060500 Қызылқоға ауд Миялы а Қ Сәтбаев 1 +7 (71238) 21738 mialy44@mail.ru

Бір күндік акцияда мың күндік қоқыс жиналды

Еліміз бойынша 27 шілдеде республикалық «Бірге – Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өткен болатын. Акцияның басты мақсаты – көрікті жерлер мен өзен жағалауларын тазалап, табиғаттың екінші тынысын ашу.

dejin

kejin

Аталмыш шара аясында Қызылқоға өңірінде де кең көлемде сенбілік ұйымдастырылды. Оған аудандағы он ауылдық округтегі мекемелер мен ұйымдардың қызметкерлері, еріктілер, тұрғындар мен «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбаздары қатысты. Экологиялық тазалық акциясына қатысушылар белгіленген уақытта Ойыл өзені жағалауының Жангелдин ауылына шыға беріс көпір төңірегіне көбірек жиналып, жағалауды лас-қоқыстардан тазартуға кіріскен. Әдетте бұл аймақ өзен суына шомылып, демалушы адамдардың артын жинастырмай, шашылған түрлі қалдықтарға толы болатын. Әсіресе, босаған шөлмектерден, пласмасса құтылардан, сүйек-саяқтан адам аяғын алып жүрудің өзі мүмкін емес-ті. Сенбілікке келгендер лас-қоқыстарды арнайы қаптарға салынып, жүк көліктеріне тиелеп, лезде толтырып жатыр. Одан әрі біз «Айдын» деп атап кеткен жағалауға бағыт алдық. Бұл жер де демалушылардан арылмайтын. Соның салдарынан шала жағылған отын, шашылған сүйек, босаған қалбыр мен шөлмектерге толы екен. Бұл аймақты тазалау аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімі мен «Арман» мәдениет үйінің, Миялы спорт кешенінің қызметкерлеріне жүктелген. Ұйымшылдықпен кіріскен бұл ұжымдар өзен жағалауын айнадай етіп тазартты.

a

Акцияға қатысушылар ауылдастардың жиі бас қосатын «Иін», «Жаңқабай жырасы», «Шадман түбек» деген жердегі күл-қоқысты арнайы көліктерге тиеп, тазалықты ретке келтіріп тастады. Осы жерде тазалық жұмыстарын жүргізуші Миялы ауылдық округі әкімдігі аппараты қызметкерлерін кезіктірдік. – Тазалық жұмыстарына Миялы ауылдық округі бойынша 428 адам мен 27 техника қатысты. Олар Ойыл өзені жағалауының 18 шақырымына тазалық жұмыстарын жүргізді. Барлығы отыз тонна күл-қоқыс шығып, арнайы орынға төгілді. Жалпы тазалыққа шыққан тұрғындардың белсенділігі жоғары болды. Өзен жағалауын таза ұстау керектігі жыл сайын айтылып келе жатса да, өкінішке орай демалушылар оны елер емес. Енді өзен бойына демалушылар акцияда тазалық жұмыстарын жүргізген тұрғындардың еңбегін елеп, келесіде бұл жағалауды күл-қоқыс ошағына айналдырмаса екен деген тілегіміз бар, - дейді округ әкімі Ерболат Иғали. Ал, спорт кешенінің жаттықтырушысы Руслан Нұрғалиев: – Таңғы тоғыздан бастап тазалық жұмыстарын жүргізудеміз. Бұл жерде негізгі мән беретін нәрсе – өзен бойында шөлмектен аяқ алып жүру мүмкін емес. Демалысқа шыққандардың артында қалған қоқыстардың өзіне қараудың өзі ұят. Әрине, бұл қалдықтар даладан ұшып келген жоқ. Бөтен біреу әкеліп тастаған жоқ. Барлығы да өзіміздің ауылдың адамдарынан қалған қолтаңба. Бұл – ұят тірлік. Бүгін аудан бойынша кең көлемде тазалық жүргізілді. Енді осы тазалықтан кейін даланы ластау оқиғасы қайталанбайды деп сенеміз, –деген пікір білдірді. Сөйтіп, біркүндік республикалық акция да өз мәресіне жетті. Аталған акцияға аудан бойынша 904 адам, 44 теxника қатысып, 51 шақырым бойынша тазалық жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 113 тонна күл-қоқыс шығарылды.

 

Дулат БЕРІКҰЛЫ

Әкім жұмысына баға беріңіздер

Аудан әкімінің жұмысына қандай баға бересің?
Елді мекендердің тазалығына қандай баға бересіз?
Әкім тағайындалғалы ауданда жұмыссыздық деңгейі өзгерді ме?