060500 Қызылқоға ауд Миялы а Қ Сәтбаев 1 +7 (71238) 21738 mialy44@mail.ru

Несие аламын десең, құжатыңды дұрыста!

Елімізде шағын және орта бизнесті дамыту бағытында қабылданған түрлі бағдарламалар аясында көптеген жұмыстар атқарылып, жүзеге асуда.

Соның бірі – «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Бастау Бизнес» жобасы. Өткен жылдан бастап іске қосылған аталмыш жобаның мақсаты қатысушыларды кәсіпкерлік дағдыларына, оның ішінде ауылшаруашылық кооперативтерін құру принциптерін оқыту, сондай-ақ, олардың бизнес жобаларын қолдауға және жаңа бизнес көздерін ашуға бағытталған.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Алтынзер Баймұратовадан білгеніміздей, аталмыш жобаға барлық жұмыссыздар, өзін-өзі жұмыспен қамтушылар және кәсіпкерлікпен айналысқанына үш жылдан аспаған бастауыш кәсіпкерлер қатысуда. Өткен жылы оларға бизнес-тренер Руслан Қабесов салық режимдері, заңнама, маркетинг негіздері, кәсіпкерліктің басқа да бағыттары бойынша кеңінен оқытты. Сондай-ақ, оқу барысында көпшіліктің алдында сөйлеу машығын да үйретті. Бұл алдағы уақытта бизнес-жобаны комиссия алдында қорғауға септігін тигізеді. Жобаға қатысу үшін міндетті түрде тестілеуден өту қажет. Бұл сынақ арқылы жобаға қатысушының кәсіпкерлікпен айналысу қабілетін анықтайды. Бір айлық оқуға қатысып сертификат алғандарға шәкіртақы да қарастырылған. Айта кетерлігі, сертификат екі жылға жарамды. Бизнес-тренерлер ниет білдірушілерге бизнес жоспар жасақтауды үйретіп, қаржы алуға да көмектесіп келеді.

Оқу аяқталған соң бизнес жобасын қорғағандар ең төменгі мөлшерлеме алты пайыздан басталатын жеңілдетілген несиеге қол жеткізеді. Алайда, «Бастау Бизнес» жобасын оқығанның сыртында оның кепілдік мүлкі болуы керек. Сондай-ақ, оның тағы да басқа бірталай шарттары бар. Өткен жылы «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 253 адам оқып сертификатқа ие болса, биылғы жылы екі кезең бойынша 85 адам білім алған. Осы азаматтардың бірқатары несие алып, қазіргі таңда өз кәсіптерін ашып немесе кеңейтіп отыр. Олар бүгінгі күні мал басын өсіру және бордақылау, мебель жасау цехын, тігін тігу цехын, фото-видео салон ашу, жолаушы тасымалымен айналысуда. Несие алушылардың басым бөлігін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ қаржымен қамтамасыз етті. Жобада оқып, бүгінгі күні өз кәсібін ашқан Жұмабай Кадуов пен Ришад Айтжанов биылғы жылы Астана қаласында өткен «Бастау түлектері-2017» форумына қатысса, алты пайыздық жеңілдікпен несие алған сағыздық Бақтыгүл Темірбаева тігін тігу цехын ашып, екі адамды жұмыспен қамтып отыр.

– Жиырма бес жылдай үйде тігін тігумен айналысып келемін. Алайда, кәсібімді кеңейту үшін қаржы жағы қолбайлау болып келді. Өткен жылы «Бастау Бизнес» жобасы бойынша алғашқылардың бірі болып, кәсіпкерлікке оқыдым. Бұл мен үшін өте тиімді болды. Бізді оқытқан бизнес-тренер Руслан Қабесов көп нәрсені үйретті. Несие алу үшін бизнес-жобаны, басқа да қажетті құжаттарды жасақтауда кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы кызметкерлерінің, соның ішінде координатор Салиха Макимованың көмегі зор болды. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы алған екі миллион теңге несиеге қажетті заманауи құрал-жабдықтар, материалдар сатып алдым. Қазіргі уақытта «Ибраһим» сауда орталығынан бір бөлмені жалға алып, тұрғындардың сұраныстарын қанағаттандырудамын, – дейді кәсіпкер Бақтыгүл Темірбаева.

Мемлекет кәсіпкерлікпен айналысамын деушілерге жан-жақты қолдау көрсетіп, бұл істі ұйымдастыруға әжептәуір қаржы бөлуде. Бұл өз жемісін беріп те келеді. Алайда, өткен жылы «Бастау Бизнес» жобасына қатысқан 253 адамның 24-і ғана, яғни, 10 пайызы несие алған. Қалғандары неге кәсіпкер атанбай отыр? Немесе несие беруде кедергілер бар ма?

Бұл жайында ауылдық округ әкімдерінің есеп беру жиынында аудан әкімі Арман Баженов:

– Кәсіп ашамын деген ниетпен «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқыған азаматтардың басым бөлігі нәтижесін көрмей отыр. Мұның себебі неде? Әлде олар тек берілетін шәкіртақы үшін оқыды ма? – деген болатын.

Бұл туралы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Алтынзер Баймұратова:

– «Бастау Бизнес» жобасында оқыған жандардың барлығы бірден кәсіпкер болуы міндетті емес. Олардың бірі білімін жетілдіру үшін, енді бірі кәсіпкерлік бағытта сауатын ашу үшін оқиды. Ал, біреулерінде жаңа идея туындап, бірер жылдан соң кәсіпкерлігін ашып жатады. Мәселен, өткен жылы жобаға қатысқан алты кәсіпкер биылғы жылы несие алса, бұдан басқа құжаттарын жасақтап жүргендер жетерлік. Оқу кезеңі барысында несие аламын деушілерге алдымен кепіл мүлкін, яғни үй құжаттарын, басқа да құжаттарды дайындау қажеттілігі айтылады. Алайда, қатысушылардың дені бұған жауапсыздық танытады да, несие алуға барғанда қиындықтар туындайды, – дейді.

Аталмыш жоба арқылы биылғы жылы кәсіпкерліктің негіздерін оқыған миялылық Мейірлан Айсағалиев барлық құжаттарын жасақтап тапсырғанымен несие ала алмай жүр. Оның айтуынша, қазіргі несие беру жүйесінде өзгерістер бар. Мәселен, мал шаруашылығымен айналысамын деушілер үшін кепілдік мүлікпен қоса жайылымдық жер, бағатын қорасы болуы керек.

– Ұзақ жылдан бері шаруа қожалығында мал бағамын. Жеке малымды көбейту бағытында «Бастау Бизнес» жобасы арқылы оқып, сертификатқа ие болдым. Бірақ, несие алуға әзірге мүмкіндік болмай тұр. Себебі, кепілге салған тұрғын үйімде мал қора болуы керек екен. Ал, мал қора шаруа қожалығында орналасқан. Бұл мәселе оңтайлы шешіледі деген үміттемін, – дейді әлгінде айтқан Мейірлан Айсағалиев.

Мейірлан секілді жобаға қатысып, бірақ несиеге қол жеткізе алмай жүргендер әр ауылдық округтерде баршылық. Олардың бірінің кепіл заттары жоқ болса, екіншілері әлі күнге дейін үй құжаттарын жасақтай алмай жүр. Енді бірінің мал жаятын жері, қамайтын қорасы жоқ болып текке уақыт жоғалтуда. Солардың бірі – сағыздық Ерік Нұрсұлтанов:

– Кәсіпкерлікке тіркеліп, кепіл мүлкінің құжаттарын жасақтаған соң несие алуға бардым. Алайда, құжаттарымды қараған менеджер маған несие берілмейтіндігін жеткізді. Осыншама уақыт жұмсап, қаржы шығындап барғанда жоспарым орындалмады, – деген уәж айтады.

Бұл тұрғыда «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Гүлзада Шалағұлованың түсіндіруінше, қорда кәсіп ашамын деген жандарға берілетін қаржы жеткілікті. Бірақ, қаржының берілу заңдылықтары бар. Ең бастысы кәсіпкердің салыққа және басқа да міндетті төлемдерге бережағы болмауы, кепіл мүлкімен қамтамасыз етілуі, несие тарихы бұзылмауы қажет.

– Қор арқылы берілетін «Игілік» бағдарламасы бойынша ірі қара және ұсақ мүйізді мал, түйе, жылқы, басқа да жануарларды сатып алу көзделген. Осы орайда, қарыз алушының өз атында міндетті түрде кепіл мүлкімен бірге мал басын ұстауға қажетті қорасы болуы тиіс. Ал, Мейірлан Айсағалиевта кепіл мүлкі болғанымен қора басқа адамның атағында. Несиеге қол жетпей жүрген жандардың басым бөлігінің несие тарихы таза емес. Яғни, бұрынғы қарыздарын кешіктіріп өтеп, «қара тізімге» ілінген. Сағыздық кәсіпкерге несиенің тимеуінің себебі де осы, – дейді Гүлзада Шалағұлова.

Ал, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Зинеш Сарбуфееваның айтуынша, жоба арқылы оқығанымен түрлі себептермен алты пайыздық несиеге қолы жетпеген кәсіпкерлерге бөлім арқылы ауыл кәсіпкерлігін дамыту бағытындағы «Бизнес аймақ» бағдарламасымен жеті пайыздық, саудамен айналысатын кәсіпкерлерге «Кәсіпкерлік» бағдарламасымен он алты пайыздық несие алуға болады.

Сайып келгенде, алға қарай жобаға қатысушылар қандай кәсіп өздеріне қолайлы екенін нақты анықтап, қажетті құжаттарды алдын ала жасақтап іске кіріскен жөн. Сонда ғана уақытты жоғалтпай алған білімдері мен тәжірибелерін қажетіне жаратуға мүмкіндік мол. Ең бастысы «Бастау Бизнес» жобасы тегін оқытылады. Демек, мемлекеттің беріп отырған осы мүмкіндігін уақыт жоғалтпай тиімді пайдаланған керемет емес пе?

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ.

Редактор-Журналист

Әкім жұмысына баға беріңіздер

Аудан әкімінің жұмысына қандай баға бересің?
Елді мекендердің тазалығына қандай баға бересіз?
Әкім тағайындалғалы ауданда жұмыссыздық деңгейі өзгерді ме?