060500 Қызылқоға ауд Миялы а Қ Сәтбаев 1 +7 (71238) 21738 mialy44@mail.ru

Айтылған пікірлер аяқсыз қалмайды

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуін халыққа түсіндіру мақсатында Парламент Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов өткен аптаның сәрсенбісінде ауданымызға келіп, Қызылқоға және Миялы ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті. Жиынды ашып жүргізген аудан әкімі Арман Баженов жұртшылыққа Сенат депутатының жұмыс сапарымен таныстырып өтті.

Бұдан кейін сөз алған сенатор Сәрсенбай Еңсегенов: – Елбасы ұсынып отырған өмірлік маңызы бар бес бастама қазақстандық әр азаматтың, әрбір жанұяның дамуына, олардың әл-ауқатының жақсаруына, еліміздің болашағына бағытталған мәселелерді шешуге негізделген. Бұл өз кезегінде еліміздегі тұрақтылықтың сақталуының, қабылданған түрлі бағдарламалардың іске асуының кепілі десек те болады, – деді.

Одан әрі әлеуметтік бес бастаманың әрқайсысына жеке тоқталған Сенат депутатының айтуынша, биылғы жылдың 1 қаңтарында елімізде 472 919 адам жергілікті атқарушы орындарда тұрғын үй кезегінде тұр. Олардың 205 450-і әлеуметтік жағынан аз қамтылған болса, 205 543-і мемлекеттік және әскери қызметшілер. Ал, 59 406-ы ата-аналарының қамқорлығынсыз және жетім балалар болса, 2423 адам апатты жағдайдағы баспанада тұрып жатыр. Сондықтан, мұндай күрделі мәселені шешу үшін Елбасы 7-20-25 бағдарламасын ұсынып отыр. Мұндағы мақсат – азаматтарға тұрғын үй алуға жеңілдетілген жағдай жасау. Яғни, тұрғын үй алу үшін екінші деңгейлі банктерден 14-16 пайыз мөлшерінде берілетін несие енді жеті пайызбен беріледі. Бұған дейін банктер жарнаға сатып алынатын тұрғын үйдің бастапқы құнының 30 немесе 50 пайызын алдын ала салуды сұраса, енді несие арқылы үй алғысы келетін адам сол үйдің құнының 20 пайыздан аспайтын мөлшерін жарна есебіне төлесе, несие ала алады.Сондай-ақ, қазіргі тәртіпке сәйкес несие 10-15 жылға берілсе, жаңа бағдарламаға орай оның мерзімі 20 жылға ұзарады.

Қазіргі таңда қолданыстағы салық кодексіне сәйкес жұмыс істейтін қазақстандықтардың әрқайсысы өзінің еңбекақысының 10 пайызын табыс салығына төлеп келсе, Елбасы Н.Назарбаев жалақысы төмен жандарды қолдау мақсатында 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап олардың салық жүктемесін 10 есеге азайтып, бір пайыз ғана салық салуды ұсынып отыр. Бұл дегеніңіз ай сайын ең төменгі есептік көрсеткіштің 25 еселенген көлемінен аз жалақы алатындар еңбекақысының бір пайызын табыс салығына төлеп, қалғанын өзіне жаратады деген сөз. Мәселен, еліміздең төменгі есептік көрсеткіштің 25 еселенген көлемінен аз жалақы алатын екі миллионға жуық адам бар. Сонда, әр адамның жалақысына кем дегенде екі мың теңге қосылса, мемлекет шамамен 28 миллиард теңге қаржы шығындайды екен.

Бүгінгі күні еліміздің жоғары оқу орындарында білім алып жатқан 530 мыңнан астам студенттің 30 пайызы мемлекеттік грантпен оқиды. Елбасы бастамасына сәйкес жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша алдағы оқу жылында тағы да 20 мың грант бөлінеді. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің алдын ала берген мәліметіне сай 11 мың гранты техникалық мамандықтарға, бес мың гранты еңбек нарығына қажетті сұранысқа ие мамандықтарға, үш мың грант магистратураға және бір мың грант PhD бағыттарына бөлінеді деп жоспарлануда. Алдағы уақытта техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтарына бөлінетін қаржы екі есеге дейін өсіп отыр. Бұл тиісінше мамандықты игеріп жатқан жастарға сапалы білім алуға мүмкіндік береді. Бұдан басқа өткен жылдан бастап жергілікті әкімшіліктер өз тарапынан қажетті мамандықтар үшін грант беру құқына ие болды. Ал, Елбасының 2022 жылдың соңына дейін 75 мың орындық жаңа жатақхана салу туралы тапсырмасы жатақхана тапшылығын біржола шешеді деп күтілуде.

Елбасы Үндеуіндегі «Шағын несие беруді көбейту» бастамасы әсіресе ауылдық жерлер үшін аса маңызды. Себебі, елімізде жұмыссыз және өзін-өзі қамтушылар санатындағы жандар үш миллионға жуық. Сондықтан, жаппай кәсіпкерлікті дамыту мақсатында оларға несие беруді екі есеге көбейтуді тапсырып отыр. Өткен жылы 7200 адамға жалпы сомасы 32 миллиард теңге болатын шағын несие берілсе, енді соған қосымша 20 миллиард теңге бөлуді қарастырып отыр. Сонда шағын несие алатын адамдардың саны екі есеге артып, шағын несиеге берілетін мемлекет қаржысы 62 миллиард теңгеге жетеді.

Тәуелсіздік алғаннан бері елімізде екі ірі табиғи газ тарту жобасы іске асырылса, енді Елбасы тапсырмасына орай орталық және солтүстік облыстарды газдандыру мақсатында «Сарыарқа» газ тарту жобасы қолға алынбақ. Ал, Қызылқоға ауданы халқының 98 пайызы газдандырылды. Енді қалған алты елді мекенге газ құбыры тартылмақ.

Сондай-ақ, Сенат депутаты Мемлекет басшысының үндеуін түсіндірумен қатар Парламент Сенатында атқарылып жатқан ауқымды істер туралы да жұртшылықты хабардар етті.

Бұдан кейін тұрғындар тарапынан сауалдар қойылып, ұсыныстар айтылды. Бұл ретте Қызылқоға ауылдық бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Серік Тауман: – Ауылда мәдениет үйін салу туралы біраздан бері айтылып келе жатқанымен әлі күнге дейін шешімін таппауда. Сондай-ақ, Қарабау орта мектебіне салынғаннан бері күрделі жөндеу жұмысы жүрген жоқ. Ал, салынып жатқан балабақша мен дәрігерлік амбулаторияның құрылысы баяу жүруде. Осыған қозғау салсаңыз, – деді.

Оған аудан әкімі Арман Баженов:

– Әрбір құрылыс жұмысын жүргізгенде алдымен түрлі бағытта құжаттары жасақталады. Мәдениет үйі құрылысының да құжаттары реттелуде. Барлығы біткеннен кейін облыстан жобаны іске асыруға қаржы сұралады. Ал, орта мектепке күрделі жөндеу жұмысына жоба аяқталды. Бірақ мұны іске асыруға биыл үлгермейтін болғандықтан мектепке жөндеу жұмысы келер жылы жүргізіледі. Ауылда салынып жатқан балабақша мен дәрігерлік амбулаторияның құрылысы бақылауда тұр. Жұмысты жеделдетуге мердігер мекемелерге ескертілді, – деп жауап берді.

Қарабау орта мектебінің мұғалімі Әлібек Ишақовтың пікірінше, жаңадан мәдениет үйін салмастан бұрын апатты жағдайда тұрған бұрынғы ескі құрылысты бұзып тастаған абзал.«Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ жекеменшікке өтеді деген ақпарат бар. Егер бұл ақпарат шын болса бес бастамада айтыл-ған жеңілдіктерге өзгеріс енбей ме?

Сауалға жауап берген сенатор Сәрсенбай Еңсегенов «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ жекешелендірілгенмен «Президенттің әлеуметтік бес бастамасындағы» талаптар өзгермейтіндігін жеткізді.

Ауданда жануарлар арасында жойылмай келе жатқан бруцеллез ауруына алаңдаушылық білдірген «Нұр Отан» партиясы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Альберт Аққайнанов жойылған мал басына төленетін өтемақының аздығын тілге тиек етіп, аурудың алдын алу мақсатында арнайы вакцина енгізілсе деген ұсынысын жеткізді.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайырғали Базарбаевтың түсіндіруінше, аудан шаруагерлері «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» арқылы соңғы үш жылда 480 миллион теңге несие алып, мал басын көбейтті. Алайда, биылғы жылы Үкіметтен қаржы бөлінбеуіне байланысты бұл жұмыстар тоқтап, мал шаруашылығын дамытуға кедергі келтіруде. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығына бөлінетін субсидия да биылғы жылы берілмеуі ықтимал. Сондықтан, қабылданған бағдарламалар мерзіміне дейін жалғасып, субсидия берілсе игі.

Ал, бұдан кейін сөз алған кәсіпкер Сүйеуғали Дүйсәлі аудан орталығынан «ҚазМұнайГаз» жанар-жағармай құю бекеті мен екінші деңгейлі банк бөлімшесінің салынуы тұрғындар үшін тиімді екендігін, сондықтан осы мәселенің іске асырылуына оң ықпал етуін сұрады.

Сенат депутаты Сәрсенбай Еңсегенов:

– Сіздердің бұл айтқан ұсыныстарыңыз тиісті министірліктер арқылы шешілетін мәселе. Сол себепті, айтқан ұсыныстарыңызды толықтырып, қағаз жүзінде маған жіберіңіздер. Өз кезегінде мен тиісті орындарға мәселе етіп қойып, жауабын беремін. Сіздердің ел әлеуетін көтеру бағытында айтылған ұсыныстарыңыздың барлығының да оң шешімін табуға ықпал етемін, – деді.

Ауыл тұрғыны Гүлжан Айсағалиева жоғары оқу орнында математика пәні мамандығы бойынша аудан әкімдігі жанынан білім грантымен оқып жатқан қызына биыл қаржы бөлінбегенін жеткізіп, себебін сұрады.

Оның сұрағына жауап берген аудан әкімі Арман Баженов:

– Бұған дейін ауданға қажетті мамандықтарға оқып жатқан 14 студентке аудан әкімдігі жанынан құрылған білім гранты арқылы қаржы төленіп келді. Биылғы жылы білім және ғылым министрлігінің бұйрығының жойылуына және кейбір заңдылықтардың өзгеруіне байланысты қаржыландыру тоқтатылып, тек қана әлеуметтік әлсіз топтарға бір жолғы көмек ретінде төленеді. Алайда, бұған дейін білім грантымен оқып жатқан студенттердің келісімшарттарына орай оларға қаржы төлеу жолдары қарастырылуда, – деді.

Сондай-ақ, кездесу барысында сөз сөйлеген ауданның Құрметті азаматы Шапиғолла Қонысбаев пен аудандық мәслихат депутаты Мәлік Сүлейменов Сенат депутаты Сәрсенбай Еңсегеновтың аудан үшін жасап жатқан қажырлы еңбегіне алғыстарын білдіріп, алдағы уақытта да табыстар тіледі.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ.

Редактор-Журналист

Әкім жұмысына баға беріңіздер

Аудан әкімінің жұмысына қандай баға бересің?
Елді мекендердің тазалығына қандай баға бересіз?
Әкім тағайындалғалы ауданда жұмыссыздық деңгейі өзгерді ме?