060500 Қызылқоға ауд Миялы а Қ Сәтбаев 1 +7 (71238) 21738 mialy44@mail.ru

Алтын ұядағы салтанатты шара

Өткен аптады Ы.Шөреков атындағы мектеп-гиназияның ашылғанына 10 жыл толуына орай, «Сан қыранды самғатқан алтын ұя» атты салтанатты шара ұйымдастырылды. Онда алдымен кеш қонақтары мектеп-гимназияның жетістіктері, ұстаздар мен оқушылардың қолөнер бұйымдары қойылған көрмені тамашалады. Келушілерді ерекше ілтипатпен қарсы алған оқушылар оларға гүл шоқтары мен естелік сыйлықтарын ұсынып жатты.

Салтанатты шара мектеп мұғалімдерінен құралған «Гүлдерай» бишілер тобының «Шашу» биімен ашылды.Содан соң сөз алған мектеп-гимназияның директоры Өтеуғали Дүйсәлі гимназияның құрылу тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігін баяндап, бір топ мұғалімдер мен қызметкерлерді алғыс хатпен марапаттады.

Содан кейін аудандық мәслихат хатшысы Толқын Бейсқали құттықтау тілегін арнаса, бір топ ұстаз аудан әкімінің, «НұрОтан» партиясы аудандық филиалы төрағасының, аудандық мәслихат хатшысының, аудандық білім бөлімі басшысының алғыс хаттарымен мадақталды. Ал, аудандық білім бөлімінің басшысы Амангелді Бағдаров мектеп әкімшілігіне естелік сыйлық сыйлады.

Салтанатты шара одан әрі концертке ұласып, аталмыш мектеп-гимназия оқушылары, ата-аналар тамылжыта ән салып, күмбірлете күй тартып, мың бұралы би биледі.

Сол сияқты мерейлі мерекеге орай, Миялы спорт кешенінде мектеп мұғалімдері арасында гандболдан аудандық ашық турнир өтіп, оған Тасшағыл, Қаракөл, Жаңашаруа, Ш.Еркінов, Б.Аманшин, Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектептері мен Ы.Шөреков атындағы мектеп-гимназиясынан командалар қатысты.

Нәтижесінде, І орынды Х.Досмұхамедов атындағы орта мектебінің гандболшылар жеңіп алса, Ы.Шөреков атындағы мектеп-гимназиясының командасы екінші орынға ие болды . Ал, ІІІ орында Жаңашаруа орта мектебінің гандболшылары иеленсе, Ақторғын Ғұмар «Үздік шабуылшы», Майра Ғабдуллина «Үздік қақпашы», Бекет Махмут «Үздік қорғаушы», Алтынбек Берікбайұлы «Үздік ойыншы» атанды.

Гүлмира МАҚСОТҚЫЗЫ

Редактор-Журналист