Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Тұрғын үй қарыздары қалай қаржыландырылады?

Елбасының тапсырмасы бойынша 2015 жылдан бастап жалғыз баспананы сақтап қалуға, ипотекалық қарыз алушылардың борыш жүктемесін азайтуға және олар үшін валюталық тәуекелді болдырмауға бағытталған «Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын (ипотекалық қарыздарды) қайта қаржыландыру» бағдарламасы іске асырылуда.

Аталмыш бағдарламаның бірінші бөлімі аясында 2004-2009 жылдары берілген ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру көзделген. Бұл ретте, Ұлттық Банк қарыз алушыларды қолдауға 130 миллиард теңге бөлді. Табысты түрде іске асырылып жатқан бағдарлама шеңберінде бүгінгі күні 171,4 миллиард теңге сомаға 28 мың қарыз алушыға көмек көрсетіліп, 56 миллиард теңгеден астам сомаға қарыз алушылардың сыйақы, комиссиялар, тұрақсыздық сомасы бойынша берешегі төмендетілді. Банктер бөлген қаражат толық көлемде игерілді және револьверлік тетікті ескере отырып қайта қаржыландырылған қарыздар саны 2026 жылға дейін 40 мыңнан астам болады.

Бағдарламаның екінші бөлігі өткен жылы наурыз айында іске қосылды және жеке тұлғалардың валюталық ипотекалық қарыздарын Ұлттық Банктің 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамы (бір АҚШ доллары үшін 188,35 теңге) бойынша теңгемен қайта қаржыландыруды көздейді. Бағам айырмасының сомасы (156 миллиард теңге) Ұлттық Банк қаражатының есебінен өтеледі. Банктер қарыз алушылардың сыйақы, комиссиялар, тұрақсыздық бойынша берешегін 136 миллиард теңге сомасына төмендетеді. Валюталық қарыз алушылардан қайта қаржыландыруға банктерге 9 мыңнан аса өтінім берілді, оның ішінде қайта қаржыландыруға 78,7 миллиард теңге сомаға 8 840 қарыз мақұлданды.

Бағдарламаның іске асырылуына жасалған талдау қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев Үкіметке және Ұлттық Банкке ХӘОТ санатына жататын ипотекалық қарыздарға қызмет көрсетуде қиын жағдайға тап болған ипотекалық қарыз алушыларға, сондай-ақ қарыздар бойынша міндеттемелерді орындау есебіне жалғыз мүлкі банктердің балансына өткен қарыз алушыларға қолдау көрсетуге бағытталған бірқатар шараларды әзірлеуді тапсырды. Берілген тапсырманы орындау шеңберінде, өткен жылы 23 желтоқсанда Ұлттық Банк Басқармасы бағдарламаға өзгерістер мен толықтырулар енгізді.

Бағдарламаға енгізілген өзгерістер банктердің деректері бойынша ХӘОТ санатына жатқызылған, ипотекалық қарыздар бойынша 44,6 миллиард теңге сомаға берешегі бар 7 355 қарыз алушыны қолдауды қамтуға мүмкіндік береді, бұл жағдайда олар ипотекалық қарыздарға қызмет көрсетуге байланысты негізделген қиындыққа ұшырайды. Банктің балансында тұрған тұрғын үйді қарыз алушының меншігіне қайтару мақсатында қаржы институттарына қарыз алушыны қаржыландыруды жүзеге асыру не оған тұрғын үйді кейіннен сатып алу мүмкіндігімен жалға беру құқығы беріледі. Бұл шаралар бұрын қайтарымды негізде бөлінген қаражат шеңберінде жүзеге асырылатын болады және биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Валюталық ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру мерзімі биылғы жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылды.

Махамбет МАДЕНОВ,

Ұлттық Банкі Атырау филиалы

экономикалық талдау және

статистика бөлімінің жетекші

маман-экономисі

Сурет: ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521