыс іздеп жүрген өзге ұлт өкілдерін әкелуге мәжбүр.

Ауылдық жерде екі қолға бір күрек таба алмай қалада көтерме жұмыс жасап жүрген азаматтар жетерлік. Бірақ олар шаруашылықтарға барып қой бағудан қашады. Себебі, күні бойы малдың соңынан еріп жүру оңай емес, екіншіден көпшілігі еңбекақыларын толық әрі уақытылы ала алмайды. Әрине, малды бағу, ала жаздай оның жем-шөбін дайындау оңай шаруа емес. Әсіресе, басқа түліктерге қарағанда қой малын бағу қиындау екені рас. Дегенмен, жұмыссыз жүргеннен жақсы емес пе?! Сондай-ақ, мал иесі мен малшылар арасындағы келісім көбінесе ауызша жасақталады да, зейнетақы қорына ақша аударылмайды. Осыдан келіп шопан қартайғанда, зейнетақысыз қалады.

Бұған дейін жем-шөп дайындауға, мал басын асылдандыруға және басқа да ауыл шаруашылығы жұмыстарына беріліп келе жатқан субсидияның қысқартылуы да шаруагерлер үшін тиімсіз болды. Бұл қаражатпен олар мал бағушылармен есептесіп, басқа да қажеттеріне жарататын. Әйтпесе, өсірген малдарын сату, оның өнімдерін өткізу де қиындық тудырып, уақытында қолдарында қаржы болмағандықтан мал бағушылардың жалақыларын кешіктіреді. Сондықтан, мал шаруашылығын дамытуға мемлекеттік тұрғыда көзқарас қажет.

Қайырғали БАЗАРБАЕВ,

аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі.

Жұмыссыз болғанына арланбай ма?

Өмірін малсыз елестету мүмкін болмаған ата-бабаларымыздың бүгінгі ұрпақтары мал бағуды жұмыс деп қабылдамайтын секілді. Мал соңында жүргенді өздеріне ар санайтындар да кездеседі. Негізінен ауылдық жерлерде мал бағып, оны бордақылап сою немесе сату аса қиындық келтірмейді. Өйткені, ауылда малды ұстауға ыңғайлы орындар табылады. Бірақ осы бір мүмкіншілікті пайдаланып, кәсіп ететін жандар табылмай жатады.

Аудандық газеттің №3 санындағы аудан әкімінің есепті баяндамасында өткен жылы жұмыссыздар есебіне 1923 адам тіркеліп, жыл қорытындысымен нақты жұмыссыздар саны – 290 адам делінген. Сонда бұл азаматтар жыл бойы жұмыссыз отырған болып есептеледі. Яғни, өздігінен кәсіп етпей, жұмыссыздар есебіне тіркелумен шектелген. Кейбір тепсе темір үзетін жас жігіттерден «Жұмыссыздар есебіне тіркеліп қойдым. Вахталық жұмысқа кіруім керек» деген әңгіме естиміз. Олардың түсінігінше, жұмыс дегеніміз тек вахталық әдіспен еңбек етіп, айдың соңында жалақысын алу секілді. Яғни, жеке кәсіппен айналысу, мал бағу, өз бетінше әрекет етіп нан табу жұмыс болып саналмайды екен.

Жұман БЕРДАЛИЕВ.

 

Қоғамдық жұмыс масылдыққа әкеледі

Қолдағы азын-аулақ малмен шаруа қожалығын құрғаныма біраз жыл болды. Алғашқы да өзіміз бағатынбыз. Уақыт өте келе несие алып, мал басын көбейтуге жұмыстандық. Шаруашылық үлкейген сайын жұмыс ауқымы да кеңейіп, қосымша күш қажет болды. Әсіресе, қой-ешкі малын бағу қиындық келтіре бастады. Сөйтіп, мал бағатын адам іздеуге кірісіп, ауылда бос жүрген жас жігіттерді немесе отбасылы азаматтарды жұмысқа тарттық. Алайда, олар көп тұрақтамады. Әрі кетсе бір жыл ғана шыдайды. Жалақының аздығынан болар деп еңбекақыны көбейттік. Қазір мал бағуға келетін адам 100 мың теңге алады. Тамағы, темекісі сыртында. Қой төлдету кезінде қосымша бес қозы береміз. Ал, ол күзде тоқты болады. Қожалық малымен бірге бағып, кез келген уақытта қажетіне жаратады. Төрт жыл бойы мұқырлық бір азамат малымызды бақты. Өз жұмысын адал атқарды. Қажет уақытында демалыс алып, жеке шаруаларын реттеп келетін. Өткен жылдары белгілі бір себептермен жұмысын тапсырды. Ал, қазір өзбек пе, қарақалпақ па қарамаймыз. Әйтеуір алдындағы малдан айырылып қалмай, көмекшілікке жараса болды. Ал мал бағып көрмеген олар қиындыққа шыдай алмай уақытша істеп, кетіп қалады. Малшы ауыса бергеннен кейін малдың күйісі де кетеді.

Қазір малды өсіру, көбейту деген ұғымдар қалғандай. Жастар өскеннен кейін оларға мал керек емес сияқты көрінеді. Дүкендердегі дәмді болғанымен нәрсіз дайын өнімдерді пайдаланып жүргеннен кейін бейнеті көп мал бағуды неғылсын. Осыдан екі-үш жыл бұрын Голландия еліне барғанда, оларда мал өсіру атадан балаға мирас болып келе жатқанын байқадым. Бұл дәстүрді біздер де қалыптастыруымызға тиістіміз. Сондықтан, ата кәсібімізден айырылып қалмау үшін балаларды жас кезінен «Мынау сенің қойың, сиырың немесе жылқың. Осы малды бақ, өсір, көбейт. Ертеңгі күні бұл сенің болашағың», – деген түсінікпен өсіру керек. Сондай-ақ, менің ойымша қазіргі таңда жұмыспен қамту мақсатында жұмыссыздарды ақылы негізде қоғамдық жұмысқа тарту дұрыс емес. Жан қинамайтын жұмысқа үйренген олар басқа жұмыс іздеуді ойламайды да. Мәселен, оларды біз секілді еңбек адамына мұқтаж шаруашылықтарға жіберсе дұрыс болар еді. Заңды түрде келісімшарт жасап, қосымша еңбекақысын, зейнет жарнасын төлеуге болады. Жақсы еңбек етсе қосымша ақы да төленеді. Тиісті орындар осы жағын қарастырғаны жөн.

Мәрзия ӘБІШЕВА,

«Назгүлім» шаруа қожалығының жетекшісі.

Еңбекақы дұрыс төленбейді

Қазіргі таңда «Мал бағуға адам таба алмай жүрміз. Ешкім шықпайды», – деген әңгімені жиі естіп жатамыз. Әсіресе, жастар мал бағуға бармайды деп ренжиміз. Бірақ жастардың бәрін бірдей жазғыруға да болмайды. Менің ойымша, негізінде мал бағатын жастар да, орта жастағы адамдар да бар. Әйтсе де, еңбекақының дұрыс төленбеуінен олар барған жерлерінде көп тұрақтамай жатады. Мәселен, менің бір танысым отбасымен шаруа қожалығында қой бақты. Бірақ жоғарыда айтқандай айлықтарын дұрыс төлемегендіктен мал бағудан бас тартып, ауылға қайтып келді. Оның айтуынша, шаруашылық иесі ақысын төлеп отырмын дегендей демалыссыз мал бақтырып, басқа да жұмыстарды жасатады. Еңбекақы төлер кезде түрлі сылтаулар айтып толық бермейді немесе кешіктіреді. Осыдан келіп шаруашылықтарға барып мал баққаннан гөрі үйлеріндегі азын-аулақ малдарын қарап, басқа кәсіп істегенді жөн көреді. Сайып келгенде, мал иесі адал еңбек ететін жандарды өздерінен алыстатып алады. Сөйтіп, оларға ішімдікке әуестіктен отбасына сыйыңқырамай жүрген, жұмыс істеуге құлқы жоқ жандар тап болады. Күндік үшін келген олар жұмыс істеп жарытпайды. Қыс мезгілінде ішетін тамақ, қонатын баспана керек болған соң амалсыз жүре береді де күн жылына бергенде ақысын алып кетіп қалады.

Әрине, шаруа қожалықтарының барлығына күйе жағудан аулақпын. Жұмысшыларының еңбегін бағалап, жалақыларын толық төлейтіндер де жеткілікті. Округте шаруашылық құрып, ауызбіршілікпен төрт түліктерін көбейтіп, мал шаруашылығын дамытуға үлес қосып жүрген ағайынды жандар да бар. Оларға мал төлдету, шөп шабу секілді науқандық жұмысқа барғандар да тиісті еңбектерін алып келеді. Негізінен, еңбек еткен адамның ақысын жемеген абзал. Жақсы ісімен көзге түссе, малдай болса да қосымша еңбегін беріп отырса, мал бағудан ешкім қашпайды деген ойдамын.

Маридат ҚҰРМАНҒАЗИЕВ,

Көздіғара ауылдық округінің тұрғыны.

 

Еңбекке деген ынта азайып бара жатыр

Бүгінгі күні ауылдық жерлерде шешімін табуда қиындық келтіретін мәселелердің бірі – мал бағу екені жасырын емес. Қиындығы мол жұмысқа адам табу жыл өткен сайын оңай болмай бара жатыр. Мал бағудан қашады деп көбінесе жастар жағын кінәлап жатамыз. Алайда, мал бағу жастар үшін қызықсыз. Өйткені алыс қыстақтарда электр желісі жоқ, газ тартылмаған. Олар да жас кезінде қызықты өмір сүргісі келеді. Кезінде үкімет малшыларға барлық жағдайды жасады. Отын үшін көмірлеріне дейін әкеліп берді. Автодүкен, мәдени-үгіт бригадасы малшыларды аралап, концерттерін қойды, кино көрсетті. Кеңшар басшылары үнемі хабарласып, газет-журналдарын жеткізіп тұрды. Ал, қазір қыс қыстауда, жаз жайлауда жүріп, мал бағудан қолы тимейтін малшы назардан тыс қалды.

Қазір жастар түгіл орта жастағы отбасылы азаматтар да мал бағуға бармайды. Мұндай жағдай «Тасшағыл» өндірістік кооперативінде де кездеседі. Қазір малды бұрынғы малшылар бағып жүр. Әрине беретін жалақымыз аздау. Көтерейін десек айналым қоры жетіспейді. Бірақ жеке малдарын бірге бағады.

Оған кеткен жем-шөп шығынын ұстамаймыз. Ертең олар зейнеткерлікке шыққанда кімге бақтырарымыз белгісіз. Мал басын көбейтейін десең бағатын адам таптырмайды. Малшы жетпегеннен кейін малды өсіре алмайсың. Отбасымен тыңнан мал бағамын дегендерге сиыр, қой малдарын береміз, шөбі тегін. Кооперативтің малымен бірге жайылады.

Жалпы, байқағаным еңбекке деген ынта азайып бара жатыр. Оны көтеру үшін үгіт-насихат жұмыстарын жүргізе отырып, малшыларды ынталандыру керек. Қазір жем-шөп дайындауға беріліп келе жатқан субсидияны қиып тастады. Міне, осы қаржыны алыс жайылымдарға мал бағам дейтіндерге үш жақты келісімшарт жасау арқылы заңдастырып, үш-төрт жыл субсидия ретінде берген дұрыс. Сондай-ақ, алыс жайылымдарға электр желісін тартуды ұйымдастырса нұр үстіне нұр болар еді. Ақылы қоғамдық негізде жүргендерді де ауыл шаруашылығы бағытына тартса деген ойым да бар.

Оңғар ЖАНЫҚҰЛОВ,

ауыл шаруашылығы саласының ардагері.

Тасшағыл ауылы

 

Қыстақтар электр желісімен қамтылуы керек

Шындығында, қазір мал өсіру жылдан-жылға өзекті мәселе болып келе жатыр. Себебі, қолда бар малды бағатын жан табылмай қиындық келтіреді. Қазір қала жастары түгіл туғанынан малмен көзін ашқан ауыл жастары мал бағудан қашады. Бұған қыстақтардың басым бөлігінде электр желісінің жүргізілмеуі себеп болып отыр. Тайсойған ауылдық округіне қарасты мал бағып отырған жиырмадан астам қыстақ электр желісіне қосылмаған. Қазіргі дамыған заманда электр жарығынсыз отыру, әсіресе жастар үшін қиын. Егер электр желісі тартылса байланыс орнатылып, теледидар көруге мүмкіндік болар еді. Реті келсе интернет желісіне де қосылар едік. Сондықтан, жастарды мал шаруашылығына тұрақтатудың бірден-бір қадамы шаруашылықтарға электр желілерін жүргізу деп білемін. Бұл тұрғыда тиісті орындар жұмыстанса жақсы болар еді.

Орынғали ШОТЫҚБАЕВ,

Тайсойған ауылдық округінің тұрғыны.

Қойшының баласы қой бағуы тиіс пе?

Мен малшының отбасында дүниеге келдім. Бауырларыммен бірге жас кезімнен қозы бағып, бұзау қайырып дегендей малмен бірге өстім. Қазір жоғары оқу орнын бітіріп келген маманмын. Бірақ мамандығыма сәйкес жұмыс табылмағандықтан жұмыссыздар есебінде тұрмын. Қазір қырдағы отбасымның жанында мал қыстатуға көмектесіп жүрмін. Түйіндемемді аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы мұнай компанияларына тапсырып қойдым. Мамандығым бойынша шақырып жатса жұмысқа кетемін. Себебі, қазіргі заманда қырда отырып мал бағу біз секілді жастарға қызық емес. Кешқұрым мал жайлап болған соң асыңды ішіп жата қаласың. Жанар-жағармай босқа кетеді деп электр моторды түнімен қосып қоя алмаймыз. Электр желісі болмағандықтан интернетке қосылып немесе теледидар да қарай алмайсың. Қатарларың ауылда, ауданда, қалада қызыққа кенеліп жүргенде ештеңе көрмей өтесің. Және де қойшының баласы қой бақсын деген заң жоқ. Олар да білім алып, заман ағымына ілесуі керек қой.

Диас БАҚТЫГЕРЕЙ.

ТҮЙІН:

Қыстың қытымыр аязында, жаздың аптап ыстығында мал соңында жүру оңай емес.

Сондықтан, зейнетінен бейнеті көп мал бағудан кім-кімнің де қашатыны анық. Алайда, кәсіптің оңайын таңдаймыз деп жүріп, ата кәсібіміз болған малшылықтан ажырап қалмайық. Әйтпесе, екі қолға бір күрек табыла бермейтін мына заманда күнкөрістің жақсаруы екіталай. Осыны кім-кімнің де түсінгені жөн.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ.

Соңғы жаңалықтар

Жарнама

banerkzleft

Фотогалерея

Күнтізбе

Редакция

 
Сисенов Бауыржан

Сисенов Бауыржан Аманұлы
- "Қызылқоға" газетінің бас редакторы

Бердіғалиев Бауыржан

Бердіғалиев Бауыржан Оқасұлы- Бірінші санатты тілші


Губайдуллин Дулат

Губайдуллин Дулат Берікұлы
- Екінші дәрежелі тілші


Тілегенова Гулмира

Тілегенова Гулмира Мақсотқызы
- Екінші дәрежелі тілші


kosybaeva-ajymgul

Қосыбаева Айымгүл Жалғасқызы
- сайтқа жауапты редактор

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 701 666 27 49     +7(7122) 45-85-21

banerkzbig