Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ТҰРҒЫН ҮЙ САЛУ МӘСЕЛЕСІ БАСТЫ НАЗАРДА

Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ғимаратында аудан тұрғындарын қабылдады.

Оған «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Ожаев, облыстық мәслихат депутаты Сайын Қуанышев, аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев, облыстық басқарма, аудандық бөлім, мекеме басшылары, округ әкімдері қатысты.

dsc_0181

Қабылдауға кірген Миялы, Ойыл, Көздіғара ауылдық округі тұрғындарының басым бөлігі баспанамен қамту мәселесі бойынша көмек сұрады. Олардың айтуынша, бірқатарының тұрғын үйі болмағандықтан үй жалдап жүрсе, енді бір тобының баспаналары апатты жағдайда. Араларында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында баспанаға қол жеткізе алмай жүргендері де бар.

Тұрғын үй мәселесі бойынша жауап берген аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиевтің түсіндірунше, Қазақстан Республикасы «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңына сәйкес, баспана беруде кезектілік тәртібі сақталады. Сол сияқты, қабылдау барысында кәсіпкерлікке оқыту, атаулы әлеуметтік жәрдемақы, денсаулық сақтау саласы бағытында туындаған сауалдарға Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Серік Камидолла мен Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Байтолла Ғазизов жауап берді. Сондай-ақ, қабылдауда облыстық «Бәйге» федерациясының президенті Қайырбек Баймұратов облыс көлемінде ат спортын дамыту үшін Атырау қаласынан атшабар салуға жер бөлуін сұраса, қорғаныс істері саласының ардагері Есенбай Нұров «Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің ғимараты ескі, бөлімге жаңа ғимарат салып, автокөлікпен қамтамасыз ету қажет» деген пікірін білдірді. Бұған қоса, ол Жангелдин ауылының атауын Қазыбек би, Ойыл ауылдық округінің атауын Х.Досмұхамедұлы деп өзгерту керектігін тілге тиек етті.

dsc_0275

Қабылдауға келген тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарына облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов заң шеңберінде жауап беріп, кейбір мәселелер бойынша басқарма басшылары, аудан әкімдігі және басқа да тиісті орындармен бірлесе шешуге жұмыстанатынын мәлімдеді. Түстен кейін облыс басшысы «Арман» мәдениет үйінде өткен аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиевтің «Қызылқоға ауданының 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2020 жылғы міндеттері туралы" есепті жиналысына қатысты.

dsc_0238

Онда алдымен аудан басшысы баяндама жасады. Бұл туралы газетіміздің 30 қаңтар күні шыққан №4 санында жарияланғандықтан қайталамағанды жөн көрдік. Жиын барысында аудан тұрғындары тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлерге облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов пен аудан басшысы Нұрсұлтан Бисембиев жауап берді.

img_5368

Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы:

– Үш күндік іссапарымда ауданға қарасты барлық округтерді аралап, көптеген өзекті мәселелерді көзбен көріп, тұрғындармен кездесіп, ұсыныс-пікірлерді тыңдадық. Өздеріңіз көріп отырғандай, ауданда біраз жұмыстар атқарылғанымен шешімін таппай отырған мәселелер де бар. Соның бірі – халықты сапалы ауыз сумен қамту. Ауданда үш жылдан бері тұрғын үй салынбаған. Бұл бағытта аудан әкімінің қолға алған жұмыс жоспарын қолдап, биыл тұрғын үй салуды бастаймыз. Сонымен қатар, кейбір ауылдарға мектеп, балабақша, аурухана, мәдениет үйлері қажет. Барларының өзі ескі ғимараттар болғандықтан жөндеуге де келмейді. Алайда, барлығын бірдей шешуді ұйымдастыруға мүмкіндік жоқтығынан жүйелі түрде жоспар жасақтап, кезең-кезеңімен іске асыруды қолға аламыз. Аудан – облыс көлеміндегі ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге елеулі үлес қосып отырған өңір. Сондықтан, ауданның әрі қарай дамуына жағдай жасауымыз керек. Атқарылатын жұмыстарды барлығымыз қолдасақ қана жақсы нәтижеге жетеміз, - деді.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521